Алматыда Алатау базарындағы өртті ауыздықтау кезінде ер адамды күйік шалды. Бұл туралы қалалық ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова айтты.
«22 жастағы ер адам жедел жәрдем көлігімен облыстық ауруханаға жеткізілді», — деді С.Баймұхамбетова. Оның мәлімдеуінше, Алатау ауданы «Солтүстік айналма жолы, 8» мекенжайындағы өрт туралы хабарлама таңғы 8:35-те түскен болатын. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 09:06-да тілсіз жауды ауыздықтап үлгерді. Соның арқасында жапсарлас орналасқан бутиктерді жалын шарпыған жоқ. Тілсіз жау екі контейнердегі тұрмыстық заттарды жарамсыз етіп, 60 шаршы метр аумақты шарпыған.