jasqazaq.kz

Аида Балаева: 15 наурызда қабылданатын шешім елдің ертеңіне қатысты саналы азаматтық ұстанымның көрінісі болмақ

23 ақпан, 16:12

Премьер-министрдің орынбасары-мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 15 наурызда өтетін референдумға қатысты пікір білдірді.

Ол өзінің Facebook парақшасында былай деп жазды: «Республикалық референдумға да санаулы күн қалды. Қазір еліміздің барлық өңірінде жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызын түсіндіруге бағытталған кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осы мақсатта құрылған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы төрағасының орынбасары ретінде мен үшін әрбір азаматтың реформаның шынайы мазмұнын терең түсінуі айрықша маңызды. Өйткені 15 наурызда қабылданатын шешім елдің ертеңіне қатысты саналы азаматтық ұстанымның көрінісі болмақ.

Ең алдымен, бүкіл құжаттың мағыналық өзегін айқындайтын преамбулаға тоқталған жөн. Ол «Біз, біртұтас Қазақстан халқы…» деген сөздермен басталады. Осы маңызды тұжырым мемлекеттегі биліктің бірден-бір қайнар көзі халықтың өзі екенін, Конституцияның шынайы авторы ел азаматтары екенін білдіреді.
Жаңа жобада «байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттілікті нығайту» және «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы» айқын көрсетілген. Бұл қазіргі Қазақстан Республикасының тарихи тамыры терең, ұлттың болмысы мен рухани мұрасын сақтау жолындағы сабақтастық сақталатынын айқындайды.
Сонымен қатар мемлекеттің унитарлық сипаты, шекараның мызғымастығы мен аумақтық тұтастығы нақты бекітіледі. Бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда бұл қағидаттардың конституциялық деңгейде бекітілуі – елдің тұтастығы мен тұрақтылығының басты кепілі. Қазақстан әрдайым біртұтас, бөлінбейтін мемлекет болып қала береді.

Преамбулада алғаш рет еліміздің даму бағытын айқындайтын маңызды құндылықтар да көрініс тапқан. Атап айтқанда, Әділетті Қазақстан идеясы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты. Бұл негізгі ұстанымдар құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, заң алдында баршаның теңдігін орнықтыруға және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Жаңа Ата заң адам құқығы мен бостандығын басты орынға қояды. Осылайша, адам және оның қадір-қасиеті конституциялық модельдің өзегіне айналып отыр.
Қоғамдағы бірлік, ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім құндылықтары да ерекше атап өтілген. Дәл осы құндылықтар еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік негізін қалыптастырады. Мәдениет, білім, ғылым мен инновацияны дамыту, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты әрі жауапкершілікпен қарау да елдің жаңғыру жолындағы басты басымдықтар ретінде көрініс тапқан.

Біз бейбітшілік пен барлық мемлекеттермен сыйластыққа негізделген достық қарым-қатынас орнатуға ұмтыламыз және келешек ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілігімізді терең сезінеміз.

Преамбула «…Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздермен аяқталады. Бұл қоғам болып саналы түрде ұйысып, ел болашағына ортақ жауапкершілік жүгін бірге көтеруге деген дайындықтың көрінісі деп білемін».

JQ-Aqparat

09 шiлде, 14:55
Қанат Шонбасов: Мақтадан дайын тігін бұйымдарын шығаратын тізбек қалыптасты
09 шiлде, 13:10
InEco Fest 2026: Табиғат, адам және өмір сүруге жайлы қала
07 шiлде, 12:35
Шығанақтағы шырғалаңнан - саяси және экономикалық тұрақтылыққа
03 шiлде, 16:01
Данияр Жүсіпов: «Шомылу маусымында қауіпсіздікке немқұрайды қарауға болмайды»
01 шiлде, 16:15
Номофобия балалар суицидіне түрткі болуы мүмкін
01 шiлде, 15:54
Рухани құндылықты сақтаудың жаңа кезеңі: Алматыда ұлттық мұра цифрлық форматқа көшірілу
01 шiлде, 13:32
ҚМГ мен Chevron геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды
01 шiлде, 8:54
Жаңа дәуір басталады: Мемлекет басшысы Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай үндеу жасады
30 маусым, 13:16
Президент: Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы