Ақтөбеде қайыр, садақа сұраушылар қатары артты. Облыстық ІІД рейдке шығып, тұрғындардың мазасын алғандарды әкімшілік жауапкершілікке тартып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбеде қайыр-садақа сұрайтындар әр жұма күні мешіт жағалап, базарлар мен халық көп шоғырланатын орындарда қол жайып жүр. Тұрғындардан мейірім күтіп, «тамақ алуға ақша берші» деп жүрген адамдар туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Ал, Ақтөбе облыстық ІІД «Қайыр сұраушылар» жедел-профилактикалық шарасын бастады. «Облыстық Жергілікті полиция қызметінің 300-ден астам қызметкері мобильді топ құрып, адам көп жиналатын орындарды, ойын-сауық кешендерінің жан-жағын, орталық көшелерді бақылауға алды. «Қайыр сұраушылар» алдын-алу шарасы кезінде қайыр садақа сұраушылар, белгіленбеген орында такси қызметін ұсынушыларды және жыныстық сипаттағы қызмет көрсетушілерді анықтады. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады»,- деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі. Айта кетейік, қоғамдық орындарда жүріп қайыр-садақа сұраушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Қоғамдық орындарда тиісу» бабы бойынша 10 мың теңгеден астам айыппұл төлейді.