Ахмет Байтұрсынұлы және Зейнолла Қабдолов

16 желтоқсан 2022, 12:29

(Әдебиеттану ғылымындағы дәстүр мен сабақтастық)

 

Ұзап бара жатқан жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысын ойға алғанда, арманда кеткен қаншама қазақтың аймаңдай абыздары, кек пен күйіктен жүректеріне өрт түскен, өмірден ерте өткен қаншама кемеңгерлеріміз еске түседі. Соның бірі – міне, бір жарым ғасыр өтсе де ұлылығына шаң жұқпаған Ахаң еді. Ахаң –ғасырдың өзі туғызған тумысы бөлек, тұғыры биік, бір бойына шешендік пен көсемдік қатар қонған данагөйіміз.

ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлтының рухани көсемі, Алаш идеясының негізін қалаушы, Алаш үкіметі басшыларының бірі – Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқының қамына жасаған еңбегін қай қырынан алып зерттесек те, алдымен туған еліміздің тәуелсіздігі туралы әңгімеге келіп тірелеміз.

Ол қандай тәуелсіздік еді?! Алдымен – саяси тәуелсіздік. Мемлекеттік тәуелсіз¬дік. Рухани тәуелсіздік. Идеологиялық тәуелсіздік. Осынау негізгі – негізгі бағыттың барлығында да ұлт ұстазы, ұлы ойшыл, ұлы ағартушы, арынды ақын, көреген саясаткер, қарымды қаламгер, ғұлама ғалым Ахаң көш басында тұрды. Бұл жағынан Ахмет Байтұрсынұлына сол тұста ешкім тең келе алған жоқ. Алғашқы ақиқат – осы.

Ахаңды біз неге алдымен Алаштың рухани көсемі дейміз? Кез келген ұлттың мемлекеттік тәуелсіздігінде руханияттың, яғни рухани құндылықтардың алатын орнын және тарихи рөлін, керек болса, саяси мәнін ұлт қайраткері ретінде Ахаң жалпыұлттық өреден терең түсінді. Қоғам, ел өмірінің жаңа бір тарихи кезеңге ойысқан тұсында жаңа бағыт, ендігі уақыттың ұстанымдары қандай болмақ, нендей күйлерге көңіл бөлу, білім беру, әдебиет, өнер, тәрбие бағытындағы іс-әрекеттеріміз қай арнада өркендеуі керек, осының барлығын Ахаң жүрегінен өткізіп, дер кезінде аңғарды. Аңғарып қана қойған жоқ, соны өзінің еңбектерінде, алдымен қазақ зиялыларына, қалың елге түсінікті тілде (яғни ана тілімізде), осы уақытқа дейін кездеспеген тың әрі жатық ұғымдармен, атаулармен, сөз оралымдарымен, ғылыми негізде, әрине, адамзат өркениеті қол жеткізген биіктен, сол тұстағы қазақ қоғамының даму сатысынан, әлеуметтік жағдайына табан тірей отырып, ой түйіп, өзінің қаламының қуатына арқа сүйеді. Қалам қайраткері ретінде осынау алмағайып заманда ұлт қамына еңбек етуді өзіне парыз санады.

Қазақ қоғамының ХХ ғасыр басын¬дағы әлеуметтік-саяси, геосаяси жағдайы, экономикалық даму деңгейі, осының барлығын терең зерттеп, көрегендікпен алдын ала болжап, біліп алып барып ой қорытатын Ахаң сол кезеңде қазақ ұлтына, ел мүддесіне алдымен, яғни бірінші кезекте не жасау керектігін, қандай қадамдарға бару керек екендігін сұңғыла саясаткер, әлеу¬меттанушы, қоғамтанушы, қайраткер, терең білім иесі, көсем ретінде де дәл аңғарды. Осының барлығын ел мүддесіне, ұлт ұпайына айналдыру үшін бүкіл елдік өркендеудің негізгі өзегінде рухани жаңғыру тұру керектігін бірден болжады.

Сондықтан да қазақтың қамын қаймықпай айта алатын Ахаң қазақ ұлтының жаңа ғасыр басындағы даму жолының негізгі кілті руханиятта жатқандығын алдын ала білді. Ахмет Байтұрсынұлының осы орайда 1922 жылдың 8-шілдесінде «Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған «Қалам қайраткерлері жайынан» атты өзекті мақаласында: «қазақ жем болудан (орыс империясының тарапынан келуі мүмкін жағдайды меңзеп отыр) түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет (руханияттың бір саласы) қуатымен құтылады» деп көрегендікпен жазуы тегін емес. Ахаң сол кездің өзінде қазақ қоғамындағы әлеуметтік жағдайды шынайы болжап, қауіптің алдын алғысы келіп, жүрегі ауырғаннан ашық айтып отыр.

Сондықтан да Ахаңның бізге қал¬дырған баға жетпес рухани мұрасының басты-басты арналары: тарихи сананы қалыптастыру ілімі, әдебиет тарихы, тілтану ғылымы, әдебиеттану ғылымы, ақындық өнер, көсемсөз саласы болғандығы тегін емес. Елдік сананы көтеру үшін алдымен тарихи сананы, ғылыми сананы, көркемдік сананы көтеру керек екендігін Ахаң кемеңгер ретінде дер кезінде көре білді. Рухани тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрып, мемлекеттік тәуелсіздік болмайтынын білді.

Біз соның бір бағытына ғана, яғни ұлттың рухани санасын көтеру мақса¬тындағы Ахаңның бір ғана еңбегіне – әдебиеттану саласындағы ой-пікірле¬ріне, ғылыми тұжырымдарына ат басын бұрып көрейік. Ахаңның бұл саладағы басты еңбегі – 1926 жылы жарық көрген әйгілі «Әдебиет танытқыш» атты зерттеуі.

Ахаңа дейін сөз өнері ғылымын осы¬лайша зерттеген, жүйелеген, қаза¬қтың ұланғайыр, байтақ, мың жылдықтардан аман жеткен әдебиетін барынша қамтып, жан-жақты сөз еткен төлтума еңбекті қазақ тарихынан табу қиын. «Сөз өнері» деген әдеби-теориялық, ғылыми-танымдық ұғымды да алғаш рет енгізген Ахаң. Ұлтқа ұлттық әдебиеттану ғылымы ауадай қажет екендігін терең түсінген ғалым тыңнан түрен салды.

Енді Ахмет Байтұрсынұлы ана тіліміздің ұлы байлығын, шексіз мүмкіндігін қазақ сөз өнері ғылымын дәйектеуде қалай пайдаланғанын бағамдап көрейік. Ең алдымен Ахаң сөз өнері, әдебиеттану ғылымы саласындағы, ана тіліміздегі тұңғыш терминдер жүйесінің негізін қалады. Оның іргелі ғылым саласы ретіндегі фундаментальді тұғырын, методологиялық арналарын қалыптастырады. Әлемдік әдебиеттану ғылымындағы тәжірибеден өткен қолданыста бар ой-тұжырымдардың, пікір-байламдардың да бағытын аңғарып, соларды қазақ топырағында, қазақ танымында қалайша ұлттық ғылым игілігіне айналдырудың жолдарын да ұмыт қалдырған жоқ.
Қазақ әдебиеті теориясы ғылымының көш басында Ахаңның осынау еңбегінің тұруы өте заңды. Ахаңның қазықтай қағып, шегедей бекітіп кеткен әдеби-теориялық терминдерін, ой-тұжырымдарын, ғылыми түйіндеулерін ізін ала қазақтың тағы бірнеше теоретиктері араға жиырма жыл салып, кейін де ары қарай жалғастырып, Ахаң ілімін қалайша жаңаша түрлендіріп, жаңаша тереңдете, жанрлық тұрғыдан жаңа арналарға жіліктеп, заманға сай жаңа ой-тұжырымдармен толықтыра түскенін аңғарамыз.

Халық жазушысы, академик Зейнолла Қабдоловтың 1976 жылы жарық көрген «Сөз өнері» атты оқулығында Ахаң пайдаланған, бекіткен әдеби-теориялық терминдердің барлығы жаңа мазмұнмен байытылып, жаңа қырымен жарқырай түсіп, оқырман танымына құнарлы игілік болып қайта оралды.

Сөз зергері Зекең әдеби теориялық еңбектің өзін көркем шығарма деңгейіне дейін көтеріп, әрбір әдеби терминнің ішкі мазмұнын, сан құбылған сұлу атаулардың көркемдік құпиясын түсіндіріп, жанрлық атауларды жаңғырта аударып, әдебиеттің тегі мен түрлерін жаңаша түрлендіріп, тыңнан түрен салып, бейнелі тілмен төгілте баяндағанда ғылыми зерттеудің эстетикалық әсері еселей түседі.

Зекең де Ахаңның үлгісімен көркем мәтінге көбірек арқа сүйейді. Ахаң өзінің еңбегінде Абайдың, Мағжанның құдіретті поэзиясына, Ыбырай Алтынсарин, Мұрат, Байтоқ, Шернияз, Мәделі қожа сынды ақындардың туындыларына, батырлық, лиро-эпостық жырлардың мәтіндеріне көбірек жүгінсе, Зекең өз замандас ақын-жазушылардың қаламынан туған талантты дүниелерін мейлінше талдап, таразылайды.

Ахаң тапқан теңеулерге Зекең тапқан теңеулерді қосқанда қазақ әдебиеттану ғылымының көш ілгерілеп кеткеніне көзіміз жете түседі. Ахаңды ұстаз тұтқан, Ахаң еңбегіне табан тіреген Зекең осылайша әдебиеттану ғылымын жаңа белеске көтерді.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалап қана қойған жоқ, сол деңгейде қазақ әдебиеттану ғылымының да негізін қалаушы, осынау ғылым саласының болашақтағы барлық бағдарын айқындап берген, оның жаңа методологиялық арналарына тыңнан жол ашқан бірегей тұлға ретіндегі тарихи орнын да бағалауымыз қажет. Айталық, Мұхтар Әуезовтің Ахаңның мерейтойына арналған «Ақ жол» газетіндегі 1923 жылғы 4-ші ақпанда жарық көрген мақаласында «Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды», – дегені көш бастаушы ғалымға берілген үлкен баға, айрықша құрмет.

Ахаң туған әдебиетіміздің төл табиғатына, өзіндік құнарына, өзіндік болмысына тереңдеп баруды мақсат етеді. Бұл тәсіл көркем шығарманы талдаудың, оның әсіресе ішкі құрылымына талдау жасаудың әдістемелік құралына сенімді қол жеткізуге төте жол ашады. Автордың осы тұста өзі зерттеп отырған ғылым саласындағы ұғымдар жүйесінің ішкі байланысы мен ерекшелігін терең білумен бірге, оларды таңбалауда қазақ тілі құнарын образды, бейнелі тілде өте шебер пайдаланып отыратындығын тайға таңба басқандай аңғарамыз. Ал енді Ахаң өз зерттеуінің құлақ күйін қалай бастайды. «Өнердің ең алды – сөз өнері» деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ мал баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Барлық өнердің қызметін сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді», – дейді. Сөз өнерінің іргетасын, сөз өнері ғылымының тұғырын Ахаң осылайша түйіп айтады. Ары қарай «сөз өнері – қазақша – асыл сөз, арабша – әдебиет, Еуропаша – литература», – деп шегелей түседі.
Қазақ ұғымына өте жақын, қазақ санасына өте түсінікті етіп, сөз толғайтын автор еңбектің келесі тарауларында да осы жүрісінен жаңылмайды. Сөз өнері туралы тарам-тарам ой-толғамдарын, әдеби-теориялық категорияларды, әдеби-теориялық терминдерді еңбегінің өне бойында туған әдебиетіміздің байтақ әлемінен пікірге дәйек болатын мысалдарды ойып-ойып алып, өз тұжырымдарын тұздықтап отырады. Осы зерттеу методологиясын, ой қорыту, көркем мәтінді таңдап, талғау әдісін Ахаңнан кейін араға қырық бес жыл салып академик Зейнолла Қабдолов сәтімен пайдаланды, жүзеге асырды. Зекеңнің 1970 жылы жарық көрген «Әдебиет теориясының негіздері» атты зерттеу оқулығына зер салғанда Ахаңның бейнелі тілде сөйлеу стилін Зейнолла Қабдоловтың қалайша биіктетіп алып кететінін анық аңғарамыз. Осы дәстүр сабақтастығы екі автордың еңбегін салыстыра сөз еткен тұста айқын көрінеді.

Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы жарыққа шыққан әйгілі «Әдебиет танытқыш» атты ғылыми зерттеуінен кейінгі бір ғасырға жуық кезеңде Ахаң ту етіп көтерген Алаштық идея, Ахаң салған жол, Ахаң бастап берген қазақ әдебиеттану ілімі, яғни сөз өнері ғылымының дәстүрі тоқтап, тоқырап қалмай әр жылдары ұлтымыздың абыздары, академиктер Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов еңбектерінде жалғасын тауып, бүгінгі күні терезесі тең, ай маңдайы жарқырап, әлемдік эстетика ғылымында өз орнын тауып, туған әдебиетіміздің өркендеуіне қызмет етіп жатқандығын бүгінгі «Ахаңның жылы» тұсында қалай айтсақ та жарасады.

Кешегі дүниенің астаң-кестеңін шығарған ХХ ғасырдың басында әдебиет арқылы Ахаң қазығын қағып, діңгегін тұрғызған қазақ руханияты, рухани құндылықтарымыз ұлттық тәуелсіздігімізге әлі де сан ғасырлар қызмет ете беретініне сенімдімін.

Қансейіт Әбдезұлы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,
филология ғылымдарының докторы,
академик

Бүгін, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді