Түркістандық 8 баланың анасы жұмыссыз қаламын деп алаңдап отыр. Себебі басшысы қазан айынан бастап жұмыстан кетесің деп ескерту берген. Шеттей баласымен далада қалмаудың қамына кірісіп, талай есікті қаққан «Алтын алқа» иегері енді елбасы Назарбаевтан көмек сұрайды. Бір қызығы оның президенттен көмек сұрамақ болғанын естіген басшысы «Қайда барсаң, онда бар. Бәрібір жұмыстан кетесің» деп жауап қатыпты. Бұл туралы көпбалалы ана NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісіне айтып, жанайқайым билік басындағылардың құлағына жетер деген үміті барын да жасырмады.
Түркістандық тұрғын Жанат Ерімбетова небәрі 30 жасында өмірге 8 баланы әкеліп, «Алтын алқа» иегері атанған. Кенжесін дүниеге әкелмес бұрын Түркістан қалалық емханада медбике қызметін атқарып жүрген ол аталған мекемеден декреттік демалысқа шығады. Былтырғы жылдың соңында жұмысқа қайта шыққан ол емханаға жаңа басшы келгелі маза қашқанын айтты.
«Көпбалалы ана ретінде қала әкімінің қабылдауында болып, сол кісінің араласуымен 2015 жылы осы емханаға жұмысқа уақытша қызметкер болып тұрғанмын. Сол кездегі бас дәрігеріміз штат әне-міне боп қалады деп сол күйі тұрақты жұмысқа орын болмады да, декреттен жұмысқа шыққан мен әлі күнге дейін уақытша қызметкер міндетін атқарып келемін» деп ашынған Жанат Ерімбетова қазан айында жұмыстан кететінімді естігенімде төбемнен жай түскендей болды дейді.
«Жанат Ерімбетова бұл мәселе бойынша 3-4 рет арыз жазды. Менің ол кісіге жұмыстан кететіні туралы айтқаным рас. Себебі еңбек кодексі бойынша қызметкерге бұл алдын ала ескертілуі қажет. Ол кісіге мән-жай түсіндіріп айтылды. Себебі ол кезінде декреттік демалысқа шыққан қызметкердің орнына уақытша жұмысқа қабылданған. Енді декреттік демалыстағы адам жұмысқа қайта шыққалы отырған соң уақытша қызметкер орынды босатуы тиіс. Егер босатпаса, бала күтімімен демалыста болған қызметкер шағым түсіреді. Біз Ерімбетова Жанаттың жоғары жаққа жазған шағымдарына жауап беріп қойдық. Ондағылар егер заңсыз болса, айтатын еді ғой» деген бас дәрігер өзіне дейінгі басшы жұмысшыларды орынсыз қабылдап, бүгінде аталған емханада жүзге жуық адам уақытша қызметкер қатарында жүргенін жайып салды. Ал оның барлығына штат қарастырып беру әзірге мүмкін емес деп отыр.