Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында көптеген тапсырма тапсырып, еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын айтқан болатын. Соның бірі «100 жаңа есім жобасы». Мемлекет басшысы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады» — деген болатын. Бүгінде тапсырма орындалып, жоба жеңімпаздары анықталды. Жүздіктің ішіне енген саңлақтың бірі — жоғары санатты кардиохирург, медицина ғылымының кандидаты, Алматы қалалық кардиология орталығының директоры Алмат Қодасбаевтан сұхбат алуды сәті түскен еді.
Жас қазақ: Алмат мырза, «100 жаңа есімге» ілінген екенсіз. Құтты болсын! Сізді кім ұсынды? Таңдау қалай өтті? Осы жайында толық айтып берсеңіз.
А.Қодасбаев: Жұмыс орнымызға жақсы жұмыс істеген, белгілі, халыққа көп еңбегін сіңірген адамды ұсыну тапсырылған болатын. Мен жасы кіші болса да, істеген ісі қомақты екі азаматты ұсындым. Ол екеуі де өтпей қалыпты. Дауыс беру басталғанда ұсынылғандар қатарында өзімнің бар екенімді білдім. Мені Алматы қалалық әкімдігі ұсынып, қысқаша өмір тарихымды беріпті. Кейіннен дауыс беру басталып, жұмысқа байланысты видео мен суреттер, мағлұматтар жіберуге тура келді. Соларды көрген халық дауыс беріп, мені де үздіктердің қатарына қосты. Дауыс бергендердің көбісі Алматы қалалық кардиология орталығына емделіп кеткен қарапайым халық екен.
Жас қазақ: Бұл жоба ел үшін қаншалықты қажет деп ойлайсыз?
А.Қодасбаев: Бұл Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында тапсырылған жұмыс. Аз ғана халық арасынан атағы шыққан азаматтармен қоса, еңбегі сіңіп, аты шықпай жүрген жалынды жандар қаншама. Мысалы, бір сержант жігіт өрттен екі баланы аман сақтап қалғаны жайында телеарнадан бір рет көрсетті. Кейіннен, ол жаңалық болмай қалды. Ал бұл дегеніміз — нағыз ерлік. Өйткені, кез келгеннің қолынан келе бермейді. Өмірін қауіпке тігіп, адам өмірін арашалап қалған адам мақтауға, құрметке лайық. Сол сияқты еңбегі ұшаң теңіз, тыным таппай тірлік жасап жүрген жандарды бағалап, ісін айту арқылы, өзгеге үлгі ету керек деп ойлаймын.
Жас қазақ: 2016-2019 жылға арналған медициналық бағдарламаның негізгі мақсаты не? Халықтың денсаулығына бағдарламаның қаншалықты пайдасы болуы мүмкін?
А.Қодасбаев: 2016-2019 жылға арналған мемлекеттік Денсаулық бағдарламасы басқа елдерде жоқтың қасы. Біздегі бағдарлама жалпы медицина жағынан халықтың жағдайын жақсартуға, өлім-жітімді азайтуға, аяқ астынан ауруға шалдыққандардың алдын алуға бағытталған. Бұл арқылы өмір сүру уақытын ұзартып, салауатты өмір салтын ұстануды көздейді. Бұл Денсаулық сақтау бағдарламасы алдыңғы «Салауатты Қазақстан» бағдарламасының жалғасы ретінде құрылды. Сонда көрсетілген тармақтың барлығы бүгінде орындалып жатыр. Нәтижесінде көрсеткіш едәуір жоғары деңгейде тұр. Олар: өмір сүру ұзақтығы, ана мен бала өлімі, онкологиялық және жүрек- қан тамыр ауруларынан туындайтын өлімдер азайып жатыр. Жылдық қорытындыға қарар болсақ, бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын аңғаруға болады.
Жас қазақ: Бағдарламаның өзіндік нысаны қандай? Толығырақ түсіндірер болсам, жана сіз жүрек-қан тамыр ауруларына, адам жасының ұзақтығына байланысты деп айтып жатырсыз. Бағдарламада нақты мына саланы ғана емдейді деген шектеу бар ма?
А.Қодасбаев: Медицина саласын жеке, бөле жарып қараудың қажеті жоқ. Мұнда барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Бағдарламада науқас емханаға келгенге дейінгі өмір салты мен келген себебін анықтаймыз. Одан соң ауруханаға жіберіп, науқасқа толықтай көлемде көмек көрсетілгенін анықтаймыз. Кейде емделушілер ешқандай емханада тіркеуде болмай, тікелей ауруханаға келетіндер бар. Кейіннен емделіп немесе ота жасаылып шыққаннан соң, қалпына келуі үшін қайта-қайта тексеріліп отырғаны дұрыс. Міне толықтай бақылауда ұстап, қаралушының жағдайын ескеретін бағдарлама болып табылады. Адамның өз өмірі мен денсаулығы үшін басты жасалатын амал ол адамның өзі болып табылады. Кез келген жан өз денсаулығына немқұрайлы қарамауға тиіс. Дер кезінде алдын алып отырса, көрсетілетін көмекте аз болып, құлан таза айығып кетуі де тез болады.
Жас қазақ: Өзіңіз дәрігер ретінде «бағдарламаға мына дүние кірмей қалды» және «мына тақырып жақсы қамтылған екен» деп, қайсысын айтар едіңіз?
А.Қодасбаев: Мұнда адам денсаулығына қатысты барлығы қамтылған. Ең бір атап өтетінім скринингтік тексеру. Жас ерекшелігіне байланысты ауырғанын күтпей алдын-ала тексеруден өту көп жағдайда пайдасын тигізеді. Бұл Қазақстан азаматтарына тегін жүргізіледі.
Жас қазақ: Бағдарламада сіздің саланыз бойынша жүрек- қан тамырлары ауруларына байланысты не бар? Бұл жайында не айтасыз?
А.Қодасбаев: Қан тамыр аурулары ол жүрек аурулары және миға қан құйылу қан жүйесіне байланысты тақырыптар да толықтай дерлік қамтылған. Қан тамыр ауруы үшін арнайы бір бағыттағы кәсіби көмектің негізі қалыптасқан. Ол қаралушы скринингтік тексеруден өту, дәрігерлік көмекке жүгіну, сол емхана көлемінде стационарға жіберуге дейін оңтайландырылған.
Жас қазақ: Жүрекке байланысты өлең жазбаған ақын жоқ. Шығармашылық адам болсын барлығы жүректі жырына қосты. Сіз дәрігер ретінде айтыңызшы жүрек неге ауырады?
А.Қодасбаев: Адамның сапалы өмір сүруі жүрекке байланысты деп ойлаймын. Себебі адам баласы дүниеге әлі келмей тұрғаннан бастап, жатырда жатқанда бірінші пайда болатыны осы жүрек екен. Ал өмірдің тоқтауы, яғни аяқталуы да жүрекке тікелей байланысты. Өзімнің салам бойынша барлық ауруға шалдыққан жан үшінде ең әуелі жүрегі қиналады. Адамның кез келген өмірінде орын алған жағдайдың барлығы жүрекке әсер етіп, салмақ түсіреді. Орынды не орынсыз сөздерде жүрекке барып тиеді. Сол себепті де біздің саламыз өте күрделі. Жүрегі ауырмайтын жан жоқ. Кез келген адамның жүрегіне байланысты нәрсеге біздің де қатысымыз бар.
Жас қазақ: Алмат мырза, елімізде медицина саласы дамып жатыр. Қазақстандағы жүрек ауруларына жасалатын ем-дом мен ота қай деңгейде?
А.Қодасбаев: Біздің елде бұрындары жүрекке ота жасалса, өзге елде жүрек алмастыру отасын жасаған болатын. Мұның арасы жермен көктей. Ал қазір дамыған елде қандай деңгейде болса, бізде соған жеттік. Нәтижесінде теңесе алып отырмыз деуге толық негіз бар. Ең күрделі ота бұл жүрек алмастыру. Бұдан өзге де жүрек емдеудің түрлері бүгінде біздің қолдан келіп жатыр. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында денсаулық саласындағы барлық ота түрлері біздің елде де жасалуда.
Жас қазақ: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жайында айтсаңыз. Бұл жоба қарапайым халық үшін қаншалықты қажет?
А.Қодасбаев: Ең алдымен қарапайым халық үшін медициналық қызмет қажет. Ал жұрттың өзі соған ат салысу керек. Сақтандыру жүйесінің қағидасы сондай. Бұған дейін 17 млн әлеуметтің денсаулығы тікелей мемлекет мойнында болды. Бұған байланысты жеткен жетістіктеріміз өте көп. Заманауи бүкіләлемдік үрдістерге байланысты аурудың көбеюі. Олар инфекциялық емес, онкология, жүрек талмасы, жол апатына түсуі тағысын тағы. Ал екіншіден сол ауруды емдеу үшін талаптың күшеюі. Оларды заманауи технологиямен тексеру керек. Медициналық қызметтің құнының артуына байланысты халық өзінің денсаулығын емдеуді мемлекет мойнына артып қоймай, өзі де үлес қосып, соның құндылығын сезіне білуі үшін жасалған жүйе. Қалталылар шетел асып емделмей, өз жерінде айығуға мол мүмкіндік туды. Ауыр науқасқа шалдыққандарға барлығы тегін жасалады. Сәбидің 3 жасына дейін үкімет өзі төлейді. Ал одан соң арнайы тіркеуге тұру керек.
Жас қазақ: МӘМС бойынша ақпараттандыру, цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?
А.Қодасбаев: Барлық емханаларда тіркелу, бізге келгендер сол цифрландырудан өткен дайын мағлұматы бар адамдар. Орталықтың ішіндегі жұмыстар сол цифрландыруға өткізіліп жатыр. Мысалы, қабылдау бөлімі кез келген адамды куәлігімен қабылдайтын болса, бұл туралы бүкіл деректі ала алады. Әрбір азамат электрондық кабинетіне кез келген уақытта кіре алады. Маманнан ақыл-кеңес ала алады. Егер бізден өзге ауруханаға түсіп қалса, біздегі барлық мағлұматты ала алады. Сақтандырудан өткен дайын азаматты тіркеп, жедел түрде кардиологиялық көмекті көрсетуіміз керек.
Сұхбаттасқан – Жарас ШӨКЕ