Астанадан бір топ депутаттар легі Ақтөбеге келді. Қонақтар қаладағы түрлі нысандарда болып, өңірді аралап жүр. Кеше бір топ депутат жергілікті кәсіпкер Арман Жетпісбаевтың жылыжайында болды. Депутаттар сапарынан ақпарат таратуға барған журналистерді кәсіпкер қуып шықты деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
«Депутаттар сапарынан репортаж жасау үшін «Ізет грин хаус» жылыжайына бардық. Жылыжай директоры Арман Жетпісбаев журналистерді кіргізбей айқай шығарды.
«Маған журналистер керек емес, қазір жылыжайдың ауласынан да шығарып жіберемін. Маған әкімшілік журналистердің келетінін айтқан жоқ» деп дауыс кетерді», — дейді жергілікті журналист.
Әкімшіліктің бұйрығын ғана орындайтын ақтөбелік кәсіпкерлер «Үстеріңде халаттарың жоқ» деп журналистерді жолатпауға тырысқан. Ал, жылыжайға депутаттардың өздері ғана емес, көліктеріне дейін аулаларына кіріп кеткен.
«Мекемеде карантин деп журналистерді жолатқан жоқ. Ал өздерінің жұмысшылары халатсыз жүр», — дейді журналист.