Біраз уақыт бұрын «Шын-ақпарат» сайтында «Қатыным» дегенге қуаныңыздар, қатындар!» деген тақырыпта мақала жарияланған еді. Онда былай деп жазылған:
Қатын – «бағым», «ырысым» деген сөз
«Қатын» сөзі дөрекі әрі басынғандық түрінде естіледі. Күйеуге шыққан қыздарды қазақтарда «қатын» дейді. Бірақ көбіміз бұл сөзді теріс түсінеміз.
«Қатын «байырғы қазақ тілінде «құтым» (бағым, ырысым) деген мағынаны берген. Уақыт өте келе дыбыстардың ассимляциялануы барысында «құтым» сөзі «қатынға» ауысыпты.
«Қатын» сөзі араб тілінде хатун – «таң нұры», ал парсы тілінде «қатун» – «түнгі ләззат» деген мағынаны білдіреді.
Осыдан 1500 жылдай бұрынғы ата-бабамыз Көктүріктердің сына жазуларында да «қатын» сөздері кездесіпті.
«Қатын» сөзі байырғы түсінікте қазіргі қазақ тіліндегі «ханым» дегенді білдіреді. Себебі, түркі жазуларында оның мағынасы сондай. Тағы бір жерлерде «қатын» сөзінің төркіні ежелгі түркілер дәуірінен бастау алғаны жайлы, ерте көктемде гүлдейтін бәйшешек гүлінің хош иісін «хотун» деп, сол иіске әйел затын теңестіргендігі жайлы айтылыпты. Қай дерекке иек артсақ та, «қатынның» мағынасы дұрыс сияқты.
Ал қазір «әйел» деген сөзді әспеттейтін болдық. Көбіміз әлі күнге «қатыннан» қашып, «әйелді» ардақтап жүрміз. «Әйел» парсы тілінен енген «әййәл» – сайқал, жезөкше деген мағынаны білдіретін сөз.
Әйел «жезөкше» деген мағынаны білдіре ме?
Осы мақаланы оқыған бір азамат «Ислам.кз» сайтына екі сөздің қайсысын қолданған дұрыс, әйел сөзі шынымен жезөкше деген мағынаны білдіре ме деп сауал жолдаған екен. Оған мамандар былай деп жауап берген:
«Құрметті сауал жолдаушы, біріншіден, «әйел» сөзінің парсы тіліндегі баламасы – «zaen» немесе «хоным». Хоным деп, көбінесе өте сыйлы әйелдерге қарасты айтылады.
Екіншіден, қазақ тіліндегі «әйел» сөзінің негізі парсыдағы «Йиәәл» сөзінен шыққан деген күннің өзінде сөздікте парсы тілінен енген делінген ол сөз – парсы тілінде «жезөкше» дегенді емес, «жұбайым» деген мағынаны білдіреді. Ал жезөкшені парсы тілінде «фахиша» деп атайды. Сондықтан да, әйел сөзінің түпкі мағынасын «сайқал», «жезөкше» дегенге саяды деу бекершілік.
Оның үстіне, «Йиәәл» сөзінің өзі парсы тіліне арабшадан енген. Араб тіліндегі түпкі мағынасы: «отағасының қарауындағы отбасы мүшелері». Ендеше, «әйел» сөзінің шыққан жерін қазбалайтын болсақ, оның түбі фариси емес, араби тілге барып табан тірейді екен. Дегенмен, екі тілдің қайсысына тиесілі етсек те сұрақта көрсетілген ұғымдарды білдірмейді.
Ендігі жерде, шариғатта үкім қоярда әр елдің өз ана тілінде қалыптасқан мағынасы негізге алынады. Жергілікті халық қай мағынада қолданған болса, сол мағына назарға алынады. «Усулуль Фиқһ», яғни «фиқһ әдістемесі» ғылымында «ақиқат» және «мәжәз» деген арнайы тарау бар. Қандай да бір сөздің түпкі мағынасы сол қалпында сақталып, басқа ұғымға ауыспай қолданылуын «ақиқат» дейміз. Мұны «ақиқи мағына» деп айтсақ болады. Мысалы, «адам туылды» деген сөйлемдегі «адам» сөзі ақиқи мағынасында қолданылып тұр. Ал, егер, қандай да бір сөз негізгі мағынасында емес, ауыспалы мағынада қолданылып тұрса, оны «мәжәз» дейді. Мысалы, «Ол – қасқыр жігіт» делінсе, мұндағы «қасқыр» сөзі ауыспалы мағынада қолданылып тұр. Жігіттің қайсарлығын, батырлығын ұғындыру үшін айтылған сөз. Демек, шариғатта «әйел» сөзінің қазақ тіліндегі ақиқи мағынасы – «нәзік жандылар» деген ұғымда.
Енді, «қатын» деген дұрыс па, әлде «әйел» деген жөн бе?» дегенге келер болсақ, мұнда да жалпы халық арасындағы қолданысты негізге алуымыз тиіс. Мысалы, бізде қатын сөзін бәріне бірдей қолдану әбестік. Оны көбіне дөрекілікке, әдепсіздікке балап жатады. Сондықтан да, «әйел» сөзін қолдану қалыптасқан. Осыған орай «әйел» сөзін қолданған жөн».
…Мамандар осылай дейді. Ал біз екі сөздің қайсысын қалай қолдануды патша көңіліңізге қалдырдық.
Дайындаған – М. СЕМБЕК