«АСЫЛ МИРАСҚА» алғыс көп

23 ақпан, 11:35

Соңғы жылдары Президент тапсырмасына сәйкес елімізде ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балаларға айрықша көңіл бөлінуде. Оларды оқыту, әлеуметке және қоғамға бейімдеу – ұстаздар қауымының ғана емес, тұтас мемлекет алдында тұрған келелі мәселелердің бірі. Ерекше білімге қажеттілігі бар жас өркенге қамқорлық жасау – асыл борыш деп білген Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті билігі бұл мәселеге басымдық беріп отыр. Белгілі меценат Болат Өтемұратов қорының «Асыл мирас» аутизм орталығын ашу туралы ұсынысын алғашқылардың бірі болып қолдаған да Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі болатын. 

Жастары қырыққа таяған петропавлдық Ирина мен Андрей үшін үлкен ұлы мен қызы есейіп кеткен соң, тағы бір сәби сүю арман еді. Бірақ Жаратқаннан қанша тілегенімен, тілектері қабыл бола қоймапты. Ерлі-зайыптылар барлық жағдайды таразыға салып, ұзақ ойланып-толғана келе, ұл мен қыздың барына шүкіршілік етіп, тәубесіне келген кезде, отанасының бойына бала бітіп, отбасын қуанышқа бөледі. Бірақ Ирина үшін жүктілік оңайға соққан жоқ. Нәрестенің басына қан кетіп, ауыр босанды. Оляның 1 жас 8 айында аутизм дертіне шалдыққаны анықталғанда, төбелерінен жай түскендей болды…

«Қызымыз өз аты аталғанда мән бермейтін, ешқандай қимыл болған жоқ, адамның көзіне тура қарамайтын, тәртібі де өте нашар еді. Тез ашуланатын, 3 жасқа дейін емізік емді. Интернет арқылы Астанада осындай балаларға арналған орталық бар екенін біліп, сәбиімізді диагностикаға апардық. Мамандар диагнозын анықтап, кезекке қойды», — деп бастады өз әңгімесін Ирина Симонова.

Кезегі келген кезде ол Астанаға тағы барып, қызын емдеуге даяр еді. Жалғыз Ирина емес, мұндай ата-аналардың қарасы қалың. Мәселен, 12 жасар Әділеттің анасы Динара да отағасымен ақылдаса келе, елордада пәтер жалдап, ұлын емдеуге дайын болғанын айтады. Олардың бағына қарай, 2019 жылы қазан айында Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің және Болат Өтемұратов қорының қолдауымен Петропавлда «Асыл мирас» орталығы  ашылды. Орталық басшысы Назгүл Төртұлованың jasqazaq.kz ақпарат агенттігіне берген мәліметіне сәйкес, осы уақыт ішінде білім мекемесі бір мыңнан астам балаға тегін көмек көрсетіпті.

АУТИЗМ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПАЙДАСЫ ЗОР

Соңғы жылдары бүкіл әлемдегідей, елімізде де аутизмге шалдыққан балалардың саны артып барады. Статистикалық дерекке қарағанда, олардың саны бүгінде 12 мыңнан астам. Шын мәнінде, бұдан да көп болуы ғажап емес. Сондықтан аутизм орталықтары қажет-ақ. Бүгінде Қазақстанның 13 қаласында «Асыл мирас» аутизм орталығы нәтижелі жұмыс істеуде.

«Түзету жұмыстары «Асыл мирас» орталығынан басталғанына ризамын. Қызым бірден ерте жастан қолдау тобына түсті. Құралай Сақтағанова деген педагогтың сапалы жұмысының нәтижесінде біз бір курстан соң-ақ айтарлықтай жетістікке жеттік. Орталықта біз ерте қолдау, әлеуметтендіру  және екі рет оқыту дағдылары курсынан өттік. Әр курстан соң қызымның білім-біліктілігі артып, тәртібі жақсара түсті. Орталықтың көмегі зор, өте ризамын. 6 жарым жастағы қызым өз ауытқушылығына қарамастан, биыл жалпы білім беретін мектептің табалдырығын аттағанына шүкіршілік», — дейді Ирина Симонова.

Аутистік спектрдің ауытқуына шалдыққан 13 жасар Әділжан да бүгінде тең құрбыларымен бірге жалпы білім беретін мектепке барып жүр. «Асыл мирастың» арқасында оның бойында өз-өзіне деген сенім пайда болып, қарым-қатынас дағдылары жетілгенін анасы Индира жасырмайды. «Балам жаңа достар тапты деп айта алмаймын, бірақ бәрін таниды және жақындауға, сәлемдесуге, сөйлесуге тырысады. Мұғалімдерді де дос санайды, әрі оларды өте жақсы көреді, олармен кездесуді асыға күтеді», — дейді Индира.

Бүгінде 12 жасқа келген Әділет 7 жасында ең алғаш осы орталықтың курсынан өткенін, нәтижесі жақсы болғанын анасы Динара да ашық айтты. «Жұмыстан қол үзбей, басқа қалада пәтер жалдау шығынынсыз,  өзіміздің тұрғылықты жерімізде осындай қызмет алу мүмкіндігі пайда болғанына қуаныштымыз. Ол кезде баламның сөйлеу қабілеті, зейіні және қарым-қатынас дағдылары нашар дамыған-тын. Бірінші курстан соң-ақ оң өзгеріс байқалды. Орталықтың мамандары жоғары білікті, мейірімді және өз білімдерін ұдайы жетілдіріп отырады», — дейді Динара.

Айта кету керек, ата-аналар курс аяқталған соң да әр түрлі сұрақтармен орталыққа жүгіне алады. Сондай-ақ тыңдаушылар түрлі іс-шараларға шақырылады.

ДӘРІМЕН ЕМДЕЙТІН ДЕРТ ЕМЕС

Орталық басшысы Назгүл Төртұлованың айтуынша, мұнда балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің жолдамасы бойынша келеді. Бір «әттеген-айы», қолданыстағы заңнама бойынша 50 мың тұрғынға бір ғана кеңес қарастырылғандықтан, кезек көп.

«Сондықтан ПМПК-ның жолдамасы бір жыл бойы күшін жоймайды. Келген балалармен біздің мамандар үш ай бойы үздіксіз жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде аутизмге шалдыққан әр балаға 36 сабақ беріледі. Осы жиынтық бір курс болып есептеледі. Үш айдың ішінде шамамен 75-80 балаға өз қызметімізді ұсынамыз», — деп түсіндірді Назгүл Аққозықызы. Олармен үш айлық жұмыс аяқталған соң, кезекте тұрған басқа балалар қабылданады.

Аутизм – дәрі ішіп жазылып кететін дерт емес. Бұл – адамның психикалық жағдайы. Сол себепті үш ай аздық етеді. Дұрысында — оқу үрдісі өмір бойы жүргізілуі тиіс. Басты күш оларды қоғамға қосуға, әлеуметтендіруге жұмсалады. Орталықтың кейде бір балаға бір жыл ішінде екі рет көмек көрсетуге мүмкіндігі бар.

Бір жақсысы, маман тапшылығы жоқ. Мұнда педагог-психолог, логопед, дефектолог, арнайы педагог мамандығына ие 13 қызметкер жұмыс істейді. Назгүл Аққозықызының айтуынша, жұмыстың тұжырымдасына сәйкес орталықтың баламасы жоқ. Себебі жаттықтырушылар – ТМД аумағында бағдарлама авторларынан тікелей дәріс алған жалғыз мамандар. Еңбекақы облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Ғимарат – облыстық білім басқармасының теңгерімінде.

Білім ошағына Болат Өтемұратов қоры әдістемелік қолдау көрсетеді. Оқу құралдары, дидактикалық материалдар жеткілікті. Шынын айтқанда, аутист балаға аса көп ойыншықтың, әлем-жәлем суреттердің қажеті де жоқ екен. Мұндайда оның көңілі басқа нәрсеге ауып кетуі мүмкін. Сондықтан орталық қызметкерлері артық-ауыс заттардың барлығын тығып тастап, негізінен дидактикалық қиықшалармен жұмыс істейді.

Бүгінде балабақшалар мен мектептерде инклюзивтік орта құру міндеті қойылғандықтан, «Асыл мирас» қызметкерлері басқа білім ұйымдарына жиі барып, түрлі шаралар өткізеді. Сонда олар инклюзия кабинеттерінде сөйлейтін тақта, сөйлейтін қабырға, түрлі-түсті ойыншық, басқа да артық заттардың көптігіне назар аударып жүр. «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын жүзеге асырып жүрген педагогтер мұның бірі де қажет емес деп санайды. Ең бастысы – педагогтің әдістемелік және психологиялық тұрғыдан дайын болуы. Сол үшін қызметкерлер үздіксіз оқып, білімдерін жетілдіруде.

Ескеретін тағы бір жәйт – ата-аналар да көмекке мұқтаж. Мамандардың айтуынша, тіпті ата-аналарға балаларға қарағанда көбірек көмек керек. Сондықтан орталық педагогтері аутизмге шалдыққан балалары бар ересектердің эмоциялық, психологиялық, психикалық жүктемесін жеңілдету мақсатында оларға да көп көңіл бөледі.

«Қазір мен ата-аналарға арналған тренингтен өтіп жүрмін. Ұстаздарға мың алғыс. Орталықтың арқасында қолдау бар екенін сезініп, ертеңгі күнге деген сеніміміз арта түсті», — дейді Оляның анасы Ирина Симонова.

Осылайша, «Асыл мирас» аутизм орталығы ерекше балалардың және олардың ата-аналарының өмір сапасын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып отыр.

Роза ШӘКЕНОВА,

Солтүстік Қазақстан облысы

 

 

 

29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды