jasqazaq.kz

Ақ бесігімді тербеткен апам…

04 шiлде 2017, 10:24

Ана жайлы пайғамбардың сәлемі,

Ана жайлы ақындардың өлеңі

Адамзаттың ең ардақтысы, ең сүйіктісі, жүрегінде ең басты орын алатыны — Ана. Ана алақанын мамыққа, ана сөзін бесік жырына теңейді. Әрине, адам баласына анадан жақын ешкім болмайтыны рас.

Алайда, менің анамнан да ыстық әрі аяулы адамым ол — Апам. Аяулы апам, әкемнің анасының аты жөні – Әйімжан Әбдиқызы. Кішкентайымнан апамның қолында өсіп, тәрбиесі мен махаббатына бөленгенмін.Сол үшін де азан шақырып қойылған Назым атым ауылда «Апасының қызына» алмасып кеткен. Анамның айтуынша, сәби кезімде жылаған даусымның қаттылығы соншалық, бір күні көрші үйдегі ұйықтап жатқан кісі шошып ояныпты. Соған қарағанда, аурушаң болғанмын, сірә. Сонда апам қойдың майын қыздырып, денемді сылап, қалың көрпемен орандырып қояды екен.

Апамның алақаны қашанда жылы, тіпті ыстық, ал аяғы болса мұздай сұп-суық болатын. Қойнында жатқанымда аяғын сипап, «Апа, неге осы сіздің аяғыңыз жылымайды?» деп сұрағанымда, «Енді жылытсаңшы, қарағым» деп, маңдайымнан сүйіп қоятын.

Бес жаста ауыл мектебіне барғанымды кұлімдеп еске аламын. Таңертең «Анаң келді, есіктен сығалап тұр», деп сыбырлайды. Сонда мектепке барғым келмей, анамның сөзін естімегенсіп, апамнын артына тығылып қалатынмын.Сөйтіп үш ай оқыдым да, қыс түскенде мектепке тіпті бармай қойдым. Сол кезде апамның айтқан сөзі: «Керек емес, бармай-ақ қойсын. Қыстың қақаған аязында қандай оқу?.. Аттестатты сатып алып берем…» Жақында сол мектеп бітіру құжатымды да қолыма алдым. Шіркін, беске толы аттестатты көргенде апам көзіне жас алып қуанып, сандықтың түбіне тыққан тиынын қояр да қоймай қолыма ұстатар ма еді деп ойлап қоям…

Апам ылғи да пештің жанына етегін түре салып, отыра салатын. Үндемей, бір терең ойға батып кетеді. Мен де қасына келіп, істегенін қайталайтынмын. Біраздан соң қызықты әңгімесін бастайды. Жастық шағында басынан өткен көптеген оқиғалары кез келген ертегіден де қызықты. Екі қолын артына ұстап, шамалы бүкірейіп жүретін.Мен соны қызық көріп, артынан тура солай ақырындап қадам басамын. Осылайша апамның жанынан шықпайтынмын, ол да қайда бармасын, мені өзімен ертіп жүргені… Көшеде балалармен ойнаудың орнына апаммен бірге ауыл аралап қыдыратынмын. Бір үйден екінші үйге кіріп, шәй ішіп, қалтамды бауырсақ пен кәмпитке толтырып, үйге қуанып оралатын балдай балалық шағым-ай!..

Жіңішке, ұзын саусақтарында сақиналары ылғи айналып кете беретін. Әлі күнге дейін «Неге менің саусақтарым апамдікіндей сұлу емес?» деп ойлап қоямын. Сол са-усақтарымен неше түрлі ою өрнектермен безендірілген құрақ көрпе тігетін. Инені сабақтағанда, «Әкеліңіз, апа, сабақтап берейін» дей сала, қолындағы иненің көзінен лезде жіпті өткізіп жіберетінмін. Құрақтарын мұқият қарап, қызығып, «Мынау не? Анау не?» деген сұрақтарды қоя беремін.Сонда апам күлімсіреп, әр оюдың атын, оның қандай мағына беретінін түсіндіріп отыруға ешқашан жалықпайтын. Кешке қарай екеуміз апамның алған медальдары мен жастық шақта түскен суреттерін көретінбіз. Сарғайып кеткен ескі суреттерде кішкентай сәби әкемді көріп, ішегім қатып күлемін.«Мынау, Еркін ба? Қандай күлкілі!» деп таң-тамаша болатынмын. Иә, мен әкем мен анамды есейгенше тек атымен атап келдім. Өйткені күллі ауыл «Апасының қызы» дей бергесін, «ана», «әке» деген сөздердің бар екенін қайдан білейін?..

Біздің Ақтөс атты кәндек итіміз болатын. Өзі момын, жуас ит.Оны біліп алған томпақ інім бейшара Ақтөстің үстіне бар салмағымен мініп алатын. Мен де оған қызығып артына мінгесіп аламын. Ақтөс бір қыңқ ететін де, қара екі көзі мөлдіреп қоя беретін. Мұны көріп, апам: «Қойыңдар, құлындарым. Бұлай болмайды. Жеті қазынаның бірін босқа мазаламаңдар», дейтін.

Апамның үйінде мал да, бақша да болатын. Бақшада жаның не қаласа, соның бәрі өсіп тұрады. Көзің қызарып, сілекейің ағып, ішің шұрылдап кетеді. Бала балалығын істемей ме? Әлі піспеген, тіпті қызармаған таңқурайға қызығып, тастамай киетін сүйікті қызыл тақияма көк таңқурайды теріп жүргенімді апам көріп қойды. Сонда ұялғанымнан екі бетім әбден піскен таңқурайдан да асып қызарып кеткені есімде.

Апамның жасаған тамағы — бір бөлек әңгіме. Мен үшін апам сияқты ешкім ет асып, бауырсақ пісіре алмайды. Ал қазанға пісіретін жаппа нанын айтсаңшы… Дәмі әлі күнге дейін тілімнің ұшында тұрғандай. Сонда мені ғана шақырып алып, ешкімге көрсетпестен жаңа піскен ыстық нанға май жағып беретін. Жаздың ыстық күндерінде апамның салқын көжесін сіміріп алып, шөлімізді қандыратынбыз. Ал түстен кейін қарным ашқанда, апам бір кесе айранға бауырсақты турап, кішкене қант қосып беретін. Дәмі тіл үйіруші еді-ау!.. Ал қазір өзім жасасам, мүлде басқаша болып шығады.

Қазір осы айтылғанның бәрі де тек жанға жағымды естелік қана болып қалды. Апаммен өткен ең болмаса бір минут үшін барымның барлығын беруге дайынмын. Мен биыл мектепті бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсіп, ересек өмір атты сапарға аттанып бара жатырмын. Апамның рухы мұны көріп, төбеден тілеуімді тілеп, маған күлімдеп қарап тұрған болар…

Назым Еркінқызы

20 маусым, 13:08
Түркістан: Бос орындар жәрмеңкесі мен форум өтті
20 маусым, 12:52
Түркістан: Балалар суицидіне түрткі болатын жағымсыз факторларға қарсы күрес жалғасады
20 маусым, 11:59
Түркістан: Жеті жылда тұрғын үй құрылысы үш есе өсті
20 маусым, 11:34
Кибербуллингтің алдын алу – суицидке жол бермеу
19 маусым, 16:05
Түркістан: Жеті жылда индустриалдық аймақтардың жұмысы өрледі
19 маусым, 15:22
Рухани құндылық: «Дәстүрін дәріптеген әз Түркістан» өнер фестивалі өтті
19 маусым, 14:41
Түркістан: Жеті жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 4, трлн теңгеге жетті
18 маусым, 16:26
Шара Әбдірахманова: Бала ештеңе айтпаса да, іштей көмек сұрап тұруы мүмкін
18 маусым, 15:10
Түркістан: Келес ауданында газ тартылып, жол жөнделіп, ауыз сумен қамтылуда