Алматыда Сайран көлінің жағасында жаппай төбелес болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Демалып жатқан топтардың арасында гитара үшін жанжал пайда болып, арты жаппай төбелеске ұласқан.
Желі қолданушылары төбелестің видеосын жариялай бастады. Авторлардың бірі видеода полиция қызметкерінің төбелесіп жатқандарға араша түспей шетте тұрғанын сынаған болатын. Алматы ІІД полиция қызметкерінің жаппай төбелеске неге араласпағанын түсіндірді. «Полиция қызметкерінің араласпау себебіне келсек, ол біріншіден қарусыз болған. Екіншіден, ол арнайы ереже бойынша әрекет етті. Тез арада қосымша күш шақырды. Соның арқасында төбелесті одан әрі ушықтырмай тоқтату мүмкін болды», — деді ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Қазір төбелес шығарғандар ұсталып, Алмалы ІІБ жеткізілді. Олардың бірі ОҚО-да алаяқтық үшін іздеуде болған. Оқиға орнында 10-нан астам адамға медициналық көмек көрсетілді.