«Әлеуметтік желілердің әсері, ықпалы ерекше. Өйткені, көп жағдайда проблемалар туралы әлеуметтік желілерден құлағдар болып отырамыз. Сондықтан, лауазымды шенеуніктердің де әлеуметтік желілерде отыратыны мені қуантады. Өйткені, олар халық көтеретін, халықты мазалайтын проблемаларды көреді, тікелей танысады. Кейде бір ай бұрын әлеуметтік желілерде талқыланған мәселелерді атқарушы билік қолға алып, олардың шешімін тапқан сәттерге куә болып жатамыз. Міне, сын болған жерде қоғам дамиды» дейді Атырау облысының мәслихат депутаты, «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің жергілікті өкілдігінің жетекшісі Александр Филиппович Думлер.
— Депутат ретінде облыстың медицина саласына сіңірген еңбегіңізді халық біледі. Өзіңіз жетекшілік ететін «Видергебурт» мәдени орталығының қызметіне тоқталып өтсеңіз. Әлеуметтік маңызды саналатын нендей жобалар жүзеге асырылды?
— Ұлтаралық қатынастарға сызат түскен әлем елдерінің қақтығыстардан көз ашпай, қиын жағдайға ұшырағандығына куә болып отырмыз. Бір ғана араб елдерін мысалға алатын болсақ, қаншама адам көз жұмды, жапа шекті. Ол елдердің экономикасы ондаған, тіпті, жүздеген жылдарға кейінге кетіп қалды. Осы жерде Ассамблеяның тиімділігін сезіну үшін бізге қысқа мерзімнің өзі жеткілікті болғанын атап өткім келеді.
«Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің жұмысына келетін болсақ, жиырма жылдан бері біз Қазақстан мен Германия арасында бірлескен жобаны жүзеге асырып келеміз. Жоба халықты әлеуметтік жағынан қорғаудың еуропалық үлгісін табысты енгізуімізге жол ашты. Нәтижесінде Атырауда әлеуметтік қызметкерлер пайда болды. Олар мұқтаж жандарға тұрмыстық қолдау көрсетумен ғана шектелмей, азаматтарды компьютерлік сауат ашуға баулуда. Зейнеткерлерді әлеуметтік қорғау мақсатында оларды сауықтыру орындарына жолдамамен орналастыру үлгісі енгізілді. Меніңше, бұл үлкен нәтиже.
— Германияға қаншалықты жиі барып тұрасыз? Тарихи Отанға біржола оралу туралы ойлар бола ма?
— Жас ұлғайған сайын туған елге оралу туралы ойлар болады. Бұл табиғи құбылыс та болар. Оның үстіне, Германияда этникалық отандастарын тарихи мекеніне көшіріп, орналастыру бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Бірақ, мен қазақтың немісін. Жүрегім Қазақстанға тиесілі.
Германияда жиі боламын деп айта алмаймын. Кейде жылына екі мәрте баратын жағдайлар болады. Ондағы достарыңмен, жора-жолдастарыңмен кездесудің өзі бір ғанибет қой. Жергілікті немістер және Қазақстаннан көшіп барған немістердің арасы жер мен көктей екенін әділдік үшін атап өту парыз сияқты. Немістер табиғатынан тұйық халық қой. Олар өзінің отбасы үшін ғана өмір сүреді. Ал, қазақтар үшін барша ағайын-туыс, көрші-қолаң, жора-жолдасқа дейін ыстық болып тұрады. Германияға барғанда біздер қазақылыққа салынып, ағайындарды, жора-жолдастарды жиі жинап, белгілі бір оқиға, жаңалықтарды
тойлап отырамыз. Сол кезде жергілікті немістер «бұл қалай?» деп таңданып жатады. Сондықтан, қазақтардың дархандығы бойыма сіңгенін өз басым мақтан тұтамын.
Тағы бір атап өтерлік жайт, Германияға көшіп кеткен қазақстандық немістердің дастарханынан бүгінде қазақтың асы арылмайтын болды. Және олар Қазақстанды, қазақ халқының қонақжайлылығын, дархандығын үлкен сағынышпен, сүйіспеншілікпен еске алып, әңгімелеп отырады. Мен үшін бұдан асқан мақтаныш жоқ. Себебі, мен қазақтың бүкіл болмысын бойына сіңірген неміспін, турасын айтсам қазақтың немісімін.
Сұхбаттасқан Баян ЖАНҰЗАҚОВА