Әлемдік әдебиет  айдынында – 10 жыл

30 желтоқсан 2024, 16:50

Биыл Әлем Халықтары Жазушылары одағының құрылғанына 10 жыл және Одақтың негізін қалаушы Қайрат Дүйсен-Парман Әбсатұлының туғанына 60 жыл толуы қатар келді. Қайрат Әбсатұлы – Одақтың құрылтайшысы ғана емес, сонымен қатар ақын, сазгер, публицист, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бейбітшілік миссиясының елшісі, Италиядағы Әлем Ақындары Одағының бас директоры және «Ғаламшар әдебиеті» журналының бас редакторы болған тұлға.

Мерейтойға орай жоғарыда аталған тақырыптар аясында Одақ төрайымы Гүлхан Айтақынқызы сұхбат берді.

Гүлхан Айтақынқызы, Әлем Халықтары Жазушылары одағы (әрі қарай, ӘХЖО) қандай мақсатта, қалай қалыптасты? Білуімше, Қайрат Әбсатұлы одақты ашқанда Сізді бірден атқарушы директор етіп тағайындады.

— Қайрат Дүйсен-Парман Әбсатұлы Әлем Халықтары Жазушылары одағын құрудан бұрын профессор Нұрманов Әбен Алдабергенұлы басқаратын «Бейбітшілік әлемі» бірлестігінің Халықаралық Жазушылар одағын төрт жылдан астам уақыт басқарды. Жаңылыспасам, 2009-2014 жылдардың аралығы еді. Сол қызметте жүріп, Әбен Алдабергенұлымен бірге халықаралық фестивальдер, қашықтан (онлайн) әдеби іс-шаралар және ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырды. Сол жылдары Қайрекеңнің ойын «Қазақстанға осындай бірегей одақ керек» деген ой жиі мазалайтын.

Алайда Қайрат мырза басқа елдердің әдеби ұйымдары мен орталықтарын зерттей келе, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғандықтан, шетелдермен тікелей қарым-қатынас орнату үшін осындай жаңа ұйым қажет деп шешті. Бұрынғыдай тек Мәскеу арқылы байланыс орнатудың кезеңі аяқталып, еліміздің әдебиеті мен мәдениетін әлемге танытудың уақыты келген еді. Мысалы, Ресейде оннан аса Жазушылар одағы бар. Қазақстан үшін де мұндай ұйым қажет болды. Бұл ұлтымыздың әдебиетінде тарихи орын алуға лайық идея болатын. Ол көптеген қаламгерлерді біріктіріп, олардың арасынан үздіктерін халықаралық сыйлықтарға ұсынып, шетелде танымал етуге бағытталды. Сондықтан да Қазақстанда жаңа одақтың құрылуы ұлттық әдебиетіміздің дамуы мен танымалдығы үшін маңызды қадам болды.

Одақты құруда Қайрат мырзаға: «Шаңырақ ішінен шаңырақ көтергенің не?», «Жазушылар одағы тақияңа тарлық ете ме?» деген сыңайдағы пікірлер айтылып жатты. Алайда ол мұндай сын-ескертпелерді сабырмен қабылдап, «Бұлай айтылуы заңды» деп түсінді. Өйткені сол кезеңде қоғам Қазақстан Жазушылар одағы бола тұра, тағы бір жаңа одақтың құрылуына дайын емес еді.

ӘХЖО-ның негізгі мақсаты – отандық және халықаралық деңгейде қаламгерлерді біріктіру, олардың еңбектерін насихаттау, үздік авторларды танымал әдеби сыйлықтармен марапаттау арқылы шығармашылықтарын қолдау. Бұл одақ – ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетінің әлемдік деңгейде кеңінен танылуына мүмкіндік береді.

Ұйымның атауын таңдауда Қайрат мырза ұзақ ойланып, халықты қызықтыратын, есте қалатын атау іздеді. Ақыры, «Әлем Халықтары Жазушылары одағы» деген атауға тоқтады.

«Әлем халықтары Жазушылары одағы» қоғамдық бірлестігінің ашылу салтанатындағы дәстүрлі тұсаукесер лентасын жазушы Марал Ысқақбай мен белгілі жазушы, қоғам қайраткері Ғаббас Қабышев қиып, жаңа құрылып жатқан әлемдік жазушылар ордасына ақ жол тілеген болатын.

Одақты ашу барысында қолдау көрсеткен қазақстандық жазушыларды атап кетіңізші. Одақ мүшелерінің қатарында қай елдің өкілдері басым?

— Қайрат Дүйсен-Парман одақты құру жайындағы ойымен ең алғаш бөліскен және әрқашан оған қолдау көрсетіп, одақтың қалыптасуына бір кісідей атсалысқан ағамыз, белгілі ақын – Болат Шарахымбай. Одақтың атауын да ең бірінші болып құптаған осы кісі болатын. Қайрекең әр кез жаңалығымен, туындаған ойымен ең алдымен Болат ағамен бөлісетін. Ашылғаннан кейін, біріншілердің қатарында болып Болат аға одаққа мүше болды. Сонымен қатар, Байбота Қошым-Ноғай, Ғаббас Қабышұлы, Олжас Сүлейменов, Талап Қараш, Меруерт Айтенова, Қытайдан оралған жазушы, ақын қандастарымыз және т.б. Қазір одақ мүшелерінің саны 500-ден асты.

Ашылған жылдары санаулы мемлекетте өкілдері мен мүшелері болса, бүгінгі күні Одақтың қанаты кеңге жайылып, 94 елде өкілдері мен мүшелері бар.

Он жыл көлемінде біреулер үшін ұсақ шаруа болып көрінгенімен, біз үшін айтуға тұрарлықтай іс шаралар жасалды. Біріншіден, Одағымыздың Ресей Федерациясы, Қытай халық республикасы, Америка құрама штаттары, Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан мемлекеттерінде өкілдіктері ашылды.

Атап айтсақ, ӘХЖО мүшелері қатарында Италиядағы Әлем Ақындары Одағының президенті, Нобель сыйлығына төртінші рет кандидат — Сильвано Бортолаззи, 2013 жылғы Нобель сыйлығына кандидат грекиялық Димитрис Краниотис, Әлем ақындары академиясы мен ЮНЕСКО бірігіп жылына бір ғана ақынға беретін Даңқ алтын тәжінің иегері моңғолиялық Мэнд-Ооео, Түркия елінен Анадолы ақын-жазушылары бүкілдүниелік антологиясының директоры, түрік ақыны Ахмет Курт, Қырғызстан Республикасынан келген «Рух-Бейне» халықаралық академиясының президенті, ақын Қайыргүл Жолдошбекқызы және тағы басқа көптеген белгілі ақын-жазушылар бар.

2021 жылдың қаңтар айынан ресми түрде Әлем Халықтары Жазушылары одағының президенті болып бекітілдіңіз. Қайрат Әбсатұлы дүниеден өткелі бері 5 жылдың ішінде Сіздің басшылығыңызбен атқарылған жұмыстарды айтатын болсақ, «шаш етектен» деуге келеді.

— Қайрат Әбсатұлының қазасы мені есеңгіретіп тастады.
Өмірімде алғаш рет ауыр күйзелісті бастан өткердім. Қайратты карантин уақытында, ойда жоқта жоғалтып алдық. Адам ешқашан өз басына қиындық түседі деп ойламайды екен. Жарымнан айырылып қаламын деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Балаларым жас, ал мен жарымның қамқорлығына үйреніп қалған адаммын. Қайрат тірі кезінде уайымсыз өмір сүріппіз.

Дегенмен уақыт өте келе ұзақ күйзеліске берілудің дұрыс еместігін түсіндім. Өзімді тезірек қолға алып, әкенің де, шешенің де рөлін қатар атқаруға тура келді. Сонымен бірге, Қайрат Әбсатұлы негізін қалап кеткен ӘХЖО-ның жауапкершілігін де мойныма алдым.

2021 жылы Қайрекеңнің арманы болған ӘХЖО антологиясын құрастыруға кірістім. Бұл жаңа жинақтың бірінші томында көркем поэзия мен жастарға арналған махаббат лирикасының таңдаулы шығармалары жарияланды. Жинақтың алғысөзін ӘХЖО мүшесі, әрі белгілі ақын Болат Шарахымбай жазды. Құрастыру жұмысына менімен бірге ӘХЖО редколллегия мүшелері белсене атсалысты.

«Әлем Халықтары Жазушылары одағының Антологиясы» жинағының бірінші томының тұсаукесері 2021 жылдың 5 қарашасында, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Антологияның үздік прозалардан тұратын екінші томы 2022 жылы жарық көрді. Сол жылы өткізілген «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының байқауында, антология «Үздік кітап дизайны» номинациясы бойынша шорт-листке енді. 41 кітаптың арасынан үздік жетілікке ілікті. Бұл да бір үлкен жетістігіміз деп айта аламын.

2023 жылы ӘХЖО энциклопедиясы жарыққа шықты. Сонымен қатар, Одақтың «Ғаламшар әдебиеті» – «Global Litera» атты дүниежүзілік әдебиет және өнер альманах журналы жылына бір рет шығарылады.

Биыл Әлем Халықтары Жазушылары одағының 10 жылдық мерейтойын өзіңіздің басқаруыңызбен ауқымды етіп өткіздіңіздер. Осы уақыт ішінде аталған шығармашылық ұйым еліміздің әдеби-мәдени өмірінде өзінің кең тынысты қолтаңбасымен, сан алуан ұйымдастырушылық, іскерлік даралығымен танылды. Жиында одаққа мүше шетелдік қонақтар, Қазақстанның түкпір-түкпірінен 150-ге тарта шығармашыл тұлғалар бас қосты. Осы тақырыпты тарқатып берсеңіз.

 — Иә, сауалыңыз өте орынды. Мерейтойлық шара ағымдағы жылдың 25 маусым күні Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ӘХЖО-ның негізін қалаған ақын Қайрат Дүйсен-Парман Әбсатұлын еске алудан басталды. Әрі қарай, тәй-тәй басқан ӘХЖО-ның шығармашылық ұйымының өткені мен бүгініне кеңінен тоқталып, жетістіктері мен 10 жылдық белестері туралы баяндамалар жасалып, қаламгерлер пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, мерзімді баспасөз беттерінде, әлеуметтік желі парақшаларында жарияланған жас авторлардың шығармалары талданып, таразыланады.

Салтанатты жиынға Түркия елінен келген Анадолы ақын-жазушылары бүкілдүниелік антологиясының директоры, түрік ақыны Ахмет Курт және Қырғыз елінен «Рух-Бейне» Халықаралық шығармашылық академиясының президенті, қырғыз ақыны Қайыргүл Жолдошбекқызы өз ұйымдарының атынан түрлі дәрежедегі төсбелгілерімен, «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаттарымен» келіп, қаламгерлерді марапаттап қолдау көрсетті. Тәжікстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Жазушылар одақтары өкілдері онлайн байланысқа шығып, Қазақ қаламгерлерінің әлемге танылуда жасаған еңбектерін атап айтып, одақ жұмысына жылы лебіздерін айтып қашықтан құттықтады.

Одақ басқармасы тарапынан келген қонақтарымыз бен одақтың бірқатар ақын-жазушылары игілікті істері мен белсенділіктері үшін әртүрлі марапаттарға ие болды. Екі күнге жоспарланған шара жоғары деңгейде өтті.

Ағымдағы жылы «Рух-Фест Қырғызстан – 100» фестиваліне бір топ ӘХЖО-ға мүше қазақстандық қаламгерлермен барып қайттыңыз. Фестивальдің қорытындысы жайында «ЭлТР» Қырғыз ұлттық телевидениясында сұхбат бердіңіз. Фестивальде жеңімпаз атанған қазақстандық ақындарды атап кетсеңіз.

— Қара Қырғыз автономиялық облысының 100 жылдығына орай «Рух Бейне» халықаралық шығармашылық академиясы мен «АҚТАЛ» әдеби шығармашылық бірлестігі ұйымдастырған халықаралық шеңбердегі «Рух-Фест Қырғызстан – 100» фестивалі ағымдағы жылдың қыркүйек айында өтті.

Қырғыз елінің қаламгерлері жариялаған мүшәйраға шығармаларын жолдаған  қазақстандық  ӘХЖО-ның бір топ мүшелері фестивальдің мәртебелі қонағы болып қатысып қайтты.

Байқау ережесіне сәйкес деген қазақ, орыс, түрік, өзбек елдері қаламгерлерінің 62 шығармасы іріктеліпті. Байқау комиссиясын белгілі профессор, педагогика ғылымдарының докторы, «Тоголок Молдо» атындағы әдеби сыйлықтың иесі Сулайман Рысбаев басқарды. Жүлдегерлер мен жеңімпазды анықтау жасырын жүргізілді.

«Рух-Фест Қырғызстан – 100» фестиваліне қатысқан қазақстандықтардың жеткен жетістіктері мен еншілеген марапаттарына тоқталсам:

I орын — Жанаргүл Толашқызы (Тараз қаласы)

II орын – Ғайбулла Бектөреев (Түркістан қаласы)

III орын — Сағынғали Нұрышев (Ақтөбе қаласы) иеленді.

Ынталандыру сыйлықтары ақын Мақсұтхан Баркөл-Дәлейұлы мен Гүлжанат Шонабайға берілді.  Жеңімпаздар мен жүлдегерлер құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Дұрыс айтасыз, Бішкек қаласының «ЭлТР» Қырғыз ұлттық телевидениясында фестиваль қорытындысы бойынша Қазақстанның өкілі ретінде мен, Ресейдің «Алтын қалам» әдеби қоғамдастығының негізін қалаушы әрі президенті, жазушы-журналист Светлана Савицкая, «РУХ-БЕЙНЕ» Халықаралық шығармашылық Академиясының президенті Қайыргүл Жолдошбекқызы және «РУХ-БЕЙНЕ» Халықаралық шығармашылық академиясының вице-президенті Сталбек Абдыраев қатысқан сүбелі сұқбат орын алды. Сұқбатта фестиваль қорытындысынан басқа, өзге мемлекеттердегі қаламдастармен байланыс, кітап шығару мәселелері, тағы басқа тақырыптар төңірегінде сөз қозғалды. Жалпы, Қырғызстан Республикасының Жазушылар одағымен меморандумға отырғалы шығармашылық қолдау мен әдебиет айдынында бір-бірімізді алға тарту нығаюда.

Әрбір жетістікке жеткен ер азаматтың артында дана әйел тұрады» — дейді. Сізді халық: ӘХЖО төрағасы ретінде ғана емес, жолдасыңыз Қайрат Дүйсеновтың ісін жалғастырушы, әрі көзден кетсе де көңілден кетпесін деген ниетпен, жарыңыздың халыққа жеткізе алмай кеткен еңбектерін жинақтап, жарыққа шығарып жүрген тұлға ретінде жақсы таниды.

— Иә, Қайрат өмірден өткен соң, тебіреніс үстінде жүріп оның өлеңдерін жинақтап, редколлегия мүшелерімен кеңесе отырып, 2022 жылы «Сенсіз күндер» естелік кітабын және Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай одақ мүшелерінің ұлы Абай тағылымына қатысты жазған әдеби шығармалары және арнау естеліктері енген «Адамзаттың Абайы» атты кітабын шығардық.

Биылғы жылы ӘХЖО-ның 10 жылдығы қарсаңында, Қайраттың көзі тірісінде 10 шақты данамен жарық көрген екі бөлімнен тұратын «Серпін — IMPULSE» атты кітабын қайта өңдеп, толықтырып, 300 данамен қайта басып шығардық. Кітаптың бірінші бөліміне соңғы жылдары жазған жаңа өлеңдері мен шет тілдердегі аудармалары қоса топтастырылған; екінші бөліміне әлемнің белгілі ақындарының шығармаларынан жасаған аудармалары түпнұсқасымен қоса енген.

«Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді» — деп Ақан сері айтқандай, сөзі мәңгі жасасын деп Қайраттың шығармаларын әлеуметтік желідегі жеке парақшама және ӘХЖО парақшасына жүйелі түрде салып отырамын.

Гүлхан Айтақынқызы, сұхбатыңызға көп рақмет! «Әлем Халықтары Жазушылары одағы» қоғамдық бірлестігінің мерейтойымен тағы да құттықтаймын! Одақ кемелденіп жұмысы алға баса берсін! Одақ қаламгерлеріне ынтымақ, ауызбіршілік, шалқар шабыт тілеймін!

Сұхбаттасқан Захра Әнуарқызы

 

Бүгін, 16:53
Телефон ойындарына тәуелді балаға қандай жаза қолданбаған дұрыс?
21 қантар, 13:57
Кредитті жылдам жабудың тәсілдері қандай?
16 қантар, 12:30
Жастар жұмыссыздығының себебі неде?
10 қантар, 15:56
Аңдамай сөйлесең, ауырмай ақша төлейсің
05 қантар, 14:12
Жасанды интеллект болашағымызға қауіп пе, әлде жаңа мүмкіндіктер алаңы ма?
03 қантар, 21:15
Боранды күні жолға шығатындар басқаларды да ойлауы керек
26 желтоқсан 2024, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан 2024, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан 2024, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр