Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының жатақханасын жөндеу жұмыстары енді ғана жоспарланып жатыр. Ал оқу жылы болса, басталғалы тұр.
Жаңа оқу жылы алдында өрт сөндіру қызметі мен санитарлық дәрігерлер студенттер жатақханасын тексерді. Нәтижесінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының жатақханасы жаңа оқу жылында студенттер қабылдауға дайын емес, деп хабарлайды «31 арна».
Жоғары оқу орынының басшылары тексерушілердің сөзін растап, ғимараттың қазіргі жағдайының нашар екенін мойындады. Қабырғалардың жарылғанын дәлізден-ақ байқауға болады. Ал апаттық жағдайдың көкесін бөлмелер мен спорт залдан көресіз: жарылған еден, сыры кеткен төбелер, антисанитария.
Консерватория басшысы жөндеу жұмыстарынан кейін бәрі қалпына келетінін, бірақ ол жұмыстарға уақыт жоқтығын, бүгін жатақханаға студенттер орналаса бастайтынын мәлімдеді.
«Жыл сайын ақша сұрап келеміз. Бірақ биыл ғана берді. Енді жөндеу жұмыстарына кірісеміз»,-деді консерватория басшысы Болат Каримов.
Қыркүйекке дейін санэпидемиологтар, полицейлер, өрт сөндіру қызметі 94 жатақхананы тексерістен өткізеді.