Жыл бастала салысымен, яғни 2 қаңтарда Мемлекет басшысы экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері туралы заңға қол қойды. Оның ішінде азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу немесе емделуге пайдалану құқығы да белгіленген. Заң күшіне енді.
Заң күшіне енгенімен, бұл бағытта қозғалыс байқалмайды. 15 қаңтардан кейін жинақтағы қаржының «беріле бастайтынын» құлағымыз шалған. Бірақ «мен ақшамды алдым» деп жар салған адамды көрген жоқпыз. Оның мәнісі осы аптада белгілі болды. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Депутаттың айтуынша, зейнетақы қорынан алынатын бір реттік төлемді пайдалану ережесі әлі дайын емес сияқты. Ереже түрлі келісім мен бекітуден өту үшін әлі «кабинет аралап жүрген» көрінеді. Бұл қалай?
Былай қарасаң, бәрі дайын сияқты. Ақшаның қайда түсетіні, оны алу тәртібіне дейін әлдеқашан тәптіштелген. Тіпті жылжымайтын мүлік нарығында үй қымбаттай ма? деген сауалдың жауабы да дайын. Сарапшылардың сөзіне сенсек, әйтеуір, онша қымбаттай қоймайтын сияқты. Оны алдағы уақытта көре жатармыз. Қазіргі мәселе, жұртты көгертіп-сазартып күттіріп қоймай, істің алға жылжуы болып тұр.
Зейнетақы қорындағы ақшаның әркімге берілмейтіні де баяғыда ескертілген. БЖЗҚ жариялаған мәлімет бойынша, 761 мың салымшы өз жинағын пайдалану құқығына ие. Егер сол 761 мың адам жаппай зейнетақы қорындағы қаржысын алуға ұмтылса, БЖЗҚ қазынасы 2,4 трлн теңгеге азаяды.
Тіпті ел ішінде, ең азайтып айтқанның өзінде, 8 миллион жұмыс істейтін адам бар десек, қордан қаржы алатын адамның саны 1 миллионға да жетпейді екен. Бұл болашақ зейнеткерлердің жинаған сомасы тым аз екенін көрсетсе керек. Оның үстіне белгіленген шекті мөлшер де көпшілік үшін тым жоғары. Отыз тұрмақ, елуді еңсергендердің көбі әлгі деңгей тұрмақ, оның жартысына да жете алмайды.
Ендігі алаңдатып отырған мәселе – сол жинақты пайдалану арқылы сатып алған пәтерді 5 жылға дейін сатуға болмайтыны. Бұл да жұрттың көңілінен шыққан жоқ. Депутат Жамаловтың айтуынша, қазірдің өзінде «Ашық НҚА» порталында 900-ден астам пікір жазылған.
«Көпшілік зейнетақы жинағын пайдалану арқылы сатып алынған үйді бес жылға дейін сатуға болмайтынына наразы. Бұл орайда адамдардың түрлі жағдайға тап болатынын ескерілмеген. Мәселен, басқа өңірге, қалаға көшуі мүмкін» деген халық қалаулысының сөзі көкейге қонымды. Сондай-ақ салынып жатқан тұрғын үйден үлескерлік келісім бойынша пәтер сатып алу мүмкіндігі, тұрып жатқан үйін жөндеу жұмысына қатысты ұсыныстар бар.
«Мемлекет басшысы биылғы жылдың 15 қаңтарында ҚР Парламент Мәжілісінің VII шақырылымының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде зейнетақы жүйесі әділ, тұрақты, жұрттың мүддесіне сай болуы тиіс екенін атап көрсетті», – деп халық қалаулысы азаматтардың өз зейнетақы қаржысын пайдалану құқығына шектеу қоюдың жөні жоқ екенін еске салды.
«Президент тапсырмасын және елдегі азаматтардың күтіп отырғанын ескеріп, зейнетақы жүйесіндегі жинақтың бөлігін пайдалануға арналған нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды жылдамдатып, қаңтардың аяғына дейін іске қосуды сұраймыз», – деді ол. Өйткені тағатсыздана күтіп жүргендер көп. Сатып алатын пәтерін сайлап қойғандар да бар. Емделуді айтпағанда.
Талап Тілеген