Жүз алпыс сегіздің жұмбағы

31 мамыр 2019, 15:36

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында тұратын Мұрат Қырғызбайұлы есімді азамат өзіне тиесілі жерге үй, оған жапсарлас монша салады. Екеуінің арасына су құбырын тарту кезінде жер астынан адамның бас сүйектері табылған. Марқұмдардың мүрдесімен бірге көзілдірік, көп мөлшерде оқ, мәсі, түйме, тиын, тағы басқа заттар қазып алынған. Осыған байланысты Алматы қалалық сот-сараптама орталығы 6 ай зерттеу жүргізіп, барлық сүйектердің 168 адамға тиесілі екенін анықтады. Мәйіттердің арасында бес әйел болған. Барлығы қарақұстан тиген оқтан ажал құшқан.

Осы аптада қазып алынған сүйектер зиялы азаматтар мен имамның қатысуымен Жаңалық ауылында жер қойнына берілді.

Мамандардың айтуынша, оқ ту сырттан атылған әрі әр адамның бас сүйегінде екі, кейде үш оқтың ізі бар. Алматы қаласы бойынша сот сараптамасы институты қылмыстық медицина бөлімінің сот-медициналық сарапшылары сүйектердің шіру және сақталуына қарап әрі баллистикалық зерттеу арқылы олардың жер астында кемі жарты ғасырдай жатқанын анықтаған. Бәрінің жас мөлшері – 18 бен 70 аралығында.
Қазақ радиосына берген сұхбат. Мұрат Қырғызбайұлы, ауыл тұрғыны: «Жаңалық ауылы – қуғын-сүргін көрген азаматтардың көп жерленген жері. Әзірше қаншама адамның сүйегі табылғаны нақты емес. Ал есік алдындағы құмды басқа жерге тасу барысында табылған сүйектер бізді ойға қалдырды. Оқ, көзілдірік, темекі мүштіктері, аяқ киім, мәсі көп нәрсені аңғартады. Егер құмды жылжытпағанда, жерді қазбағанда сүйектер белгісіз күйінде қала беретін еді».
1964 жылдан бері осы үйде тұратын Мұрат бала кезінде ақ киімді адамдарды үй ішінен де, сыртынан да жиі көретін болған. Үйдегілерге де сол елес таңсық болмаған. Кішкене кездерінде қорыққандарынан анасының жанына жататын. Түнде балалар сыртқа шыққанда қорқып қалмас үшін анасы ауыз бөлмеге бос шелек қойып қоятын. Алғашында ештеңе түсінбеген. Кейін елеске де көз үйреніп, қорқыныш саябырсыған. Анасы үнемі құран оқып, шелпек пісіріп таратып келіпті. Енді сол құпия, тосын оқиғалардың бәрі белгілі болды. Шындықтың беті ашылды. Мың өліп, мың тірілген қазақтың ұрпағы мұның бәрін білуі керек. Олардың атылғанына топырақ сіңген оқтар айғақ бола алады. Бұл тарих үшін керек.
Марқұмдардың сүйегін қайта жер қойнына беру рәсімінде сөз алған репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоғамдық қорының директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес ойын былайша жеткізді: «Бұл біз үшін қаралы әрі тарихи күн. Рақымов көшесіндегі №1 үйден адам сүйектері табылғаны жұрттың жадында болар. Тосын оқиға бәрімізді елең еткізді. Алғашында терең қазылған екі метр аумақта 50-60 адамның сүйегі бар шығар деп ойлағанбыз. Алайда алты ай жүргізілген сот-медициналық сараптама 168 адамның сүйегін анықтады. Олардың арасында 100-ден астам адамның сүйегі дін аман.
Қазір Жаңалық ауылында он шақты жерде қорым барын білеміз. Енді соларды қамқорлыққа алудың реті келді. Былтыр 27 желтоқсанда тарихи музей ашылды. Келешекте 15 гектар жерде зират орналасады. Өйткені қазақтың басынан өткен қасірет көп. Ашаршылық, ұжымдастыру кезінде өлген адамдар жетерлік. Бұл маңда өте көп адам жерленген».
Халқымызда «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Сондықтан 31 мамыр – Саяси қуған-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында осындай шара ұйымдастырылды. Жалпы, елімізде 4,5 миллион адам репрессияға ұшыраған. Қазір музейдің бір залы цифрландырылып жатыр. Қор басшылығы шамасы келгенше жазаланған азаматтардың барлығының атын атап, түсін түстеп, қай жерде қалай атылғанын, неге қудаланғанын, берілген жаза түрін нақтылайды. Алдағы күндері он шақты кітаптың тұсауы да кесіледі. Олардың әрқайсысы репрессияның саласына байланысты сыр шертеді. Айтылмай жүрген мәселенің бірін қамтитын «Түркістандық әскери тұтқындар» деген кітап та жұрт қолына тигелі тұр. Онда 1500 қазақтың неміс тұтқынына түсіп, одан аман шығып, қайтып келіп Сталин лагерлерінде өлгені туралы ақиқат айтылады.
Ал қоғам қайраткері Жұмабек Ашуұлы қызыл империяның кезінде коммунистердің халыққа жасаған қиянатын айтып жеткізу мүмкін еместігін тілге тиек етті. Айталық, 37-39-жылдары Қазақстанда 25 мың адам атылып, 130 мыңдайы қудаланған. Азамат соғысынан бері санағанда қазақ халқы 70 пайызынан айырылған. Ол өз сөзінде: «Отанында тұрып, мұндай қырғынға ұшыраған бірде-бір ұлт жоқ. Мысалы, ашаршылық кезінде украин халқының 15 пайызы ғана қырылған. Біз осыншама халқымыздан айырыла отырып, көп мүмкіндіктерді қолдан шығарып алып отырмыз. Бұл – бізге үлкен сын. Айталық, 37-жылдары қанша адамның, қай жерде атылғаны әлі күнге еш жерде тіркелмеген. Жаңалықта табылған 168 адамның сүйегі кімдікі екені де белгісіз. Дегенмен оларды жер қойнына беру рәсімін өткізгенімізге шүкір. Енді бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Біздің тарихымыз енді ашылып келеді. Елімізде қудаланған мыңдаған адамның көмілген белгісіз жері көп. Бірақ әрқайсысы анықтауды қажет етеді. Олардың аты-жөнін, ұрпаққа қалдыратын мұраны анықтау үшін орасан зор жұмыс күтіп тұр», – деді.
Иә, тарихтағы ақтаңдақтар әлі толық ашылған жоқ. Сол себепті жүйелі ізденістер, ғылыми-зерттеулердің жаңа дәуірі басталғалы тұр.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала