«Эйр Астана» әуе компаниясы Астана – Киев – Астана бағыты бойынша 2017 жылдың 1 маусымынан бастап қайтадан рейстер ұшыра бастайды, деп хабарлады jasqazaq.kz тілшісі.
Осыған орай Астана қаласындағы «Marriot» қонақүйінде компания салтанатты шара өткізді. Мерекелік шараға “Эйр Астана” президенті Питер Фостер мен Қазақстан Республикасындағы Украина істерінің уақытша сенімді өкілі Володымыр Джиджора қатысты.
«2017 жылдың 1 маусымынан бастап «Эйр Астананың» Астана мен Киев арасында тікелей рейс ұшыруы – екі ел, компания және халқымыз арасында мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты және сауда-саттықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер беретін болады», — деп астаналықтарды көне қаланы тамашалауға шақырды Володымыр Джиджора. Әуе компания басшысы журналистердің сұрақтарына жауап берді. Астана-Киев бағытындағы рейстің қайта жандануына байланысты шараға келген қонақтар арасында 2 билетке ұтыс ойнатылды.
Енді аптасына 5 рет Airbus A320 және Embraer 190 ұшақтарымен елордалықтардың тікелей Киевке ұшуына болады. Эконом-кластағы билеттің бару-қайту бағасы – 104 391 теңге, бизнес-калстағы билеттің құны – 428 424 теңге болмақ.