Абайдың арманы немесе қазақ мінезі қашан өзгереді?

14 тамыз 2020, 12:47

Абай хакім қазақтың мінезін, қылығын аямай сынады. Абай қашанда болсын, қазаққа мінез сыншысы болып қала береді. Неге дейсіз бе? Абай дәуіріндегі қазақтан осы күнгі қазақтың еш айырмашылығы жоқ. Әлі күнге дейін сол мінез-қылығымен өзгермей жүр. Өркениет көшіне ілесе алмай, даму жолында шалынып-сүрініп жүрсек, соның бәрі енжарлығымыз бен алауыздығымыздан.

Қазақ ойшылы тоғызыншы қара сөзінде «Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді» деп жазған. Задында, Абай қазақ ұлтын жек көріп, жеріген емес. Тек сүйгенінен, шын ұлтына берілгенінен күйініп, сүйінді. «Сүйесің, жүрек, күйесің» дегені бұл қызға деген махаббат емес, адамға деген, ұлтына деген шетсіз-шексіз махаббаты болатын.

Абай сөзі – тәлім-тәрбие, тағылым бұлағы. Философиялық астары терең, мағынасы ауқымды «Қара сөздері» – өмір сүрудің формуласы. Өзі айтқан «Толық адам», «Кәміл мұсылман» қағидасын санаңа берік орнататын трактат. Бірақ осы имани сөзге иланған қазақ бар ма? Абай сөзінен мінезін жанып, нәпсісін тыйған кім бар? Кешегі заманда болсын, бүгінгі күніңде болсын? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Тегінде, Абай шығармашылығында мораль мәселесі көп қозғалған. Ең көп айтылған, сыналған – надандық. Надандық – білімсіздіктен туындайтын қараңғылық. Надан адамның жүрегінде иман, көңілінде үміт болар ма? Оқуға, ілім-ғылымға ынтықпаған адамның көрері – осы. Абай жек көрген қазақ мінезі – білімсіздік, арсыздық, надандық, еріншектік, мақтаншақтық, жалқаулық, құқық бұзушылық, көрсеқызарлық т.с.с. теріс қылықтар. Бұл сүйегімізге әбден сіңіп, мерез боп қатып қалыпты. Енді бұған жағымпаздық пен жалтақтық, жемқорлық пен парақорлық қосылып, аяғымызды шідерлеп, теріс қылығымызға маталып отырмыз. Әлі күнге осы мінезімізден жапа шегіп келеміз. Жалқаумыз ба? Жалқаумыз. Парақорлық пен жемқорлық тіпті асқынып, адымымызды аштырмайды. Тіпті, осы ковид кезінде дәріні қамбасымен басып алғандардың ісі жемқорлық емей немене? Жағымпаздық ше? Өзінен билігі жоғары адамның алдында тізерлеп құлдық ұруға бармыз. Сатқындық пен көре алмаушылық та асқынып тұр.

Абайдың ұғымында еріншектік, жатыпішерлік, енжарлық еңбек етуге деген ынтаны мүлдем жоятын теріс қылықтар болатын. Әсіресе, Абай мұны баласын орынды-орынсыз әлпештеп, аузына барын салып, асты-үстіне түсіп, шектен тыс өбектеп, еңбекке араластырмай өсіретін ауқаттылардан көреді.

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын, – деп не тамақтан, не киім-киістен тарлық көрмеген бай баласының мінезін сынады. Бүгінгі қазақтың бай-бағланы да қарапайым қарашаның жанын ұға ма?
Абай айтқан адамның бес дұшпаны – өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ. Ашығын айтсақ, осы қылығымыздан теперіш көріп-ақ келеміз. Жыртылып-айырылып мақтанамыз. Даңғойлыққа салынып, шашыламыз. Ырыс-құтты ысырап етіп, несібені төгеміз.
«Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, етекбасты көп көрдім елден бірақ» деп кейіген еді ұлттың ұйтқысы данышпан Абай. Неге кейіді? Бұғаулыққа еріксіз түсіп, бас бостандығы мен зайырлығынан айырылып, империяға құл болған халқының можантопайлығы мен енжарлығынан, не білімі, не жұмысы жоқ надандығы мен бос кеуде мақтаншақтығына кейіп, өксіді. Заманды түземек боп, елін ұйқыдан оятуға харекет етті. Бірақ ол – жалғыз еді. «Атадан алтау, анадан төртеу» болса да рухани жалғыздықтың тақсіретін тартты. «Мыңмен жалғыз алыстым» деп айтқанындай, қалың тобырға, қара басының қамын ғана ойлайтын жуандарға қарсы шығып, ізгілік пен әділеттікті талап етеді. Төбе би ретінде шариғат жолымен кесімін айтады. Қазақ тұрмысына икемдеп Ереже жазды. Өз балаларын ғана емес, ауыл-аймағындағы талапты көгенкөздерді оқытты. Оқуына қаржылай демеушілік көрсетті. Адамдық жолын нұсқады.
Абай сөзін ұғып, жүректеріне ұялатқан ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандары еді. Олар Абайды жаңа заман, азаттық пен дербестік тілеген, бодандық қамытынан босауды көксеген тұлға деп таныды. Оның поэзиялық-прозалық шығармашылық мұрасын ұлт әдебиетінің қазынасы, реформалық жаңа сипаты деп бағалады. Хакімді әдебиет пен мәдениет құбылысы ретінде қазақтың құбыласына айналдырды. Асқақтатып, тұғырын биіктетті. Азаттық идеясын Абай сөзінен тапты. Ұлттық бұлқыныс жолында Абай айтқан бес жақсы қасиетті өзек қылды. Қараңғы елді білімге, ғылымға шақырды. Ауқаттыларды Алаш идеясына жұмылдырып, мектеп пен медресе аштыртты. Ұл баланы ғана емес, қыздарды да оқуға міндеттеді. Тек дін ғылымын емес, дүние және жаратылыс ғылымын игертуге күш салды. Қазақ медицинасының негізін салды. Ауру-сырқау асқынып, індет көбейген ауыр жылдарда дәрігер жастардың қатарын арттырды. Науқасқа көмекші құрал болсын деп медициналық сақтану шаралары туралы кітаптар жазды. Алаш арыстарының ең басты миссиясы – қазақты Абай сынаған жаман мінез, теріс қылықтан арылту-тұғын.

Бірақ… Тағы да сол қазақ оқығандардың сөзіне ерді ме? Патшалық биліктің қуғынын көрген, кеңестік қызыл үкіметтің айдауынан өтіп, ақыры ұлт мүддесі үшін бастарын өлімге тіккен арыстарды қолдады ма? Керісінше, ұлтым деген ерлердің үстінен арыз-шағымды қарша боратып, донос айтып, алдыңғы рухы биік толқынды ату жазасына кестірді. Олардан қалған асыл ұрық ұрпақты итжеккенге айдатты. Әйелдерін зарлатып, АЛЖИР түрмесіне қаматты. Бұл – Абай сынаған, жек көрген, ең сорақы мінез – сатқындық пен алауыздық болатын. Содан кейін қазақ осы мінезінің кесірінен 70 жыл большевиктік биліктің зардабын шекті. Ділінен, дінінен, ұлттық құндылығынан айрыла жаздады.Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, «Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ». Отыз жылға жуықтаған Тәуелсіздік сол жоғалғанын, өшкенін, сөнгенін түгендеумен келеді. Ұлттық мүдде үшін күресіп-ақ келеді.

Сөзімізді түйіндей айтсақ, Абайдың ғақлиялық мұрасына шын иланып, өткен ащы тарихымыздан сабақ алып, береке-бірлігімізді арттырып, жаман мінезден жерініп, бес асыл істі жүрекке сіңдірсек, азып-тозып кетпеспіз… Абайды оқыған, Алаш мүддесін ұстанған елдің болашағы зор болмағы баршаға аян.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
алаштанушы,
ҚР «Дарын» мемлекеттік
жастар сыйлығының лауреаты

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?