Жақында Каспий асып, көршілес Әзірбайжанға бардық. Бауырлас елге велоспорт жарысы –«Tour d’Azerbaidjan -2016» көпкүндігі аясында жол тартқан едік. Түркі тілдес ағайындар туралы, шынын айтайық, білгеніміз де көп емес.Сол себептен бір аптаға созылған турдан алған әсеріміз жетерлік…
Баку әуежайынан түсе, аспанмен таласқан зәулім ғимараттар мен заманауи сәулет үлгісімен салынған құрылыс нысандары көзімізге түсе берді. «Ел күші-сел күші» деп мақалдататын жергілікті халық, бірлік пен берекенің арқасында ел астанасын құлпыртып жіберген. Веложарыс басталардан бір күн бұрын ұйымдастырушылар қала ішін аралатты. Бір ерекше атап айта кетерлігі –бұл елде ана тілі ерекше қастерленеді. Көшеде, ғимаратта орыс, ағылшын тіліндегі жазуды көрмедік. Халық әзірбайжан тілінде ғана сөйлеседі. Қажет болған жағдайда ағылшын, орыс тілін білетіндер де жетерлік.Баку ескі және жаңа қала болып екіге бөлінеді. Көне қаланың әдемі көрінісіне қарап, таңданысымызды жасыра алмадық. Жаңғыртылған қамал, шығыс стилінде тұрғызылған үйлер көрген жанның көңілін баурап алары сөзсіз. Әсіресе ХІІ ғасырда салынған «Қыз мұнарасы».Әзірбайжан велоспорт федерациясының қызметкері Фариздің айтуынша, бұл мұнара Бакуды қорғау мақсатында арнайы тұрғызылған.Бізді тасымалдап жүрген көлік жүргізушісі Руфулла есімді алпысты алқымдап қалған әзірбайжандық қазақ екенімізді естігенде, елең ете қалды. Бақсақ, кезінде ол Алматыда тұрған болып шықты. «Қазақстаным, қазақтарым» деп емірене сағынышын жеткізіп, қайтадан оралғысы келетінін айтты. «Ұлттық тағамдарыңызды сағындым» деп, қайта-қайта тамсана берді. Жол-жөнекей Бакудың өткені мен бүгіні туралы білгенімен бөлісті.Әзірбайжандықтар да қазақтар сияқты өте бауырмал келеді. «Қазақ бауырларымыз» деп алақандарына салып, аялап күтіп жүр.
Хош, келесі күні велотур басталды. «Мемлекет байрағы» деп аталатын жаңа алаңнан бастау алған көпкүндік «Баку — Сумгаит» бағытымен өрбіді. Аталған алаңда «Eurovizion-2012»музыкалық жобасы өткен. Жергілікті жұрт сонысмен де мақтанады. Пелетоннан ұзап, Сумгайтқа бір сағат бұрын жетіп алдық. Қала халық саны жөнінен Бакуден кейін екінші тұр.300 мыңға жуық халық тұрады. Қаланың көркі көз тартып тұр. Жасыл желек жамылған орындары да көп. Жинақы. Сәулетті ғимараттары жетерлік екен. Мәреде велошабандоздарды күтіп тұрғанымызда, жергілікті жұртпен сөйлескіміз келді. Бағымызға орай Ибрахим Ильяслы есімді ел ағасы киіміміздегі «Kazakhstan» деген жазуды оқып қалып, өзі келді. Сөйтсек ақын екен. Сұмғайыт шаҺарының поэзия клубының директоры болып қызмет жасайды. Астанада қонақ ретінде келіп, қала келбетіне тәнті болғанын айтып, «Елбасыларыңыз– екінші Ататүрік» деп, құрметін білдіріп жатыр. Ибрахим Ильяслы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мұхтар Шахановтың кітабын әзірбайжан тіліне аударған болып шықты. «Сол себепті мен Қазақстанды екінші Отаным деп айта аламын» деп жылы жымиды. Біздің де ішіміз жылып қалды. «Жазушыға қарама, жазғанына қара» деген әзірбайжандықтардың мақалы осындайда еріксіз еске түседі. Әне-міне дегенше велоспортшылар да межеге жетті. «Астана Сити» сапынан Нұрболат Құлымбетов бауырымыз үшінші келе жатқан. Жарақат алуына байланысты нәтижесін жақсарта алмады. Командамыздың жетістігі көңіл көншітпеді. Кешке Бакуға қайттық.Ертеңіне көпкүндік Баку-Ысмайыллы бағытымен өрбіді.
Исмаиллы,Габала, Шемахы…
Исмаиллы қала және әкімшілік орталық болып саналады. Қала халқы 20 мыңнан ғана асады.Ал ауылдарындашамамен 55 мың адам тұрады. Қала өте әдемі екен. Халықтың жүзінен ырысы тасыған, ынтымағы жарасқан екені көрініп тұр. Шағын қалада тамақтану орындары, дүкен, тағы басқа халық игілігіне керекті орындардың өте көптігі көзге ұрып тұр. «Астана Сити» спортшылары бұл турда да қуантпады. Кешке Габалаға жол тартып кеттік. Бұл қаланың табиғатынан көз тұнады. Базар-Юрт шатқалының төмен жағы мен Туфан тауының етегінде орналасқан қалада 13 мың адам мекендейді. Габаланы курортты, спорттық қала деп те атауға болады. Жуырда велосипед шығаратын зауыт іске қосылайын деп жатыр. Былтырғы маусымда Еуропа лигасында атой салған «Габала» футбол клубы да осында орналасқан. Сол алаңда әзірбайжандық журналистер мен басқа да шетелдік журналистер қосылып футбол ойнадық. Қаладағы Олимпиадаға даярлау орталықтары да көз тартады. Екі күнді осында өткізіп, пелетонмен бірге «Габала-Пиргулу» бағытымен көне қала Шемахығажеттік.Бұл қала өзінің кілем тоқитын шеберлерімен әйгілі. Табиғаты да ерекше. Күн сәулелі Әзірбайжандағы жалғыз қар көп жауатын мекен. Шаңғы, сноубордпен осында ғана айналысуға болады.
Шемахыдан өтіп, Пиргулу ауылына тоқтайтын болдық. Жұрт бау-бақшаны таудың үстіне де егіп тастаған. «Үй бақшаның ішінде, бақша таудың үстінде» деген мақалды жиі айтады осындағы жұрт.Көпкүндіктің төртінші турының мәресі сол мекенде. Пиргулу теңіз деңгейінен 1400 метр биіктікте орналасқан. Тауларының бірінде обсерватория бар. 1970 жылдары салыңған екен.Пиргулу шағын ауыл болғанымен заманауи ғимараттарымен ерекшеленеді. Жергілікті халық велошабандоздар жеткенше көрме ұйымдастырып жіберді. Неше түрлі қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан кілемтоқығыш құрал, ат-әбзелі, тоқыма, қыш құмыраға қарап қызығып жүрміз.Жарыстың төртінші күні астаналық команданың көшбасшысы Никита Стальнов жалпы есепте екінші орынға көтеріліп, бір марқайтып тастады. Сол күні Бакуге қайттық. Ертеңіне Бакудың өзінде бесінші ақтық тур өтетін болды. Жергілікті тұрғындар маусым айында өтетін Формула-1 Еуротурына дайындалып жатыр. Орталық көшелердің біріне тақтайдай тегіс жол төселіп, жарысқа қажетті тұрақ салынған. Жалпы, жергілікті халыққа қарап, тамсанасың. Ел имиджін, ұлт абыройын алдыңғы орынға қояды. Сол үшін талмай еңбектенеді.
P.S. «Астана Сити» командасының капитаны Никита Стальнов жарыс қорытындысы бойынша жалпы есепте үшінші орынға ие болды.
Мадияр Арыстанбаев
Алматы-Баку-Алматы