Ирак армиясы «Ислам мемлекетінің» бақылауындағы соңғы аудан — Мосулдағы Ескі шаһарға шабуылдың басталғанын хабарлады. Хабарламаға сәйкес, арнайы әскер батыстан, ал федералдық полиция — оңтүстіктен лап қойды. БҰҰ деректеріне сәйкес, Ескі шаһарда 100 мыңдай бейбіт тұрғын бар. Оларға мүмкіндігінше қаладан кету қажеттігі ескертілді. Соңғы екі аптада, ұйымның есебінше, Мосулдың батыс бөлігінде 230-дай бейбіт тұрғын қаза тапты. Кейбірі авиасоққы, атыстың құрбаны болса, қаладан қашып кетуге әрекеттенген кейбіріне ИМ снайперлері оқ атқан. Қашып шығып үлгергендер қаладағы мүшкіл жағдайды жеткізді. Олардың айтуынша, жергілікті халықтың азығы, суы таусылуда. АҚШ-тың қолдауымен Мосулды азат ету бойынша ирак күшінің операциясы 9 айға созылуда.