Астанада «BIG THINK» жастар форумы өтті

28 ақпан, 21:40

Бүгін Шерхан Мұртаза атындағы № 63 мектеп-гимназияда Астана қаласы «Әдістемелік орталығы» МКҚК-ің ұйытқы болуымен «BIG THINK» (Үлкен ойлар алаңы) атты жастар форумы өтті. Оған 1-3 жыл еңбек өтілі бар қала мектептерінде қызмет ететін көптеген жас мамандар қатысты.
Форум барысында алқалы жиынның дәл осы мектепте өтуінің де өзіндік мәні бар екенін білдік. Біріншіден, мектепке Астана қаласы бойынша ең жас директор басшылық жасайды, екіншіден оның қарамағында кілең сайдың тасындай отыз бірдей жас маман еңбек етеді екен.
Бас қосудың модераторы – гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Азамат Сайлаубаев сөзін «BIG THINK» жастар форумы туралы ақпарат беруден бастады. Мұндағы мақсат — жастардың заман талабына сай жауап іздеудің тиімді жолдарын қарастыру, өзара тәжірибе алмасу, мүдделі тараптар арасында байланыс орнату үшін ашық пікір алаңын құру екенін айтты.


Форумды Астана қаласы «Әдістемелік орталығы» МКҚК Талдау және мониторинг бөлімінің әдіскері Күнімбала Баяхметбаева ашып, жиынға қатысушы жастарға сәттілік тіледі. Орталық өкілінің айтуынша мұндай форум тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр және жас мамандарға бағыт-бағдар сілтеп, тәлімгерлік жасауда осындай жиындардың маңызы зор.
«Менің бүгінім мен болашағым» тақырыбында жас маман, физика пәні мұғалімі Дархан Берденов өз кейсімен бөлісіп, алғашқы кездерде басынан өткен қиыншылықтарды да жасырған жоқ. Тәжірибелі тәлімгерлердің арқасында соның бәрін еңсеріп, енді бүгін ертеңге нық сеніммен қарайтынын айтты.


Иформатика пәнінің мұғалімі, жас маман Аружан Үйсінбаева «Шынайы өмір мен әлеуметтік желі» тақырыбында сөз алды. Әрбір адам бүгінде әлеуметтік желіде отыр. Ол әсіресе ұстаздардың әлеуметтік желідегі өмірі мен шынайы өмірдегі бенесінде айырмашылық болмау керек деген ой айтты. Осы заман талабына сай болу үшін өзі екінші дипломға ие болып, балалар психологы мамандығын меңгерген көрінеді. Бұл күнделікті өмірде оқушылармен тіл табысып, олармен тонның ішкі бауындай араласуға көмектеседі.
Аружанның пікірінше әр оқушыға қанат бітіріп, оның бойында бұғып жатқан әлеуетін, талантын ашу керек. Сондықтан алдымен олардың рухын тәрбиелеп, әрбір баланың өмірге келгендегі миссиясын анықтап, әрдайым бұл сенің қолыңнан келеді деп қайрап отырған жөн дейді жас маман.


Келесі кезекте педагог-зерттеуші Гүлжаухар Ыбырай сөз сөйлеп «Ұстаздықты жұмыс ретінде емес, өмір сүру салтым, дағдым ретінде қабылдаймын» деген тақырыпта өз тағлымдамасымен бөлісті.
Жоғарыда айтылғандай Астанадағы ең жас мектеп директоры Мәди Серікұлының сөзі жиынға тың серпін беріп, қатысушыларды бір сергітіп тастады. Ол дәстүрлі баяндамадан бас тартып өз сөзін әдеттен тыс формада — әзілмен әдіптеп, қалжыңмен қаптап, әдемі жеткізді.


Мектеп директоры жас басшы болудың мәні неде екенін түсіндіріп, осы жолдағы тәжірибесімен бөліскенде өзін әйгілі мультфильмнің кейіпкері — Пандаға теңеді. Басында ол жекпе-жек өнерінен мүлде мақұрым болып, қаншама жеңіліс пен қиыншылықтардан кейін барып өз ісінің шебері болып шықпай ма?!
Форум соңы жастардың күшімен ұйымдастырылған кішігірім концертпен аяқталды.
«BIG THINK» жастар жиынының алдағы уақытта дәстүрге айналып, Астана қаласындағы басқа мектептерде де өзінің жалғасын табады деген үмітіміз бар.

Ә.Смайылов

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде