
Соңғы жылдары отандық ауыл шаруашылығы саласында өсу қарқыны байқалады. Мәселен, 2019 жылы жалпы өнім 5,2 триллион теңгеге жетсе, былтыр 9,8 трлн теңгені көрсетті. Демек екі есеге жуық өсім бар деген сөз. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытын айқындаған мемлекеттік саясаттың жарқын көрінісі деп пайымдауға болады.
Елдің экономикалық әлеуетін арттыруда аграрлық саланың үлесі жоғары, тіпті мемлекеттің ахуалын нығайтудағы күретамыры деуге де болады. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласына қаржылай қолдау көрсетуде ешқандай кедергі, шектеу жоқ. Керісінше, жылдан-жылға бөлінген қаражат мөлшері ұлғайып келеді. Заман ағымына сай, бәсекелестікке төтеп беру жолында жаңашылдықтың енгізілуі саладағы өндіріс көлемін ұлғайтты. Технологиялық деңгейдің көтерілуі, заманауи үлгідегі техникаларды қолдану, сапалы тұқым түрлерін өсіру, тыңайтқыш сеуіп жердің құнарын арттыру ісі де ілгері басуда. Жеңілдікпен берілетін қаржы ресурсының көбеюі де агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға орасан серпін беруде.
Пайызы төмен несиені 14 мыңға жуық азамат алып, ауылшаруашылығы өнімін өндіруді өрістетіп отыр. Әсіресе, өсімдік шаруашылығында өрлеу айқын: гектарына 16,3 центнерден түсім алудың нәтижесінде 25,9 миллион тонна астық жиналса, оның 19,3 миллион тоннасы – бидай. Былтырғы жыл еліміздің жер емген диқандары үшін өте табысты, молшылыққа кенелген жыл болды. Майлы дақылдарды өсіруден де рекордтық өнім жиналды. Бұған дейін біздің шаруалар 4,9 миллион тонна түсім алған емес. Бұдан сырт 2,8 миллион тонна картоп, 3,7 миллион тонна көкөніс, 2,5 тонна бақша дақылы алынды. Тағы бір мақтанышпен айтар жәйт — оңтүстік өңірдегі дихандар ақ алтын саналатын мақта өсіруде де қарыштап алға басып келеді. Гектарына 32 центнер өнім беріп, 466 мың тонна мақта жиналды. 2008 жылдан бері дәл мұндай межеге жеткен емес.
Ауыл шаруашылығында мол өнім алу үшін жерді тиімді пайдалану, иесіз жатқан алқаптарды игілікке жарату ісінде де қырағылық қажет. Егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында жұмыс жолға қойылып келеді. Бірер жылдың бедерінде бидайдың бір ғана дақыл ретінде егетін алқаптың көлемі 900 мың гектарға қысқарған. Есесіне, бұршақ тұқымдас дақылдарды өсіруге арналған жер көлемі 275 мың гектарға, ал табысы мол саналатын майлы дақылдарды өсіретін дихандарға берілетін жер көлемі 1 миллион гектардан асып жығылды. Бірлесіп, кооператив есебінде картоп өсіремін деген шаруашылықтар үшін де жылдан-жылға өнім алатын алқабы ұлғайып келеді, бүгінде 12,5 мың гектарға кеңейді.

Жерді тиімді пайдалану жөнінде Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев:
«Жер қатынастары бойынша өзіндік мақсатқа сай игерілмей жатқан жер көлемі – 453,1 мың гектар. Оның ішінде 2434 мың гектары ауыл шаруашылығы санатына жатады. Былтыр 91,1 мың гектар, яғни 298 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Азаматтар өз еркімен 75,4 мың гектарды қайтарса, сот шешімімен 15,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Енді бұл қайтарылған жерлер қайта игерілуі, болмаса ауыл шаруашылығы мақсатында тиімді пайдаланылуы керек. Осы бағытта қайтарылған жердің 42,5 мың гектары 325 учаскеге бөлініп, мал өсіремін деген шаруаларға берілген. Одан бөлек 29,1 мың гектарды құрайтын 256 жайылым учаскесі елді мекендердің тұрғындарына беріліп отыр», — дейді.
Агроөнеркәсіптік кешенді жандандыру жолында игілігі мол шаруаның бірі – лизингке техниканы жеңілдетілген пайызбен беру бағдарламасы.
Бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жобаға былтыр 250 млрд теңге бөлініп, біраз шаруа ескірген техникаларын жаңалап, жұмысты жеңілдетуге мүмкіндік алды. Сондай жандардың бірі — Алматы облысы, Кеген ауданы, Жылысай ауылының тұрғыны, шаруа қожалығының иесі Біржан Нұрмұханбетұлы. Атадан мұраға қалған төрт түлікті өсірумен шұғылданып келе жатқан шаруашылық иесі былтыр төмендетілген пайызбен лизингке трактор көлігін сатып алған.

«Біздің шаруа қожалықта бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Шабындық, егістік жер көлемін ұлғайтып, алатын өнім көлемін молайтуға қолдағы техникалардың көнеруі айтарлықтай қолбайлау болып келген еді. Былтыр лизингке трактор техникасын сатып алдық. Қолымызды әжептәуір ұзартты. Қазір көктем мезгілі, егістік даласындағы жұмыстарды қарқынды жүргізудеміз. Шаруашылықпен шұғылданып, төрт түлікті өсіруді кәсіп етемін деген азаматтар үшін мемлекет тарапынан қолдау, көмек мол», – дейді Б.Нұрмұханбетұлы.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында Мемлекет басшысы тиісті сала басшылығына бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Оның ішінде агроғылымға баса назар аударып, өңделген өнім көлемін жылдан-жылға ұлғайту міндеті де бар. Бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес, дегенмен алдағы уақытта алар асу да көп.
Қуан Көшек
Фото: massaget.kz