2018 жылдың қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек мөлшері орташа алғанда 25 пайызға артады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты — деп хабарлайды jasqazaq.kz тілшісі.
Министр «2018 жылдың бірінші қаңтарыннан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілгелі отыр. Жаңа форматтағы жүйе әлеуметтік көмектің атаулығын күшейту, берілетін жәрдемақыларды біріктіре отырып, азаматтар үшін оңтайландыру және олардың мөлшерін көбейту мәселелерін шешетін болады. Бұл мақсаттарды орындау үшін біріншіден, қазіргі таңда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін үш түрлі жәрдемақылар, яғни азаматтардың табысына қарамастан республикалық бюджеттен тағайындалатын арнаулы жәрдемақы төленеді. Отбасылардың табысына қарай анықталатын және жергілікті бюджеттен төленетін балалар жәрдемақысы мен атаулы әлеуметтік көмек біріктіріліп, бір атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілетін болады» — дейді жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек жөнінде. Министрдің айтуы бойынша, бұрын азаматтар осы үш жәрдемақыны алу үшін үш пакет құжат даярлап, үш түрлі мекемеге баратын болса, енді жаңа жүйе аясында бір пакет құжат даярлап, бір мекемеге, яғни жұмыспен қамту орталығына барады екен.
Жаңа жүйені енгізуге байланысты әлеуметтік көмекке бюджеттен қосымша қаржы бөлінген. «2018 жылдан бастап берілетін жәрдемақының мөлшері қазіргі беріліп жүрген үш жәрдемақының жалпы сомасынан орташа есеппен 25 пайызға жоғары болады. Бұл үшін ендігі жылдың бюджетінде қосымша 42,8 миллиард теңге қаралып отыр», — дейді Тамара Дүйсенова. Сондай-ақ мұндай қомақты қаражат аз қамтамасыз етілген отбасыларға шартты түрде берілетіндігін ескертті.