
Осы күндері Елорда түбіндегі ерекше мақсаттағы әскери бөлімнің базасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасы түлектерінің далалық оқу жиыны аяқталуға таяу. Бір жарым айға созылған жиын барысында студенттер екі жыл бойы алған теориялық білімдерін іс жүзінде полигонда пысықтады. Олар тактикалық дайындықты, яғни бөлімшенің қорғанысын ұтымды ұйымдастыру мен ұрымтал тұстан қарсы шабуылға шығуды, барлау тәсілдері мен ұрыс даласыда дрондарды пайдалау сияқты сабақтарды қамтыды.
Сонымен қатар, болашақ офицерлер әртүрлі қару түрлерінен атып жаттықты. Бір сөзбен айтқанда 400-ден астам студенттер он бес әскери мамандық бойынша оқу бағдарламасына сәйке білімдерін игеріп, бітіру емтиханын сәтті тапсырды.
«Ерназардың сегіз ұлы – бір төбе, Ертөстігі – бір төбе» демекші жоғарыда айтылған 400-ден астам студенттің ішінде жетеуінің орны бөлек. Олар әскери журналистика мамандығы бойынша дәріс алып, кафедра қабырғасынан түлеп ұшқалы отырған тұңғыш топ. Біздің алғашқы қарлығаштар десе болады. Өйткені тәуелсіздік алғалы бері әскери журналистер арнайы және жүйелі түрде дайындалған жоқ. Кеңестер Одағы кезінде осы мамандық бойынша офицерлерді тек Львов жоғары әскери училищесінде ғана оқытатын. Кейін тұрымтай тұсына, балапан басына заман туды.
Салалық журналистикаға ел болып енді ғана бет бұра бастадық. Ештен кеш жақсы. Болашақ әскери журналистерді даярлау мәселесіне Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасының бастығы, генерал-майор Еділ Оразов зор мән беріп отыр.
Оқу барысында студенттер жалпы әскери дайындық негіздерімен жете танысып, саптық, жауынгерлік, тактикалық, техникалық және басқа да дайындықтардан өтті.
Тағы бір маңызды мәселе, олар әскери журналистикаға тікелей қатысы бар әскери өнердің пайда болу және даму тарихын да егжей-тегжейлі білуге тиіс. Осы мақсатта «Әскери тарих» пәні бойынша лекциялардың барлығы аудиториядан тыс, ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде практикалық сабақтар ретінде өткізілді.

Көне дәуірден қазіргі уақытқа дейінгі Қазақстанның әскери тарихын бейнелейтін мұражайда 20 мыңнан астам құнды жәдігерлер сақтаулы тұр. Осы киелі шаңырақтың астында студенттермен бірге ежелгі дәуірдегі әскери өнердің пайда болуы және дамуы, түркі мемлекетінің тууы, кең байтақ кеңістікті жайлаған түркі қағанаттарының әскери құрылымы, көрші елдермен соғыстарының сипаты сияқты тақырыптарды қарастырдық.
Сонымен қатар, Қыпшақ, Қазақ хандықтарының тарихымен тереңірек танысып, жалпы көшпенділердің жауынгерлік дәстүрлері қандай, олардың әскери әдіс-тәсілдері мен тактикасы неге негізделген деген маңызды сұрақтарға жауап алдық.
Әсіресе жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Аңырақай және Орбұлақ шайқастарының кең ауқымды диорамалары студенттерге қатты әсер етті, олардың жаңа технологияларды пайдалана отырып шынайы жасалғаны сонша оны көрген адам өзін тарихи оқиғаның қайнаған ортасында жүргендей сезінеді. Бір сөзбен айтқанда, «мың рет естігеннен бір рет көрген артық» демекші осындай практикалық сабақтардың тағылымы мол екені даусыз.
Бұдан бөлек, ХХ ғасырдың әскери тарихы мен ҚР Қарулы Күштерінің қалыптасы кезеңдері тереңдетіп оқытылды.
Қазақ көркемсөзінің корифейлері жұмыс істетейтін «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттерінде болып, олардың журналистік шеберлік бойынша дәрістерін тыңдады.
Сондай-ақ, ҚР Қарулы Күштері мен басқа да әскери құралымдарға қарасты «Сарбаз», «Отан сақшысы», «Шекарашы», «Қалқан», «Бүркіт» сияқты басылымдарда барып, сондағы аға буын журналистердің қиындығы мол әскери қызметті суреттеп, жазу ерекшеліктерімен танысты.
Оқу бағдарламасы аясында болашақ журналистер қазіргі заман табалына сай шартты қарсыласқа қарсы ақпараттық күрес жүргізу тәсілдерімен де танысты.
Далалық оқу жиынының алғашқы кезеңінде олар ҚР Қорғаныс министрлігінің Медиа-контет орталығында екі апталық өндірістік практикадан өтті. Осындағы телестудияның, редкаторлық бөлімнің жұмысымен тереңірек танысып, монтаж жасау ісіне ден қойды. Өндірістік практиканың қорытындысы бойынша студенттер ҚР Қорғаныс министрлігінің Медиа-контет орталығы басшылығының тарапынан «өте жақсы» деген бағаға ие болды.
Болашақ журналистердің Әскери кафедра қабырғасында жүріп жазған мақалалары республикалық және салалық БАҚ-тарда жиі жарияланып тұрды. Олар кафедраның корпоративтік сайты мен әлеуметтік желідегі ресми парақшаларын жаңартып, жүргізіп отырды.
Осы жерде Қазақстанның әскери журналисткасының тарихына қатысты бір ауыз сөз айта кетсек. Екі жылдан бері елімізде 7 қараша әскери журналистер күні ретінде аталып келеді. Себебі 1929 жылдың 7 қарашасында «Қызыл әскер» газетінің бірінші нөмірі шыққан болатын. Ал, оның мирасқоры ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан сарбазы» (қазіргі «Сарбаз») газеті екенін біреу білсе біреу білмейді. Сол газеттің негізін қалап, ұзақ жыл басқарған ардагер-журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі, полковник Сапарғали Жағыпаров болашақ әскери журналистерге батасын беріп, ақ жол тілеген еді. Абыз қаламгермен болған сол бір ғибратты кездесу студенттердің жадында ұзақ уақытқа дейін сақталары сөзсіз.

Біз сөз етіп отырған жеті студент болашақта әскери журналист бола ма, жоқ па оны әлбетте, өздері таңдау жасап, өздері шешеді. ҚР Қарулы Күштерінің жұмылдыру резервінде тұрған офицерлерді, егер мемлекет қажет деп тапса запастан әскер қатарына да шақыруы мүмкін. Ең бастысы арнайы дайындықтан өткен, қалам мен қаруды қатар ұстайтын мамандарымыз бар және олар Отан қорғауға әрдайым сақадай-сай деп айта аламыз.
Әбубәкір Смайылов,
ЕҰУ әскери кафедрасының оқытушысы