Өзі де Алатаудай биік еді

10 ақпан 2017, 12:41

Егер Қазақ әдебиеті тарихына көз жүгіртіп, мұндағы көркем сын серкелерін елестетер болсаңыз, саусақпен санарлықтай ғана жарқын бейнелер шоғырын көретініңіз анық. Ал осылардың ортасынан биік бойымен де, заңғар ойымен де серейіп ерек көрінетін тұлғалардың бірі – дарынды сыншы Зейнолла Серікқалиұлы.

Оның қаламынан әр жылдарда туған «Сын кітабы», «Ойлар, толғаныстар», «Тағдыр және біз», «Жылдар сазы», «Алтын жамбы», «Ақыл таразысы», «Ақ жол», «Жандауа», «Дүниетану даналығы» сияқты көптеген еңбектің қай-қайсысы да ұшан-теңіз білім, бұлқына тулаған тегеуірінді ой толқындарымен, терең сезім иірімдерімен, сонымен бірге аса нәзік сарапшылық талғампаздығымен ерекшеленер еді. Және бұлардың бәрінен эстет қаламгердің төл әдебиет көкжиегін мейлінше кеңейтіп, ұлттық сөз өнері деңгейін әлемдік биікке көтеруге деген арынды құштарлығын аңғарып, тамсанасыз.


Мәселен, ол сонау балаң шағының өзінде Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды алыптар тобының ізбасары, алпысыншы жылдардың ұшар басында сұлулықты сүйеніш тұтып, бүкіл бір ұрпақ буыны табынған қазақтың қадірлі, халықтық қалам қайраткерлерінің бірі – Ғабиден Мұстафин туралы мақаласын: «Алатаудың қаншалықты биік екенін жұрт басына шықпай-ақ біледі. Ұлылық бойын жасыра алмайды. Ал жер құрсағында жанданып, тамыр тартқан дән қылтиып қашан күн көзіне шалынғанша көп жанға байқала бермеуі мүмкін. Дихан ғана топырағын таниды. Балаусаға бәрібір бап керек, күн керек, нұр керек; аялар ыстық алақан, мейірім-жүрек керек; өзінің ерен еңсесімен, бүкіл болмысымен қызықтырып, қиялыңды жалғайтын, көз ұшынан көрініп, өз тұғырына жетелейтін қарсы алдыңнан қол жетпес бір биік шынар – асқар тау керек!» деп бастаған екен…
Әрине, әңгімеміз, әдебиеттен гөрі, әдеттегіше, осынау зиялы қауым өкілдерінің жұбайларымен сабақтасатындықтан, ендігі сөз бағытын солай қарай бұрайық.
Зекеңнің зайыбы Майра ханымның мамандығы – психолог. Қазір Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде психология пәнінен дәріс беретін адамның отбасылық мәселелеріне қатысты ойлары да қызықсыз болмас. Жалпы, өзі, сұрақты ерлі-зайыптылардың күнделікті күйбең тіршілікте бір-бірін түсінуі туралы қарапайым жәйттен бастайықшы.
– Егер өмірлік серігіңнің мінезін түсінбесең, оның жұмысының, алға қойған мақсаттарының мән-мағынасын ұқпасаң, күнделікті тіршілік қағидалары сырына бойлай алмасаң, онда құрылған отбасы мықты бола алмайды. Ал бүкіл өмірін шығармашылыққа арнаған адаммен тұру тігу тіптен қиын, – дейді жеңгеміз. – Бірақ Зейнолламен қосыларда бір байқағаным, шаңырақтағы күйбең тірлік мәселелеріне, ұсақ-түйек саналатын күнделікті тұрмыстық жәйттерге, үй шаруасына қатысты көзқарасымыз өте жақын еді. Сен өйтесің, мен бүйтемін деген «еңбек бөлісіне» барыса қоймаппыз. Әуелден бір-бірімізді қас-қабағымыздан ұғып, өзара түсіністікке, сыйластыққа бейім болдық…
Майра Бірләнқызынан жолдасыңыздың жұмыс тәртібі қандай еді деп сұраймыз.
– Зейнолла күндіз-түні жұмыс істейтін адам еді ғой. Онда мына сағатта тұрып, мына сағатта жату дегендей кесте болмайтын. Аяңдап, кеңсесіндегі жұмысынан келген соң баппен отырып, бір-екі шыны шайын ішеді де, жарты сағаттай мызғып алып, жазуына кіріседі. Түн ортасында тұрып қарасаң, кабинетінде жұмыс істеп отырғанын көресің. Күйеуімді үй тіршілігіне, отбасылық істерге араластыра бермеуші едім. Мынау жоқ, анау жоқ, түген нәрсе керек демейтінмін. Басы артық сұрақ қоймауға тырысатынмын. Қолымнан келгенше бәрін өзім атқаруға ұмтылдым. Ал шешілмеген шаруалар болса сол күйінде қалып жататын. Ондайға бәлендей мән берген емеспін. Сәтін күтетінмін. Сөйтіп жүріп жататын едік…


Еңсегей бойы көк тіреген қарасұр өңді Зекеңді ой үстінде жолықтырған адам, сөз жоқ, қабағынан қар жауған ызғарлы адам ретінде қабылдайтыны анық. Сыншының бекзада болмысының жұмбағы да сонда шығар. Дегенмен, Майра тәтемізге: «Ағамыздың мінезі қалай еді шынында? Сыншыл адам, кішкене, міншілдеу емес пе еді?» деп қалдық.
– Бұрыннан қатар жұмыс істеген бір құрбым бар еді, соның «Зейнолланың тірі кезінде сендерге келуге бата алмадым, – дегені бар. – Сондай үлкен жазушы, қалай барамын» деп… Шынында да, Зекең сыртынан қарағанда өте қатал адам сияқты көрінетін еді ғой. Бойына, жүріс-тұрысына қараған кезде өте суық кісідей әсер ететіні рас. Әйткенмен, ол өте нәзік жанды адам еді. Достарымыз болсын, туыстарымыз немесе жас қыз-жігіттер болсын, үйге келе қалған кезде, жақын араласқандар жақсы біледі, баламен де шағамен, үлкен-кішінің бәрімен тез тіл тауып, шүйіркелесе кететін өте жайлы адам-тын…
Бұдан бірталай бұрын «Арыс» баспасы Зейнолла Серікқалиұлын еске алуға арналған «Шапағатты парасат» кітабын шығарды. Онда ақ самайлы ағалары мен ізбасар інілері Зекең туралы жүрекжарды лебіздерін білдіріп, сыншының көпшілікке беймәлім бірқатар қырларын ашады. Мысалы, ақын Қадыр Мырза Әли: «Мен оны алғаш рет әдебиетші емес, домбырашы ретінде танығанмын. Танып қана қойғам жоқ, мойындағанмын. Ол кезде Зейнолла университеттің домбыра оркестріне қатынасып жүретін. Неге екенін бір Құдайдың өзі біледі, бірте-бірте ол өзінің осы өнерінен қашықтай берді. Бірақ, обалы не керек, мен оны алғаш рет көрген кезде өте өнерлі күйші еді… Сірә, домбыраға деген махаббатты әдебиетке деген махаббат басып кеткен болу керек» деп жазыпты. Бұл да сыншы туралы қызықты дерек емес пе.
– Домбыраны қолға алған кезде өзгеше бір күйге түсіп, өңі сәл күреңітіп, тебіреніп, толқып отыратындай еді. Саусақтары да өте серпінді, белгілі бір шығарманы күмбірлетіп тартуға кіріскенінде үй ішін де жан терберлік қоңыр әуен кернеп, біртүрлі мұңды бояуға малшынғандай әсер билейтін. Музыкаға деген түсінігі терең еді. Мәселен, кезекті концерттен қайтып келе жатқан сәтімізде: «Мына әншінің өнерін тамашалағанымыз жақсы болды. Шын дарын екен. Бұрын басқашалау пікірде едім. Тек әлгі шығарманы орындағанында ырғақтың әне бір тұсын былайша алғанында, тіпті ғажап болатын еді» дегендей көзқарасын айтатын. Кейде әлдебір отырыстарда, тойларда қолына домбыра алып, ән салатын-ды. Немесе әлдекімдерді сүйемелдеп, орта толтырады. Ондайда ерекше қанаттанып, шаттанып, жүзінен нұр төгіліп, жарқылдап кетеді. «Қанішкен» деген жерде (Атырау облысына қарасты «Ганюшкин» ауылы) мектепте оқығанда музыка сабағының аса жоғары деңгейде өткенін айтатын. Шағын елді мекенде балалардың міндетті түрде домбыра, скрипка, баян тартуды үйренуі қадағаланатын көрінеді. «Шіркін, сондай тәрбиені бүгінгі әрбір қазақ мектебінде қалыптастырса» деп армандап отыратын…
«Өнер егіз дариды, не сегіз дариды» деген сөз бекер айтылмайтындай. Алла тағала әуелде Зейнолла Серікқалиұлына да жазушылықтан өзге қасиеттерді үйіп-төгіп берген секілді. Мәселен, Зекеңнің үйінің төрінде ілулі тұрған автопортретті көрген жан суретші шеберлігіне тамсанбай қалмайды. Соған қарағанда, сыншы Зейнолла бастапқыда қылқалам құдіретін де мейлінше игерген. Сұңғат техникасын керемет меңгерген.
– Жас шағында суретші болуды армандаған секілді. Армандап қана қоймай, осы бағытта жан аямай ізденіпті. Жергілікті мамандардан сабақ алыпты. Талмай еңбектеніп, ұзақ жаттығыпты. Көбінесе портрет жанрымен көп айналысқаны байқалады. Бертінге дейін үйде осы бағыттағы кейбір жұмыстары жататын еді, біртіндеп олар да жоғалды. Ал адам неліктен музыка жазады, не себепті сурет салады дегенге келсек, ол ішкі дүниесіндегі бұлқыныстарды, көкейдегі мөлдіреген сырды әдебиет көмегімен ғана емес, өнердің өзге де салалары арқылы көрсетуге ұмтылатын сияқты. Міне, біздің Зейнолла да өзінің сұлу жан әлемін бір кезең көркемсурет тілімен көрсетуге талаптанған. Сыншы шығармашылығын зерттеушілер оның осындай қалтарыс-қырларына да терең үңілсе деген ниеттемін. Өйткені, шығармашылық адамының «қосалқы» ізденістері оның негізгі жұмысына да тікелей ықпал етеді. Меніңше, осыдай «ұсақ-түйек» жәйттерге көбірек мән берілгені жөн…
Бірақ «өнерді үйрен де, жирен» демекші, Зекең келе-келе аталған әуестіктерінің бәрін доғарып, барлық күш-жігерді әдеби сынға бағыттаған. Десек те, шығармашылық адамының айрықша дағдылары бәрібір бой көрсетпей қоймайтындай.

«Мені прозаға кім әкелді»…

– Студенттік кезде бірнеше өлеңімді Жазушылар одағына алып бардым. Ол кезде жас ақын-жазушыларға ақыл айтып, түзеп отыратын кеңесшілер болатын. Мен барған кезде Мұзафар Әлімбаев отырды. Өлеңдерімді көрсеттім. Мұзағаң бес-алтауына белгі қойды да: «Машинкаға басып алып кел, «Қазақ әдебиетіне» шығаруға тырысамын», – деді.
Оның алдында бір әңгімемді «Лениншіл жасқа» апарып бергенмін. Үшінші курста жүрген уақытым. Машинкаға бастыруға ақша жоқ, ол туралы ойлаған да жоқпын. Бір күні курстас досым, бұл күнде көрнекті жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы «Сені Жазушылар одағында белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев шақырып жатыр» демесі бар ма.
Ештеңеге түсінбеген күйі келесі күні келдім. Зекең менің «Райхан» атты әңгімемді мақтап ала жөнелсін. Қайдан алғанын да білмеймін. Ақыры белгілі болды. Қазақстан жас жазушыларының «Таңғы шық» атты әңгімелер жинағы жарық көрмек екен. Соған менің әңгімем де еніпті. Әлі кім боларын білмей жүрген студентте не ес қалсын, қуанышымда шек жоқ. Содан кейін ойланып-ойланып, осы бір жанрға тоқтағаным дұрыс болар деген шешімге келіп, прозаны таңдадым.
– Жолдасымның тағы бір ерекше қызық мінезі – ол үлкен мерейтойларға ылғи жаяу баратын еді. Мысалы, Абайдың, Жамбылдың, Қаныш Сәтбаевтың тойларына жеті-сегіз адамнан құралған бір топ серігімен бірге жаяу барды. Әрине, бұл жерде, айталық, Алматыдан Қарауылға немесе Павлодарға дейін салпылдап, көліксіз барады деген ой тумасын; белгілі межеге екі жүз шақырым қалғанша пойызбен не ұшақпен, автомобильмен жетеді де, қалған сапарды жаяу жалғастырады. Иә, кәдімгіше күнге күйіп, желдің өтімен, тастақты-құмдақты, бетегелі-тырсалы беткейлердің бетімен жағалап жетеді. Жауын-шашынға да қарамайды. Әрине, мұнысы ұлы тұлғаларға деген зор құрметті білдірмекші. Бірақ мен айтатынмын: «Мұның не, осы әдетті қойсаңшы, енді жас емессің. Шаршайсың ғой» деп. Жоқ, қоймады. Тоқтаған жерлерінде тоқтайды, әлбетте. Белгілі жолдастары қарсы алады. Сол жерде әңгіме-дүкендерін құрып, әндерін айтып, желпініп-серпіліп, қара көбейтіп, жолды әрі қарай жалғастырады…
Зекеңнің осындай соңғы сапары Атырауда өткен Махамбет тойына арналыпты. Бұл – тұтқиылдан жабысқан қатерлі кесел меңдей бастаған кез болса керек. Дегенмен, Зекең алған бетінен қайтпайды.
– Сонда ана жақтағы жігіттер де болмай, ұшақпен келесіздер ғой бәрібір, шаршай қоймассыздар, келіңіз! – деп көп қолқалады. Сөйтіп барды ғой. Және ол өзінің туған жері… Барғысы келіп, аңсары ауғандай. Сол қыркүйектен кейін жарты жылдай жүрді ғой… Жарты жыл қатты ауырды. Бірақ сол уақыт ішінде қанша қиналса да қабақ шытып, сүйтші, бүйтші деген мінез көрсетпепті. Соның алдында туған әпкесі қайтыс болған. Сол қарсаңда мемлекеттік сыйлығын алған-ды. Сөйтіп, көңіл айтумен, құтты болсын айтумен, көңіл сұраумен бір жылға таяу уақыт өтті. Жас әріптестері келгенде арқаланып қалатын. Жазушылардың өзара әңгімелері болады. Олар әдебиеттің, өмірдің сырларын толғайды; соларды желдіртіп, төгілдіріп айтқанда біресе толқып, біресе рахаттана күліп, әжептәуір көтеріліп, жасап қалатын. Сондайда бір сәт оның сырқат адам екенін естен шығаратын едік. Және өзі жатып та қалған жоқ-ты. Көбіне түрегеп жүрді. Таза адам еді ғой. Бірақ отырып жаза алмайтын еді. Белі ауыратын. Әйтеуір, бір жатып, бір тұрып жүріп талай іс бітірді. Сол ауырған кезіндегі жалғыз өкінішім, жанында отырып бір пікірлесе алмаппын. Өзінің де айтып қалғаны бар: «Әй, осы сенімен бір әңгімелесе де алмадым-ау кейінде. Шаршадың-ау әбден!» деп. Кейбір ағайындар сыбырлап: «Бірдеңе айтты ма қайтарында?» деп сұрайды. Ештеңе айтпапты. Әлдене айтса екен, арыздасса екен, өкпе-назы болса бүкпесіз ақтарылса екен деп мен де ойлап қойып жүруші едім. Өзі көп сөйлемейтін де адам еді ғой. Дегенмен, кейін ойласам, бір-бірімізді тілдеспей-ақ қатты түсінген екенбіз. Ол да бәрін өзі де біледі ғой деп маған шексіз сенді ме екен; мүмкін мені ренжіткісі де келмеген шығар…
Биік бітімді Зекең, әлбетте, шағын отбасының ғана ұйытқысы емес, ел қамын жеген ірі халықтық тұлға еді. Оның кез келген еңбегін алып қарсаңыз, бәрінің де Қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселелеріне арналғанын көресіз. Бәрінің де күретамыр арқауы – өнер жолындағы имандылық, ізгілік қағидаттарын саралау, жаңаша көркемдік таным деректерін безбендеу екен. «Інжу құнын іздеген біледі» дегендей, теориялық даярлығы ересен, сарабдал сыншы ел әдебиеті мен өнерін әлемдік жақұттармен ұтқыр салғастыра отырып, туған халқын қай жағынан да шырқау биіктен көруді көксейді. Әмбе бұл бағытта Бауыржан Момышұлы ағасының «Сын айту үшін шын айт. Шын айтпай, сын айтпа!» деген ұлағатын кредо ретінде ұстанады. Яғни қастерлі ұлттық мүддеге биік парасат, кіршіксіз ар жолымен жетуді діттейді. Сөйтіп, бүкіл өмірін оқырманының эстетикалық мәдениетін көтеріп, көпшіліктің әдеби талғамын тәрбиелеу жолына арнап, аянбай тер төгіпті. Ал қозғаған тақырыптарын жалпыадамзаттық мәдени құндылық-қазыналармен деңгейлестіре саралайтын автор көзқарасы ұдайы оқшау ой, тосын мәнер, айрықша зерде-талғамымен баурайтынын байқайсыз…
Енді пайымдасақ, ешбір атақ-мансапқа қызықпай, әділет жолымен, кішіпейілдікпен алпыс алты жылдай қарапайым ғұмыр кешкен Зейнолла ағамыздың жан-жүрегін алаңдатқан бір жәйт – Қазақ еліндей жас мемлекеттің тағдыры екен.
Бірде газет тілшісі оған: «Жеке өзіңіз Қазақстан тәуелсіздігінің нығайып, орныға түсуіне қандай үлес қостыңыз? Әлде сырттай бақылаушы ретінде жүрсіз бе?» деп сұрақ қойыпты. Сонда аздап шамданыңқыраған Зекең: «Сырттай бақылаушы – қашан да, бұл жалғанда ең бақытсыз сорлы. Құдай сақтасын одан… Өткен он жылдың анағұрлым басым бөлігінде, мемлекеттік қызмет бабында – Қазақстан Республикасы Конституциясынан бастап, жаңа заманның бағдарламалық қыруар заң құжаттарын қазақша сөйлету жұмыстарына қатысыппын. Үш-төрт әдеби сын-зерттеу кітабымды жарыққа шығарып, кезінде жолы болыңқырамай қалған ондаған қомақты қолжазба, қадірменді қаламгерлер еңбегін жинастыру, қалпына келтіру, жұртшылыққа жеткізу бағытында да азды-көпті бірдеңелер атқарған сияқтымын. Оның төрешісі, әрине, мен емес. Тәуелсіздікті орнықтыруға, нығайтуға қаншалықты себі тиіп жатқанын да түстеп айта алмаймын. Ал осының бәрі, әйтеуір, Тәуелсіздіктің бізге сыйлаған ырыздық-несібесі екендігінде сөз жоқ. Біз, асылы, адамзаттың ғасырлық перзенттерінің бірі (Гете) жазғандай: «Егер бүкіл ел үшін жауын (нұр) жаудыра алмайды екенбіз – ең болмағанда, өз бағымызды жөндеп суғарайық та» дейтін ұлағат-өсиетті Темірқазық тұтқандар санатынан шығармыз. «Аяз – әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» дейді халық даналығы. Тек сол құмырсқа мінез тағы бір қасиетімізге жараса ғой… «Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғандықтан ермейді» деп те қайрай түседі ұлы Мұхтар Әуезов. Көк байрағың төбеңде желбіреп, мәңгілікке дәйім мегзеп тұрса, түптің-түбінде ақылды болмаудан бәрібір ұялатын шығармыз» – деп ағынан жарылыпты.
Зейнолланың қазақ халқының адал ұлы екені оның осы бір сөзінен-ақ көрінбей ме…

* * *
Зекең үйіндегі Майра Сатыбалдина апайымыз – әуесқой сазгер. Соңғы шығармаларының бірі Сырбай Мәуленов қазасына арналыпты. «Сыраға» аталатын толғаудың сөзін Қуандық Шаңғытбаев жазған. Мұнда:

– Мол едің ғой пейіліндей халқыңның,
Көңіліңде сызы жоқ-ты салқынның.
Жолыққанда жымияр ең жып-жылы,
Жүрегінің жібін тауып әркімнің.

Жымияды сендей маған енді кім?
Тарылтып-ақ кеттің дүние кеңдігін.
Әзіліңсіз, жаңа жазған жырыңсыз
Жүрем дағы жетім болып кемдікүн, –
деген жолдар бар…
Қазір қарап отырса, жолдасының тірі кезінде туған осы туындысын көп ұзамай көз жұмған жұбайына арнаған аза ретінде жазған екен ғой.
Жүректегі мұң әлі сейілмепті.

Құлтөлеу МҰҚАШ

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала