Арқалық қалалық соты жол-көлік оқиғасына жалған куәлік еткен тұрғынға қатысты істі қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іс материалдарына сүйенсек, 2017 жылғы сәуір айында қала тұрғыны А. ішкі істер бөлімінде тұрып, жол-көлік апатына куәгер ретінде жалған айғақ көрсеткен.
«Ол басқа тұлғаның қылмыс жасағаны туралы анықтама берді. Сондай-ақ, ойдан шығарылған мән-жайларды айтып, Арқалық қаласы ІІБ лауазымды тұлғаларын жаңылыстыруға тырысқан. Қала тұрғыны А. сот отырысында айыбын мойындады», — делінген облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айыпталушы А. өзінің жалған айғақ бергені үшін өкінетінін айтып, жазаны жеңілдетуді өтінген. Осылайша, жазаны тағайындау кезінде А.-ның бұрын сотталмағаны, мінездемесі, тұрғылықты жері бойынша оқып жатқаны ескерілді.
Арқалық қаласы сотының үкімімен азамат А. ҚР ҚК 420-бабы, 1-бөлігімен айыпты деп танылып, 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Ол осы уақыт аралығында пробациялық бақылауда болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.