Біздің қоғамда жаман Бір құбылыс пайда болды. Жұмысын жап-жақсы атқарып, тып-тыныш отырған басшыға қарсы кенеттен шабуыл басталады. Ондайда «сыныққа сылтау» да табыла кетеді ғой. Биыл, мәселен, премьер-министрден бастады, әрмен қарай жылыстап министрлерге ойысты. Қазір бұрышта бұғып, пәлежаласын қарша борататын топтардың найзасына әкімдер іліге бастады.
Алматы мен Шымкент сияқты мегаполистердің әкіміне қарсы ақпараттық шабуыл еш толастаған емес. Тек кемшілік іздейтін, кейде жақсыны жасырып, жаманды асыратын блогер немесе ботоферманың арқасында жайлы да майлы орынға көз тіккен тапсырыс берушілердің тұратыны белгілі. Содан шығар, Әйтеновке әбден шүйліккендер енді Досаевқа ойысты. Алдымен «сойқан пост» жазды. Одан түк шықпаған соң петицияға жүгініп, әкімнің отставкаға кетуін талап етті. Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуде қол жинағыштарға жауап берді. «Бұл жерде ботофермалар білек сыбанып жұмыс істеп жатқан сияқты. Петицияны көрдім. Ол жерде кейбіреулердің кім екені, аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі жазылмаған», – деді. Ол Алматы сияқты алып шаһардың жанды организм екенін, күн сайын бір мәселе шығып отыратынын жасырмайды. Сол себепті, қала тіршілігіне қатысты тұрғындардың ойпікірін қашанда маңызды. Дегенмен әкім өзін осы қызметке Мемлекет басшысы тағайындағанын, қызметіне де Президент баға беретінін мәлімдеді. Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов та қарша бораған сөздің астында қалды. Ютуб-каналда жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған каналдың біреуін жүргізетін Асхат Ниязов деген журналист облыс әкімдерінен жауап алғанды жүдә жақсы көреді. Бұл жолы таңдау Ақтөбе облысының әкіміне түсіпті. Қазақша сөйлемейтін Ниязов сұрақты орыс тілінде қояды. Тоғжанов оған қазақша жауап береді. Содан кейін облыс әкімі: «Ақтөбеде біз тек қазақ тілінде сөйлейміз. Орысша сұрақтың бәріне қазақша жауап бердім. Неге сен қазақ тілінде сөйлемейсің?» – деп қарсы сұрақ қояды. Ниязов оған: «Мен қазақ тілін білмеймін. Қазақстанда тумадым» деп ақталады. Қазақша үйренуге уәде береді. Ал содан кейін басталды! Әншейінде қазақ тілін білмейтіндерді жүндейтін аудитория кенеттен журналисті жақтай қалды. Ниязовты ақтап, Тоғжановты даттайтын мақала әжептәуір атағы бар бірнеше порталда жарық көрді. Досаевқа қарсы жасырын жұмыс жүргізетін ботоферма сияқты емес (кім біледі, олар да шексіз ғаламторда іске кіріскен шығар), кейбір БАҚ ашық кетті. «Қазақша неге сөйлемейсің» деген әкімді жерден алып, жерге салды. Соған қарап, өзіміз сынап жүрген Батыстың «екіжүзді стандартын» біздегі белсенділер де меңгерген бе дейсің. Ел алдында жүрген облыс басшысының ел алдында сайрайтын журналистің қазақша сөйлеуін талап еткені орынсыз ба? Қазақстанға көшіп келгеніне биыл он жыл болған журналистің осы кезге дейін қазақша үйренбей жүргені орынды ма? Оған қазылық айтатын біз емес. Бірақ жұмысын тәп-тәуір жүргізіп отырған әкімдерге тасадан тас жаудырып, аяқтан шалғанды тоқтататын кез келді! Қызметінен алып тастаса, бүгінгі басшы бастаған істі ертеңгі әкім аяғына дейін жеткізбейді. Зардабын тартатын баяғы қара халық.
Талап Тілеген