Асылы Осман: Тұғыр тек мемлекеттік тілде болады

25 қараша 2022, 11:20

Асылы Әлиқызы жарты ғасырдан бері қазақ тілінің жоғын түгендеп, туын көтеріп келе жатқан жан. Гүржістаннан мәжбүрлеп көшіру дүрмегімен үш жасында қазақ даласынан пана тапқан Османның ұрпағы – бұл күнде елдің беделді қайраткері. Асылы апаның есімі аталғанда қазақ тілінің мәселесі қатар айтылатыны да белгілі. Өйткені қазақ тілінің жоқшысы, өзі айтқандай, «Махамбеттің тілінде қиып түсер қылыш» болып, келелі мәселелерді көтеріп жүр. Қайраткермен сұхбатымыздың негізгі арқауы да тіл мәселесі болды.

Jas qazaq: Асылы апа, сексеннің сеңгіріне шықсаңыз да, елдік мұрат-мүдде жолындағы мәселеден шет қалған емессіз. Бүгін де өзіңізбен сұхбатқа келіскенде, қоғамдық ұйымның жиынына баратыныңызды айттыңыз. Саналы ғұмырыңыздың 50 жылдан астам уақытын қазақ тілінің өркендеуіне арнап келесіз. Алғашқы сұрағым мынау: өткенде отандық кәсіпкер Мухоряповтың «Қазақстанда орысша сұрақ қойғанға қазақ тілінде жауап беру – мәдениетсіздік» дегені жұрттың шамына тиді. Қоғамның қан қысымын көтерген осы жайтқа қандай пікір айтасыз?

Асылы Осман: Тіл туралы айтқанда көмейге кеп көп дүние кептеледі. Алла қазақтың тілін зор етті, бірақ білмейтіндей қор етіп отыр. Өзім Қазақстанда кімге болса да алғаш кездескенде қазақ тілінде сәлемдесемін, ал егер ол қазақ тілін білмесе, орыс тілінде амандасам. Оны ешкімнен жасырған емеспін. Тіл деген қылдан да нәзік дүние, түсіне білгенге. Әркімнің өзінің ана тілі бар, сосын өзің өмір сүретін еліңнің мемлекеттік тілі бар. Ана тілі әркімнің өзі үшін керек. Қазақстанда оған еркіндік берілген. Өзіңнің ана тіліңде үйіңде сөйле, тіліңді, әдет-ғұрпыңды сақта, салт-дәстүріңді ұстан, оған ешкім де шектеу қоймайды. Тіпті қазір сіз екеуміз дидарласып отырған «Достық үйінде» өзге ұлттың өкілдеріне ана тілін оқуына, әдет-ғұрпын ұстануына жағдай жасалған. Мемлекеттен тіпті қаржы да бөлінеді осы шараға. Бұдан артық енді қандай қамқорлық керек? Әркімнің өзінің ана тілі – жалпы есім, туған тілі – жалпы ұғым. Мемлекеттің тілі, өзің өмір сүретін елдің тілі деген ұғым, түсінік бар. Осынау байтақ даланың иесі, қазақ тілінің киесі – қазақ. Әлемде тоғызыншы орын алатын ұлан-ғайыр жердің жоқшысы да, қазақ тілінің қайрағы да – қазақ. Заманында Ахмет Байтұрсынұлы «Байтақ жер де, бай тіл де қазақтікі» деген. Олай болса, осы елде ауасын жұтып, суын ішіп, топырағын басып жүрген жанның тілді білуі – міндеті, адами асыл борышы. Сол борышымызды әрбіріміз міндетті түрде атқаруға тиіспіз!

Ана тілі жалпы есім, ұғым болса, мемлекеттің тілі дегеніміз жалқы есім, дара ұғым. Ендеше мемлекеттік тіл – Қазақстанда өмір сүретін әрбір азаматқа ортақ тіл. Сондықтан да ортақ тілді баршамыз білуге міндеттіміз. Егер әрбір адам өзін түйсігінің тереңімен бағамдап, Қазақстанның азаматы екенін сезінер болса, ары мен ұяты, намысы жібермесе, қазақ тілін меңгеруі тиіс деп санаймын. Сондықтан да әлгі өзің айтқан кәсіпкердің ойын шатасу деп түсінемін. Өзің өмір сүретін елдің мемлекеттік тілін білмеуің нағыз мәдениетсіздік дер едім.

Jas qazaq: Сіз айтып отырған жалқы есім – мемлекеттік тілді өзінің дәреже-деңгейіне көтеру үшін қайтпек керек? Тілді дамытамыз деп түрлі реформа да жасалды, әлі де іске асып жатқан жобалар көп. Неге нәтиже жоқ?

Асылы Осман: Жаңа да сөз басында айттым, қазақ тілін Жаратқан зор етті, білмейтіндей қор етті деп. Қор етпегенде немене, менің елімде қазақ тілінің қажеттілігін әлі де арттыра алмай келеміз. Не болмаса, қазақ тілі тамыры тереңге жайылуы керек деген талап та қоймаймыз. Сұраныс та төмен. Қажеттілігін арттырмасақ, талап қойып, сұраныс болмаса, әркім де немқұрайды қарайды. Қазір қараңызшы, қызметке қабылдайтын кезде, құжат тапсырарда, емтихан сынағын аларда қазақ тілін білу-білмеуіңді сұрамайды.

Басшылық өздерінің ыңғайына орай, ортақ орыс, болмаса ағылшын тілін қаншалықты білетініңізді бағамдайды. Неліктен бұлай саралайды? Менің ұғына алмайтын, қауашағым қабылдай қоймайтын нәрсем осы, қарағым. Қазақстанда тұрып, суын ішіп, жерін басып жүріп, мемлекеттік тілді білмеу, үйренуге ұмсынбау, қызықпау дегенді түсіне алмай келемін. Әлде біз талап қоя алмай жүрміз бе? Топырақтың иесі де, киесі де қазақ болған соң, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Ата-бабасынан дарып, жасасып келе жатқан байырғы тіл ешқашан өзгермейді. Өзгермейтіні – тіл дегенің ұлттың жаны, рухының үні, ең құнды дүниесінің алтын қоймасы. Ертеректе «Тіл ортақ болмай, қоғам топтаспайды» деген мақала жазғанмын. Қазақстандағы ортақ тіліміз қазақ тілі болғанда ғана біз тіл мәселесіне алаңдамаймыз. 2006 жылы Қазақстан Халқы ассамблеясының сессиясында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі – ұйыстырушы негізгі фактор, соған бәріміз күш салып, осыны білуіміз керек» деді. Айтуымыз бар да, жүзеге асыру және бар. Осы жайт жыл сайын айтылып келе жатыр, бірақ жүзеге асыруға келгенде тым шабанбыз, қимылымыз да өте сылбыр. Кім болса да айтылған нәрсені орындауға дағдылану керек. Ата заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай айқын жазылып тұр. Екінші тармағында орыс тілін әу баста ұлтаралық тіл, кейін «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деді. Осы баптың үшінші тармағында Қазақстан халқының тілдерін үйретуге, дамытуға мемлекет жағдай жасайтыны жазылған. Ал енді біз мемлекеттік тілден аттап өтіп, екінші тармақта жазылған ресми тілде сөйлеуге, жұмыс-жоспарымызды сол тілде жүргізуге ұмтыламыз. Бұған кімді кінәлаймыз? Менің ұғуымша, бұған бәлен кінәлі деп айтуға болмас. Бұған айыпты үш тармақ бар: оның біріншісі – отбасы, екінші – мектеп, үшінші билік басындағылар. Үшеудің ішіндегі сүйектісі – биліктің бишігінде отырғандар. Ақ жағалылар Қазақстанда мемлекеттік тілдің қажеттілігін арттыруы керек. Үлкен мансап, лауазымды қызметке тағайындалатын кезде ең алдымен мемлекеттік тілден сынақ тапсырсын. «Қазақ тілін білмесең, қызметке қабылданбайсың» деген қатаң талап қою керек.

Jas qazaq: Бұл талабыңыз орынды. Еліміз егемендігін алмай тұрған тұста, 1989 жылы сіздің қазақ тіліне қатысты соқталы мәселені көтеріп, қоғамның тамырын дөп басқаныңызды білеміз. Айтпағым, жарты әлемге әмірін жүргізген КСРО империясының шынысы шытынап, сүбе қабырғасы сөгіле бастаған тұста сіздің қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, туын ұстаған сол пікіріңіз талайдың көңіліндегісін дөп басқан еді.

Асылы Осман: Сол кездегі Шымкент облысы, қазіргі Түркістан облысына келген басшыға айтқан пікірімді сұрап отырсың ғой. «Түйеге жантақ керек болса, мойнын иіп, тілін орап тістеп жейді. Сіз қазақы қаймағы бұзылмаған өлкеге қызметке келіп отырып қазақ тілін білмесеңіз, басшылық тізгінді ұстай алмайсыз. Ең алдымен, тілді білуіңіз керек, қажеттілігін үйренгеніңіз жөн» дедім. Біз басшылық қызметке барған шендіге осылай талап қоя алғанда ғана тілдің мәселесі туындамайды. Сізге бір ғана мысал айтайын. Мәселен, балаңызды шетелге оқуға жібердіңіз. Польшаға делік, балаңыз міндетті түрде поляк тілін үйренеді, өйткені қажеттілік туындап отыр ғой. Балаңыз тілді білмесе, нан сұрап жей алмайды, оқуында қиындыққа кезігеді. Өзіне қажет болған соң бір жылдың ішінде тілді тәп-тәуір меңгеріп алады. Өйткені ертең одан ұстазы сұрайды, сабағындағы тапсырмаларды орындауды міндеттейді. Тілді білмеген бала бұл талапты қалай орындайды? Содан кейін амал жоқ, сол елдің тілін үйренуге мәжбүрлік туады. Міне, міндеттеме деген осы. Әлемдегі ең қиын тіл тобына жататын хинди, хансу тілін де үйреніп жатқан жоқ па?
Менің елімде асауға бар да, жасауға келгенде болмай отыр. «Жатырқау – жаттың ісі, жақындау – хақтың ісі» дейді. Тілге келгенде кертартпалыққа салынып, жатырқап тұрамыз. Мен мұны саған қазақтың тілі құрдымға кетеді, суалады деп қауіп еткеннен айтып отырған жоқпын. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне тек Қазақстанда ғана ие. Ендеше неге біз өзінің тұғырына қондыруға құлықты емеспіз?

Қазақ – жаратылысы бөлек халық. Ешкімді де жатсынып, жатырқамайды, кім болса да бауырына басуға асық. Бірақ «Дос болғанға туыс, қас қылғанға қиып түсер қылыш» екенін де естен шығармау керек. Тумысынан таза, арамдықтан ада, қиянаттан шет, жеті атасын жетік білетін, аразды татуластыратын, алысты жақындастыратын ғажап ұлт болса, ол – қазақ халқы. Дарқандығы даласынан дарыған, тектілікке бабасынан жарыған менің қазағымның кеңдігі, көңілінің көлдігі орасан шексіз. Жаратушының адам баласына тартқан сыйының ең сүбелісі де, негізі де, ардақтысы, құдіреттісі де осы тіл. Біз мемлекеттік тілдің төңірегіне ұйысып топтасқанда ғана ертеңіміз ерен болады. Тілді білу бар, түйсіну керек, жүрегіңнен өткізе қабылдау парыз. Қабылдау да аздық етеді, орындау керек. Ата заңымызда айқын жазылған норманы жаппай орындауға келгенде шегіншектей береміз. Кеудеңдегі жұдырықтай кесек етте мемлекеттің ұстыны – тіліне деген құрметі, ықыласы болғанда ғана тілді меңгеру қиынға соқпайды, ауыр салмақ та салмайды, шынайы ниеттен бәрі. Тас мұқалып құм болады, темір тозады, адам өмірден озады, мәдениетті де, тарих, руханият, әдебиетті де ұрпақтан ұрпаққа жалғайтын алтын көпір – көмейдегі сөз бенен таңдайдағы тіл ғана. Сөз тас жүректі де жібітеді. Қазақтың тілі құдіретті, тасты да жібітетін киелі. Осының бәрін орындау үшін әрбір адамда ар мен намыс оянып, бой көрсетсе болғаны. Кезінде марқұм Герольд Бельгер «қазаққа ар мен намыс жетіспейді» деген еді. Бәріне топырақ шашпаймын, кінә артпаймын, қазақ тілінің келешегі үшін қылша мойны талша болып, басы байлауда кетер болса да тайынбайтын жанартаудай жалындаған жүректі, елжанды, ұлтжанды азаматтар бар. Бірақ бізде әлі де жалтақтық, табансыздық, тайғанақтық, солқылдақтық басым осы тіл мәселесіне келгенде. Жоқтай беруге де болмайды, бетбұрушылық бар, дегенмен жалпыхалықтық тілге айналдырып, өзінің тұғырына қондыра алмай келе жатқанымыз – ащы да болса ақиқат.

Асылы Осман: Тұғыр тек мемлекеттік тілде ғана болады. Өзге ресми, шет тілдеріне тұғыр тән емес. Сол кезде тұғыр тек қазақ тіліне тиесілі екенін жіліктеп тұрып мақала жаздым. Ағылшын тілі Ұлыбританияда өзінің тұғырында тұр. Орыс тілі Ресейде жүздеген жылдар бұрын-ақ тұғырына орныққан. Тек қазақ тілі ғана тұғырына жетпей тұр, біздің борышымыз да, міндетіміз де Қазақстанда мемлекеттік тілді тұғырына шығару.

Мен Махамбеттің тілін қылыш ету үшін, Абайдың, Ахметтің, Міржақыптың, Мұхтардың тілін ырыс ету үшін үйрендім. Орайы келіп, сәті туғанда қазақтың тілі өткір, қиып түсер қылыштай бетіне басамын, осы күнде елдің ықыласына бөленуім де қазағымның тілінің ырысынан деп пайымдаймын. Мұның барлығы да көкте – Жаратқан, жерде қазақтың арқасы деп білемін.

Jas qazaq: Сізге қылыш, ырыс болып келе жатқан қазақ тілі, мемлекеттік тілге қатысты жуырда Премьер-Министр Әлихан Смайылов бұдан былай Қазақстан азаматтығын алуға ынта танытып, құжат өткізген шетелдіктер ана тілімізден емтихан тапсыратынын, сынақтан сүрінгендерге азаматтық берілмейтінін айтты. Жарты ғасырдан бері өзіңіз шаршамай-талмай күйттеп келе жатқан мәселенің маңызын дөп басқан секілді осы талап.

Асылы Осман: Үкімет басшысы осы ақпарды айтқанда төбем көк тіреп қуандым, қос қолымды көтере қуаттап, қолдаймын. Менің де айтып келе жатқаным осы мәселе. Біздің елде де президенттік сайлауға ықылас танытқан кандидаттардан мемлекеттік тілден емтихан алады. Неге біз министрден, олардың орынбасарларынан, басқарма басшыларынан да мемлекеттік тілден сынақ алмаймыз? Осы елдің билік тізгінін ұстауға ұмтылған әрбір шенеуніктің санасында қазақ тілін білмесе, шенеунік бола алмайтынын сезінсе, өзі үшін-ақ меңгеріп алады. Менің тілім мемлекеттік мәртебесіне толыққанды жетіп, тұғырына қонсын десек, басшылық қызметтегі кез келген шендіден қазақ тілі бойынша сынақ алу керек. Тілді білген адам ғана ұлттың жанын түсінеді, білмейтін пенде ұқпайды, болмысына бойлай да алмайды. Басшыны сынақтан өткізіп, саралап барып сайласақ, ол қарауындағылардан да соны талап етер еді. Өскелең ұрпақ та мұны көріп ойланады. «Келешекте басшы болу үшін қазақ тілін білу парыз» деген аманат арқалайды. Сондықтан да Үкімет басшысының айтқаны енді жүзеге асырылса екен деп тілеймін!

Jas qazaq: Жаңылмасақ, отбасыңызбен Қазақстанға жер аударылғанда үш жаста болдыңыз, есіңізде жоқ шығар, сол дүркін көш, мәжбүрлі қоныс аудару науқаны.

Асылы Осман: Өзің айтпақшы, үш жастағы баланың есінде не қалсын, қарағым-ау. Кейін білген соң, үлкендердің айтуынша, дәл бүгінгі күні (14 қараша – ред.) осыдан 78 жыл бұрын бізді туған мекенімізден көшіріпті. Түннің ортасында американдық машинаны көлденең қойып, әскер қоршап, азан-қазан ауылды теміржолға әкеліп тиеген. Адам жөнелтетін вагондар болса бір сәрі, мал таситын, жүк артатын вагондарға кептеп салып аттандырған. Сонда ошақта қазаны, үйінде төсегі жиылмай қалған. Көпшілігі қайтып ораламыз деп құжаттарын да алмай тығып кеткен екен. Әскерден оралған ер-азаматтарды өздерінің қолымен салған теміржол арқылы қазақ даласына әкеліп төкті. Әрбір стансадан тоқтаған сайын адамдарды түсіріп қалдырып кетіп отырған. Бізді Түлкібас ауданының Жаңаталап деген ауылына әкелді. Қазақтың жарты жанын жарып, бүтінін бөліп беріп, боранда пана, аптапта сая болғанының арқасында өсіп-өндік. Өздері ішер асқа, киер киімге жарымай отырса да, көңілінің кеңдігі, дарқандығы арқасында жатты бауырына басып, құшағына қысты.

1989 жылы «Мен қазақ халқына мәңгі қарыздармын» дегенді осындай жақсылықты көріп, бойжеткен соң мақтанышпен жаздым. Қашанда мақтанып айтып жүремін, Түлкібастың сүйем жері сүйкімді, қарыс жері қасиетті, суы тұнық, ауасы таза. Біз, міне, осындай жұмақ мекенде өсіп есейдік, осы күнге жеттік. Анамыз өмірден ерте озды, әкеміз шаңырақ құрмай, төсек жаңғыртпай бізді жеткізді, көрші-қолаң, ел-жұрттың арқасында еркін өстік.

Jas qazaq: Сұрағым келгені, үш жасында келген бүлдіршінге қазақ тілін, өзге халықтың тілін үйренуге жаңаталаптық балақайлардың үлесі зор шығар. Ойын баласына ұзақты күн көппен араласып жүріп, жергілікті халықтың тілін үйрену қиынға соқпаған болар?

Асылы Осман: Әрине, көшіп келген ауылымызда қазақылықтың иісі аңқып тұрғандықтан, тілді білмеуің мүмкін емес еді. Адамда ниет, ықылас, адалдық, тазалық болғанда ғана түзеледі, ортасына бейімделеді. Төле би бабамыз: «халқыңа әділ бол, досыңа адал бол, дұшпаныңа қатал бол» деген. Мені де тәрбиелеген ортам, қазақылықты бойыма сіңірген өскен ұям, Жаңаталап ауылым. Қазақ сені жатсынбай бауырына басып, барын бөліп беріп тұрғанда сенің де оған қайтарымың болуы керек қой. Қазақтың ерекше қасиеті – жығылғанды сүйейді, сүрінгенді демейді, қатарға қосылса екен деп көмек көрсетеді. Біз осындай елдің ішінде жүріп, жансебіл өмір өткелінен де өттік. Сондықтан да қазақ халқына әрқашан қарыздармыз, мұны естен шығармау керек.

Қазақстанда қазір, шүкіршілік, бәрі бар. Бірақ бір «әттеген-айы» дейміз бе, қазақтың жаны, ұлтының ұстыны, алтын қоймасы тілінің дамуы кенжелеп тұр. Ұлттың жан-дүниесімен біте қайнасып кеткен қазақ тілін меңгеру әркімнің парызы деген ұғым қалыптасқанда біз мұратқа жетер едік. Өз басым екі отан дегенді онша қабылдай қоймаймын. Адам баласы қай елде өмір сүреді, сол ортасы оның отаны саналуы керек. Өзінің өмір сүріп, жан бағып отырған мемлекетін Отаным деп қабылдап, тілін ардақтап, салт-санасын құрметтеп, ғұрпын қадірлеуі тиіс кім болса да.

Jas qazaq: Қаралы қаңтар оқиғасына да жылға жуықтады.

Асылы Осман: Қарағым, қаңтардағы қасіретті есіме алғанда өне бойым қалтырап, көңілім босап кетеді. Тарихымызда өз елімізге өзіміз қастандық жасау дегенді көрмек түгілі, естіп пе едіңіз? Қазақ оққа тоқтамағанымен де, сөзге тоқтаған халық едік. Қаңтар оқиғасынан кейін де сұхбат алғанда өзімнің пікірімді айтқанмын, бұл бір ұйымдастырудың ықпалымен, ұзақ уақыт тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде іске асқан озбырлық екенін ескерткенмін. Дүрмекке ілесіп қаншама жастарымыз оққа ұшты, қамалғаны қаншама, тонаушы топтың ықпалымен қиратушылар арасында кеткендері де бар. Жаратқан еліме енді мұндай қасіретті көрсетпесін деп тілеймін. Қираған кешен, тоналған дүкен, өртенген көлік қалпына келер, орны толар, ал көшеде бейсауат кетіп бара жатып оққа ұшқан, дүрмек арасында ажал тапқандардың өмірі орала ма? Осыны ойлағанда жүрегім қан жылайды. Бейбіт елімізде енді мұндай озбырлық болмаса екен.

Jas qazaq: Сұхбатыңызға рахмет, аман болыңыз!

Сұхбаттасқан
Қуаныш Нұрданбекұлы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?