Анталияға демалысқа барған қазақстандық туристер қонақүйге орналастырылды. Ол үшін 30 мың АҚШ доллары төленгендігін Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов айтты деп хабарлайды jazqazaq.kz тілшісі.
Кеше Анталияға демалысқа барған қазақстандық туристер «Элит Класс» туроператорының банкротқа ұшырауы салдарынан қонақ үйге орналаса алмай, қиындықтарға тап болған еді. Осыған орай туристердің жағдайы мен мәселенің мән-жайын білу үшін Сыртқы істер министрлігіне хабарласқан едік.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов «Анталияға демалысқа барған қазақстандық туристер қонақүйге орналастырылды. Қазақстанның Анталиядағы консулы Бауыржан Әбдірахманов «Элит Класс» туроператоры банкротқа ұшырағанын жариялап, қазақстандық туристердің қонақүйге орналаса алмай қалғанын білген сәттен мәселенің анық-қанығын білуге кіріскен болатын. Туристермен кездесіп, жағдайларын білді. 24 турист, оның ішінде 9 бала бар. Консул мәселені шешу үшін қонақүйдің басшылары мен бірнеше туристік агенттіктің директорларымен келіссөз жүргізді. Осы келіссөздердің нәтижесінде консулдықпен тығыз жұмыс жасап келе жатқан туристік компаниялардың бірі бар шығынды мойындарына алып, 30 мың доллардан артық қаражат төледі. Туристер демалыстарын жалғастыруда, алаңдауға негіз жоқ»,- деді.
Алдағы уақытта мұндай жайттың қайталанбауы үшін қандай шаруа атқарылып жатқандығын сұрағанымызда: «Шетелге шығатын туристерге айтар өтінішіміз – шетелге шығар алдында баратын қонақүйлермен алдын-ала байланыс жасаса, ақы төленген, төленбегенін анықтаса, сондай-ақ екі жақты әуе билеттері бар-жоғын растап алса дұрыс болар еді», — деді Әнуар Жайнақов. Сонымен қатар «Элит Класс» туроператорының банкрот болуына байланысты компаниямен серіктес болып қызмет атқаратын қазақстандық туроператорлардың жұмысында қиындықтар болуы мүмкіндігін ескертті.