Бұл жөнінде ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов баяндады деп хабарлайды jasqazaq.kz тілшісі. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, 2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша жұмыспен қамту орындарында жұмыссыз ретінде 151,7 мың адам тіркелген.
Сонымен қатар Біржан Нұрымбетов азаматтардың қысқа мерзімде кәсіптік білімді қалай игеріп жатқандығын да атап өтті. «Бағдарламаның техникалық-кәсіби біліммен және қысқа мерзімдегі кәсіби оқумен қамтамасыз ету көзделген алғашқы бағыты аясында, биыл техникалық әрі кәсіби білімі бар 21,3 мың кадр даярлау және де 70,3 мың қазақстандықты қысқа аралықта кәсіби оқыту жоспарланып отыр. Өңірлік комиссияларда 360-тан астам білім беру ұйымының тізімі бекітіліп, оларда оқытылатын кәсіптер тұрғысында орындар айқындалды. Есептік кезеңде оқуға 921 адам өтініш білдірді. Оқу сабақтары бүгінде қажеттілікке ие кәсіптер бойынша қолға алынады. Олар слесарьлік іс, электрмен жабдықтау, қонақ үй шаруашылықтарына қызмет көрсетуді ұйымдастыру, мұнай-газ құбырлары мен қоймаларының құрылысы мен қолданысы және тағы басқалар. 1 шілдедегі дерекке сүйенсек, 21 127 адам қысқа мерзімді оқуға жіберіліп үлгерді», – деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов.