Облыс əкімі Мəлік Мырзалин жұмыс сапарымен Атбасар қаласында болып, тұрғындармен кездесті, сондай-ақ, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбастарындағы бір топ балаға жазғы лагерьде демалуы үшін жолдама тарту етті.
Тұрғындармен өткен кездесуде облыс басшысы өңірде көктемгі су тасқынының зардаптарын жою жəне инфрақұрылым мен əлеуметтік нысандарды қалпына келтіру бағытында тиісті шаралар жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті.
– Биылғы көктем біз үшін үлкен сынақ болды. Су тасқынынан Атбасар қаласы көп зардап шекті. Мұнда 644 тұрғын үй суда қалса, оның біразы жарамсыз деп танылды. Оған қоса, мектеп, балалардың сауықтыру лагері жəне көліктік коммуникациясына залал келді. Табиғат апатының зардаптарын жою үшін облыстық бюджеттен 660,6 миллион теңге қаржы бөлінді, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Одан әрі облыс әкімі Атбасарда көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардағы 50 балаға «Discovery Borovoe» сауықтыру орталығына демалуы үшін жолдама берді. Сонымен қатар, су тасқыны кезінде ағын суға батқан мектеп автобусындағы балаларды құтқаруға қатысқан аудан тұрғындары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Құтқару операциясына белсенді қатысқаны үшін», 3-ші дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгілері және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 16 сəуірінде «Атбасар-Көкшетау» тасжолында балалар мінген мектеп автобусын тасқын су жолдан тайдырып жіберген болатын. Осы күні бұл құтқару операциясына қатысқандардың барлығы марапатталды.