«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Атырау мұнай және газ университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының жұмысын жаңа деңгейге көтеру мәселесі талқыланған өңірлік семинар болып өтті.
Жергілікті «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған шараға М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная сарапшы ретінде қатысып, өзіндік тәжірибелерімен бөлісті. «Кафедралар жанынан семинарлар жиі өткізіліп, онда этносаралық қатынастарды нығайту мәселесі қозғалуы керек. Бұл іске үшінші секторды тарту да маңызды. Сонымен бірге, мұғалімдердің әлеуметтік жобаларға қатысу мүмкіндігін саралау да азаматтық қоғамды дамытудың алғышарты бола алады» деді ол.
Айта кетелік, Атырау облысы бойынша бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының үш кафедрасы жұмыс істеуде.
Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.