244 ТЕҢГЕ

10 желтоқсан 2021, 11:30

«Көктен киіз жауса да, кедей ұлтараққа жарымайды» деген сөз бар қазақта. Бұл нақыл дәл қарағандылық Дариға Қазанғаповаға қаратып айтылған сияқты. Себебі 2021 жылы еліміздегі жағдайы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беру үшін қазынадан 122,8 миллиард теңге бөлінген. Бірақ мемлекеттің миллиардтарынан 4 баласы бар анаға мардымсыз тиын-тебен бұйырыпты. Бұл отбасы соңғы екі айда 244 теңге атаулы әлеуметтік көмек (АСП) алған. Айға шақсаңыз, 122 теңгеден келеді. Әр баласының бір айлық ішіп-жемі мен киім-кешегіне «бақандай» 30 теңгеден аударылған. «Бір бөлке нан келмейтін ақшаға 4 баламды бір ай бойы қалай асыраймын» деп жыларман болып отыр отанасы.

Көпбалалы отбасы Қарағанды шетіндегі ескі үйде тұрады. Алпыс жыл бұрын саманнан салынған там құлауға шақ тұр. Бірақ басқа барар жері, басар тауы болмағасын, ескі де болса, осыны паналауға мәжбүр. Жыл басында Дариға Қазанғапова 125 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алғанын айтады. Бірақ жазда бұл ақша кілт тоқтаған. Сөйтсе, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындайтын комиссия ауладағы алақандай жерге егілген картопты есептеп, табысқа кенеліп отырған отбасы ретінде қабылдапты.

Дариға Қазанғапова: «Бұл жерден шыққаны бір жарым, екі қап картоп. Біз оны алты жанға бөлдік. Сонда қаптың түбі көрінді», – дейді.

Осыдан кейін көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға қайта арыз берген. Бірақ арнайы комиссия оны қабылдамапты.

«Екі айға 244 теңге атаулы әлеуметтік көмек түсті. Әр балаға екі айға 60 теңгеге жөргегі мен нанын алып беруім керек екен. Бір айда әрқайсысына 30 теңгеге нан да ала алмаймын ғой. Қазіргі нан бағасын білесіздер. Сол 122 теңгеге күніміз қарап қалған деп ойлады ма? Ол жағын енді айта алмаймын, бұл маған салсаңыз, мазақ ретінде болып тұр», – деп күйінеді Дариға Қазанғапова.
Ал шенеуніктер ауладағы картоптың көлемі әлеуметтік көмекке аса ықпал етпейді деп ақталды. Отбасының 122 теңге көмек алуына жәрдемақы мен отағасының жалақысы есептеліп тұр екен. «Сондықтан осындай сома шығып тұр екен», – дейді Қарағанды қаласы әлеуметтік жәрдемақы тағайындау бөлімінің басшысы Людмила Харитонович:

«Бұл отбасы 122 теңгеден бөлек, балаларына азық-түлік жиынтығын алады. Оның ішінде сүт, дәнді дақылдар және балалар тағамы бар. Сонымен қатар отбасындағы екі бала мектепте тегін ас ішіп жүр. Мемлекет кепіл берген көмектің барлығын алып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл отбасының асып-тасып өмір сүруіне ай сайын 122 теңге артығымен жетеді», – дейді шенеуніктер. Сондықтан ортақ жүйе есептеп берген соманы еш өзгерте алмаймыз деп отыр.

Ал қабырғасы қақырап, төбесінен су сорғалаған апатты баспанада алты жан қысты қалай өткереміз деп алаңдауда. Өйткені үйді жылытатын көмір де жоқ. Өңірде қатты отынның тоннасы 18-20 мың теңгеден сатылып жатыр. Оған отағасының айлығы жетпейді. «Атаулы әлеуметтік көмек деп берілген 122 теңгеге бір құшақ ағаш та келмейді» дейді кейіген ана. Әр баланың өз несібесі бар деген отбасының бар арманы баспаналы болу. Бірақ бұл арманның бүгін-ертең орындалатын түрі жоқ. Өйткені көпбалалы отбасы пәтер кезегінде 1680-ші болып тұр екен.

Диас Нұрақын

25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді