Отбасындағы зорлық-зомбылық – бүгінде бүкіл қоғамды алаңдатып отырған мәселе. Биылғы қазан айында Үкімет отырысында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева соңғы 4,5 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмғанын, денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 дерегі тіркелгенін айтқан болатын.
Дегенмен мемлекет те қол қусырып отырған жоқ. Ел ішінде жан-жақты көмек көрсету үшін 68 отбасылық қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетеді, отбасы институтын нығайтуға күш салады.
Jasqazaq.kz порталының тілшісі Алматыдағы «Дағдарыс орталықтары одағының» төрағасы Зульфия Байсақовамен сұхбат құрып, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы қалай күресуге болатынына жауап іздеді.
-Зульфия Мұхамедбекқызы, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық неден туындайды?
— Біздің еліміз үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өте өзекті екенін білеміз. Сараптама жүргізетін болсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туындауының бірнеше себептері бар. Мәселен, материалдық жағдай, яғни тұрақты жұмыс пен табыстың жоқтығы. Баспананың болмауы. Сонымен қатар ішімдік пен нашақорлыққа салыну. Өйткені маскүнем немесе нашақор өз әрекетіне жауап бермейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тағы бір себебі — құмар ойын, лудомания. Басқа да себептер жеткілікті. Қазір бір үйде тұратын жақын адамдардың бір-біріне зорлық-зомбылық көрсетуі, сондай-ақ таныс пен туған-туыс арасында, бірге бизнес жүргізетін достар арасында да зорлық-зомбылық көбейіп жатыр.
— Дағдарыс орталығына келетін қыз-келіншектер мен балаларға қандай қолдау көрсетіледі?
— Тұрмыстық-зорлық зомбылық көрген келіншектер мен балаларға көмектесудің бірнеше жолы бар. Мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әрбір келіншек әлеуметтік оңалту орталығынан қажетті көмектің бәрін тегін ала алады. Тегін тұрады, бес уақыт тамақпен қамтылады. Сонымен қатар психологиялық қолдау, заңгерлер тарапынан құжаттарын реттеу, мемлекеттен берілетін жәрдемақыны алу үшін құжат дайындау жұмыстары жүргізіледі. Орталықтағы қыз-келіншектер тігін тігуге, массаж жасауға үйрететін курстарды тегін меңгеріп, алдағы уақытта жаңа кәсіпті игеруіне мүмкіндік алады. Орталықтың арнайы мамандары курс өткізіп, оның толыққанды мамандық алып шығуына септеседі.
Біздің орталыққа әйелдер балаларымен келеді. Қазір біздің орталықта 47 адам бар. 19 келіншек, қалғандары — балалары.
Соңғы кезде отбасылық зорлық-зомбылықтың жиілеп кетуі алаңдатпай қоймайды. Одан зардап шегетіндердің қатары көп. Ал осындай отбасындағы балаларды оңалту орталықтары жоқ. Балалар зомбылық құрбаны саналмайды, олар тек анасымен бірге келуші ретінде саналады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Одан бөлек, бізде «150» сенім телефоны бар. Сенім телефоны тәулік бойы қызмет көрсетеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кез келген адам хабарласуына болады. Не істеу керек? Қайда барады? Қандай шешім қабылдайды? Осы сияқты сұрақтарға жауап ала алады. Сенім телефонына хабарласу тегін. Еліміздің кез келген аймағынан хабарласып, тегін кеңес алуға мүмкіндік бар. Өкінішке орай, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр. Олай дейтінім, әрбір үшінші отбасында зорлық-зомбылықтың белгілері бар. Әрбір үшінші әйел психологиялық және дене жарақатын алады.
— Дағдарыс орталығындағы қыз-келіншектер қанша уақыт тұра алады? Отбасына қайта қосылып, жағдайы реттелуін қадағалайсыздар ма?
— Негізі заң бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары 6 айға дейін ғана тұра алады. Орталықтың мақсаты — олардың мәселесін тездетіп шешу. Әйелдерге барынша психологиялық қолдау көрсету және сол оқиғаны ұмытуына, қатарға қосылуына септігін тигізу. Осы уақыт аралығына қыз-келіншектердің мәселесі толығымен шешіледі. Өйткені біз әйелге жан-жақты қолдау көрсетіп, мәселесінің толық шешілуіне көмектесеміз. Әйелдің экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болуына, жұмысқа орналасуына, қосымша кәсіпті игеруіне де жол сілтейміз.
— Бізде көбінесе отбасында зорлық-зомбылық көрсеткен адам қатаң жазаланбайды. Ал бір рет күш қолданған адам, әрмен қарай да қол көтеруі мүмкін. Оларға қатысты заңды қатаңдатуымыз керек шығар?
— Әрине, бұл ең өзекті мәселе. Анасы ғана емес, әкесі де балаларына жауапкершілікті алуы керек. Бірақ тағы да қайталаймын, өкінішке орай, отбасындағы зорлық-зомбылық бізде қылмыс деп қаралмайды. Егер оған қылмыстық іс ретінде қарасақ, агрессор заң аясында тиісті жазасын алар еді. Сондай-ақ бала-шағасына тыныштық бермейтін агрессорға сенуге бола ма? Егер біз зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдермен жұмыс істеп, олардың түсінігін өзгертіп, психологиялық қолдау көрсетсек, күш көрсетуші адамға да өзінің жауапкершілігін мойнына алуын түсіндіруіміз керек. Қазіргі таңда бұл жағынан да жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Жылына біздің орталық 470 адамға көмек көрсетеді. Ал сенім телефонына жылына 70 мыңнан астам қоңырау келіп түседі. Біздің үнемі қозғап жүрген мәселеміз — тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминалдандыру. Отбасында сойқан салып, күш қолданатын азамат өз әрекетінің дұрыс еместігін білуі керек. Ол өз әрекетінен үлкен сабақ алуы керек. Сонымен қатар заң аясында жауап беруі тиіс. Біз мұндай жағдайдан әйелмен бірге баланың да зардап шегетінін ұмытпауымыз керек. Өйткені бала бәрін көріп өседі. Бала жүрегінде бұл көрініс сақталып қалады. Отбасылық зорлық-зомбылық маңызын жоймайтын мәселе. Оған қарсы қоғам болып күресуіміз керек. Әлі де жан-жақты зерттеп, зерделеп, шешу жолдарын ойластыруымуымыз қажет.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мақпал Махаметқызы