Танымал футболшы Мақсат Байжанов көршісін соққының астына алған.
Оқиға «Қайсар» Қарағандының «Шахтерін» 2:1 есебімен жеңген күні, яғни 20 мамырда орын алған. Қызылордалық команданың капитаны Мақсат Байжанов өзі тұратын тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан көршісі Гайдар Айдарұлының дүкенінің есігін қаққан. Есікті ашқан үй иесін бірден ұра жөнелген.
«Есікті ашып едім, мені ұра бастады. Мұны көршілеріміз видеоға түсіріп алды. Тәртіп сақшылары менің өтінішімді қабылдамады. Ал оны жайына қоя берді. Мүмкін, ол өзін жұлдызбын, жауапқа тартылмаймын деп ойлайтын шығар», – дейді жәбірленуші.
Тұрғындардың айтуынша, жанжал элиталық үйдің алдындағы автотұрақтағындағы орын үшін байланысты туындаған. Мұнда тұратын 30-ға жуық отбасы көліктерін бос орынға қойып үйренген. Алайда спортшының әйелі шағын алаңды сатып алғанын айтқан. Бұған көршілері келіспеген. Наразылықтарын ортақ чатқа жазып, пікір қалдырған. Солардың қатарында Гайдар Айдарұлы да бар.
«Мақсат Байжанов бізге сендер кімсіңдер-ей деп, күйеуім екеумізді балағаттады. Ал көршіміз Гайдарды әбден сабаған. Басынғандық қой», – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Раушан Байдалы.
Тағы бір тұрғын Дина Бердалиеваның айтуынша, текетірес футболшы мен әйелінің орнатқан бастырмасынан басталған.
«Біріншіден, әйелі оны заңсыз орнатып алды. Көршілердің көбін ескертпеді де. Осыдан кейін біз жиналыс өткіздік. Екіншіден, қазір де көрші-қолаңның бәрі бұл қоршауды алып тастауды сұрап отыр», – дейді ол.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің өкілі Гүлжахан Қайырбергеновамен сөйлескенімізде жәбірленуші Гайдар Айдарұлының арызы тіркелгенін растады.
«Оқиға 20 мамырда болған. Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы бұл істі тергеп жатыр», — деді ол.
Ал спортшының өзімен тілдесу әзірге мүмкін болмай отыр.