Астанаға газ құбыры қашан тартылатыны әлі белгісіз. Бұл жөнінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтты деп хабарлайды Jasqazaq.kz тілшісі.
«Астанаға тартылатын газдың техникалық-экономикалық негіздемесін «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы дайындады. Бұл негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтті. Жобаның маршруты – Қызылорда облысынан бастап, Қарағанды арқылы Астанаға дейін газ құбырын тарту. Ұзындығы 1800 шақырым шамасында болу керек. Оның қуаттылығы жылына 3 миллиард кубты құраса, бағасы 260 миллиард теңгеден асты», – деп атап өтті Қ.Бозымбаев.
Бірақ, өкінішке қарай бұл жоба қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Қазіргі таңда жобаны Үкімет қарап жатыр. Ал Бозымбаев мырза басқаратын министрлік шарқ ұрып қаржы қарастырып жатқан көрінеді.