— Сәлеметсіз бе! «Алтын белгі» сатылатыны туралы хабарлама беріпсіз.
— Иә.
— Қай жақта тұрасыз? Барып алсақ деп едік.
— Алматы қаласы «Думан» ықшам ауданында.
— Не үшін сатып жатырсыз?
— Ақша керек.
— Біз jasqazaq.kz сайтынан едік. Толығырақ мәлімет алу үшін жолыға аламыз ба?
Осы сауалдан кейін әңгімеміз үзілді. 11 жылғы ізденісінің құнын 500 мың теңгеге бағалаған азаматқа қайта хабарлассақ та телефон тұтқасын көтермеді. Есесіне бұл ерекше жарнамаға қатысты білім және ғылым министрлігі пікір білдіріпті. Министрлік өкілдерінің айтуынша, елімізде төсбелгіні сатуға заңмен тыйым салынбаған. Аталған министрлік таратқан хабарламада «Бұл атаулы төсбелгі. Оның жанындағы сертификатта медаль алушының аты-жөні жазылады. Яғни оны біреуге беру немесе сату мүмкін емес. Тек медальдің өзі ғана коллекция жинаушыларын қызықтыруы мүмкін. Әрине, біз мұндай сауданы қолдамаймыз. Бірақ заңмен қудалау да мүмкін емес. Себебі «Алтын белгінің» көмегімен біреудің жеңілдіктерін ешкім де пайдалана алмайды», — делінген.