jasqazaq.kz

Алты жасар «маскүнем»: Аңыз ба, ақиқат па?

24 қантар 2018, 17:23

Бір отандық телеарнадан «Шығыс Қазақстан облысында алты жасар бала наркодиспансерде есепте тұр» — дегенді естіп, Алтайда жатып айран-асыр болғанымыз рас. Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында, тізгін ұшымен аталған орталыққа бардық. Сайып келгенде, жағдайдың мүлдем басқаша сипатта екеніне көзіміз жетіп отыр.

Біріншіден, «аты шулы» алты жасар жеткіншек наркологиялық диспансерде осыдан үш жыл бұрын емделіп шыққан. Әуелі жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген баланың жағдайы туралы орталыққа полиция қызметкерлері хабар берген көрінеді. Тексеру барысында жеткіншектің ішімдік ішкені нақтыланған. Бұл жағдайдың бұрын да әлденеше рет қайталанғанын әңгіме барысында жеткіншектің өзі де растаған екен.

Екіншіден, жеткіншектің анау айтқандай маскүнемдікке салынған дәнемесі жоқ. Балаға бас-көз болған жасөспірімдер дәрігері Манап Қалиев жеткіншекке алкоголизм диагнозы қойылғанымен, оның ащы суға тәуелділікке ұрына қоймағанын алға тартып отыр. Бұл бар болғаны ата-ананың бейберекеттігінен болған келеңсіздік екенін айтады.

Ол «Баланы ата-анасының келісімі бойынша бақылауда ұстадық. Ол ешқандай да емдік шараларға мұқтаж емес еді. Сол себепті стационарда алып қалудың маңызы болмады. Алайда заңға сәйкес амбулоториялық бақылауды жыл бойында тоқтатпадық. Ай сайын жеткіншектің үйіне барып, жағдайын біліп отырдық. Психолог маманымыз да үздіксіз жұмыс жасады. Ал жыл өткенде жақсы жағдайда деп танылғандықтан, балақай «тәуекел тобынан» босатылды» – деді.
Осындай оқиғаның облыста екінші рет қайталанып отырғанын айта кетуіміз керек. Бұған дейін Риддер қаласында ащы суға масайған жеті жасар бүлдіршін ауруханаға жеткізілген болатын. Тексеру барысында қан сараптамасынан алкоголь мөлшері табылғанын жергілікті дәрігерлер растады. Кейінірек бұл жайға үй үлкендерінің қатысы бары да анықталған еді.
Манап Қалиевтің айтуынша, облыс көлемінде осыған ұқсас жағдайда келіп түсетін жеткіншектер саны аз емес. Соңғы бес-алты жылда бұл көрсеткіш жоғарыламаса, төмендемегенін қынжыла жеткізді.

Дәрігер «Бастапқыда орталыққа тек ішімдік пен шылымға ден қоя бастаған жасөспірімдер қаралуға келетін. Бергі жылдары мектеп оқушыларының арасында насыбайға әуестік пен токсикомания белең ала бастады. Онымен де аз күреспедік. Героиннің кесіріне ұрынғандар да болды. Қазіргі таңда парагенератор деген шықты. Оны өздері «электрондық шылым» дейтін көрінеді. Бірақ ол көзалдау. Шындығында ол қалтадағы кальян. Құрамында наша қоспалары бар. Ендігі сәтте алдан нендей пәленің шығарын болжау қиын, – дейді.

Маман зиянды әдеттерге үйірсоқтардың дені – 13 пен 16 жас аралығындағы жеткіншектер екенін атап өтті. Олардың басым бөлігі толық емес отбасылардан шығатын көрінеді. Салауатты өмір салтынан іргесін жырақ салған үй баласының, болашағын балашағында-ақ құртып алуы ғажап емес екеніне көзіміз жетті.

Оразай Жеңісұлы,

Шығыс Қазақстан облысы

23 маусым, 16:02
Түркістан: «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығы – маңызды жоба
23 маусым, 15:37
Түркістан: Мәдени және әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды
23 маусым, 14:42
Түркістан: Агроөнеркәсіп саласындағы өзекті мәселелер пысықталды
23 маусым, 14:16
Алмас Әбдірахманұлы: Масылдыққа жол бермей, адамдарды еңбекке ынталандыру маңызды
23 маусым, 14:02
Ұлттық тәрбие – баланың жанына дерт түсірмейтін ең басты қорған (Видео)
23 маусым, 13:48
Эльмира Төретаева: Жапон тұтынушылары  жантақ балымызды күтіп отыр
23 маусым, 12:59
Түркістан: Елді мекендерді газдандыру бойынша 64 жоба жүзеге асып жатыр
21 маусым, 13:05
Ілияс Қазиев: Алматы тұрғындарына сапалы ауыз су жеткізу – басты міндет
20 маусым, 13:08
Түркістан: Бос орындар жәрмеңкесі мен форум өтті