Аргентиналық «Пасифико» клубының футболшысы Федерико Алленде матчтардың бірінде қарсыласына ине сұққанын мойындады. Аргентинаның Vorterix радиосына берген сұхбатында Алленде өткен жексенбі күні Аргентина кубогы үшін өткен ойында «Эстудиантес» клубының ойыншысына бірнеше рет ине сұққанын күле есіне алды.
«Біз оларға қарсы дөрекі ойнауымыз қажет екенін білдік және мен «Эстудиантес» шабуылшысына әлденеше рет ине сұғып алдым», — деді Алленде. Ол сондай-ақ футбол «ақылдыларға» арналған ойын екендігін айтты. Колумбиялық «Эстудиантестің» шабуылшысы Хуан Отеро жергілікті БАҚ өкілдеріне жексенбілік матч кезінде «Пасифико» ойыншысының оған төрт мәрте ине сұққанын мәлімдеген. Отероның айтуынша, ол бұл жайлы төрешіге де хабарлаған, алайда төреші оның арызын қабылдамаған. Алленде оның негізгі қарсыласы Отеро болғандығын мойындады. «Ол енді мені жек көретін шығар», — дейді спортшы.