Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңінде Шотландиның «Селтигімен» қарсылас болған елордалық клуб Еуропа Лигасының топтық кезеңіне жолдама алды.
«Селтик Паркте» ойсырай ұтылған Стойлов шәкірттері азуларын қайрап жүріп дайындалды бұл ойынға. Қатардан шығып қалған Юрий Логвиненконың орнына Марин Аничич шыққанына қуанғанымен, Евгений Постников пен Игорь Шитовтың негізгі құрамда шыққанын құптай қоймады жанкүйерлер.
Сонымен, көптен күткен қарымта қайтарар уақыт жетті. Ойын болардан екі-үш күн бұрын-ақ спорттық басылымдар Роджерс пен оның ойыншылары айтқан әрбір сұхбатты мезетінде таратып жатты. Олар да өздерінің сенімділіктерін барынша көрсетуге тырысып бақты.
«Астана Аренадағы» матч алғашқы минуттан-ақ толассыз шабуылдармен өрбіді. 26-минута Шомко асырған пасқа «Селтик» ойыншысы Айер аяғын тосып қалды. Есеп — 1:0! Ал текетірестің 34-минутында алаң ортасындағы қателіктен кейін Синклер кезекті голын соқты қақпамызға. Бірінші тайм аяқталды осылайша. Ласло Кляйнхайслер жарақат алып, орнын Срджан Граховацқа босатты. Станимир бапкер ойыншылардың намысын қайта жанып, үлкен қайратпен аттандырды алаңға. Бұл мотивация нәтиже берді. 47-минутта ГРаховац асырған допты Мұжықов асқан шеберлікпен Гордонның қақпасында тулатты. Жанкүйерлерде үміт оты қайта маздады. Бұл голдың қуанышы тарқамай жатып 49-минутта Патрик Твумаси Шомконың сол қапталдан асырған пасын голға айналдырды.
Таблодағы көрсеткіш – 3:1! Ал 68-минутта команда лидері Патрик Твумаси «Селтиктің» «стилінде» оң қапталдан төртінші голды соқты. Жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ. «Астананың» ойыншылары да, бапкерлер алқасы да камбэкке сене бастаған-ды. Бірақ… бірақ әлгі Нтчам соққан гол қос кездесудің нүктесін қойды. Оның артынша Ли Гриффитс және бір гол соқты Эричке. Қос кездесудің қорытындысында 8:4 есебімен ұтылған «Астана» УЕФА Еуропа Лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Кәріқұрлықтың клубтар арасындағы белді турнирінің негізгі кезеңінде ойнау – Қазақ футболы үшін абырой. Стойлов бастаған елордалық ұжым енді Еуропа Лигасында Лондондық «Арсенал», Миландық «Милан» грандтарымен кездесуі ықтимал. Қалай десек те, «Астана» құрметке лайық! Енді мына қызықты мәліметтерге назар аударыңыз: -«Астана» «Астана Аренадағы» жеңіліссіз серисын 15 ойынға жеткізді. -«Астана» 2000 жылдан бері Чемпиондар Лигасында «Селтик» қақпасына 4+ гол салған төрт команданың біреуі. Бұл тізімде қазақстандық клуб «Барселонамен» иық тіресіп тұр.
Роджерс келесі жылы «Астанамен» кездестірмеуді Құдайдан тілейтінін айтты. Стойлов қыста келісім-шарты біткеннен кейінгі уақытқа жоспар құрмағанын айтты. Стойлов Твумаси қыстағы трансферлік терезеге дейін кетпейді деген емеурін білдірді. Ал кеткен жағдайда еш өкінбейтінін, қолда бар ойыншылармен қызмет жасай беретінін жасырмады.
Әділет МӘДЕНИЕТ