«Американдықтар өздері айтатын «америкалық арманға» қалай қол жеткізді? Бірде-бір жер асты байлығы жоқ жапондықтар ұлттық идеяларын қалай жүзеге асырды? Неге әлем халқы басқа емес, «Тойота» мен «Мицубиси» көлігіне мінеді? Бір ретте болса, сіз осы сұрақтарға ойланып көрдіңіз бе?» деп бастады лекциясын Астанадан келген белгілі академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Қазыбек Қазкенов Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен аймақтық семинарда.
Көптеген өркениетті елдер туралы мысал келтіріп өткен профессор бар мәселенің адамның ойлау жүйесі, санада екенін айтты. «Егер, американдық өнім өндіруші бүгінде 150-200 мың долларға шақталатын тауар өндіретін болса, қазақстандық өндірушінің қуаты 24 мың долларға жетеді. Жапондықтар жұмыс уақыты кезінде бірде-бір рет шылым шегуге шықпайды. Ал, қазақ уақыт таңғы сағат 11-ді көрсетпей жатып, әңгімесін «шай ішпейміз бе?» деген сөзден бастайды. Қоғам масылдық психологиядан арылуы қажет. Президент Нұрсұлтан Назарбаев көтерген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы міне, сананы тазартудан басталуы керек» деді профессор Қазыбек Қазкенов. «Біздің халқымыз талап етуді ғана біледі. Мен мемлекетімнің дамуы үшін қандай үлес қостым?» деген мәселе туралы ойланатындар некен-саяқ деген спикер, жастарды дәстүрлі құндылықтарды сақтауға, еңбек етуге шақырып отыр.
Айта кетелік, «Рухани жаңғыру» аясында өтіп жатқан аймақтық семинарды Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі және Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырып отыр.