Аналарға төленетін әлеуметтік жәрдемақы – осы аптаның ең өзекті тақырыбына айналды. Өйткені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова көпбалалы аналарға төленетін әлеуметтік жәрдемақының көптігін, басқа елдерде мұндай жағдай жасалмайтынын айтқан еді. Тіпті, ол «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері алатын қаражатты Ресейдегі «Отбасы» ана капиталымен салыстырған-ды. Айта кеткен жөн, терістік көршіміздегі Новгород облысында 29 жастан асқан әйел бала туғанда ақша берілмейтін болды. Министрдің бұл пікірі қоғам тарапынан сынға ұшырап, әлеуметтік желіде жұрт біраз дүрлікті. Оның айтуынша, «Күміс алқа» мен «Алтын алқа» иегерлеріне берілетін өтемақы мемлекеттің ана мен балаға көрсетіп отырған көмегінің бір бөлігі ғана екен. Іле-шала Әбілқасымова өз сөзін қайта түсіндіріп, аналарға берілетін жәрдемақыны Ресейдегі «Отбасы» ана капиталымен салыстыру себебін былайша баяндапты:
«Мәселен, бірінші, екінші және үшінші бала дүниеге келгенде берілетін бір жолғы жәрдемақының мөлшері – 95 950 теңге. Төртінші балаға – 159 075 теңге. Соңғы үш жылда жәрдемақы 38 пайызға өсті. Отбасыларды қолдау үшін 2018 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттен 41 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Былтыр осы жәрдемақыны 395 мың адам алды. Бірінші баладан төртінші балаға дейін берілетін жәрдемақы орташа есеппен 14,5 мың теңгеден 20,5 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл ай сайын төленеді. Ал сәбидің анасы босанғанға дейін жұмыс істеген болса, ол жәрдемақының екі түрін алып отыруға құқы бар. Біріншісі – бала қарауға, бала күтіміне берілетін жәрдемақы. Бұл соңғы екі жылдағы орташа табысының 40 пайызы. Ол орташа есеппен 2018 жылы 32 361 теңге болды. Жәрдемақының екінші түрі – жүктілік пен бала босануға берілетін жәрдемақы. Оның мөлшері анасының соңғы бір жылдағы орташа табысына байланысты», – деді.
Министр жәрдемақының екінші түрі – бала бір жасқа толғанға дейін берілетін әлеуметтік қолдау екенін айтқан. 2018 жылы ұлттық қордан жәрдемақының осы екі түріне 165 миллиард теңге жұмсалыпты. 400 мыңға жуық ата-анаға көмек көрсетілген. Десе де, бұл жаңалыққа көпбалалы аналар қуана қоймаған сияқты. Біз қызу талқыға түскен тақырып төңірегінде әлеуметтанушы маман мен көпбалалы анадан сұрап көрдік.
Айсұлу Молдабекова,
әлеуметтанушы:
Көпбалалы аналардың мәртебесін арттыру керек
Министрдің айтпақшы болғаны, халықты әлеуметтік төлемдерге байлап қою дұрыс емес деген ойдан туындаған болуы мүмкін? Мысалы, ауылды жерде әлеуметтік төлемге ғана қарап, күн көріп отырған отбасылар бар. Бірақ оған ата-аналар кінәлі емес. Ол еліміздегі экономикалық-әлеуметтік саясаттың тиімсіздігінің көрінісі. Әлі де болса халық әлеуметтік көмекке сүйенеді. Мәселен, балаға берілетін әлеуметтік төлемге, зейнетақыға сүйенеді. Яғни біз халыққа басқа жағдай жасап бере алмай отырмыз. Бір жағы бұл бала тууды көтермелейтін тетік. Сондықтан, дәл қазір біз әлеуметтік көмектерді алып тастау немесе аз төлеу дегеннен гөрі, халыққа дұрыс жағдай жасау, жұмыспен қамту, өмір сапасын жақсарту деген мәселелерді көтерген дұрыс деп ойлаймын. Сондай-ақ көпбалалы отбасыларды қолдаудың қаржылай емес, басқаша тетіктерін қарастырған жөн. Мысалы, Америкадағыдай салықтық жеңілдік жасалғаны жөн. Қоғамда көпбалалы аналардың мәртебесін арттыруымыз қажет. Бізде кейбір қалаларда ғана көше автобустарында көпбалалы аналарға тегін жүру қарастырылған. Асылы, көпбалалы аналарға одан да басқа жеңілдіктер қарастырылғаны жөн болар еді. Ең жаманы – көпбалалы ана десе, біздің қоғамда алақан жайып көмек сұраған әйел бейнесі елестейді. Бұл дұрыс емес. Бірақ бұл – біздің қоғамның ақиқаты. Сондықтан, мұның қаржылай да, қаржылай емес те тетіктерін қарастырған өте абзал деп ойлаймын.
Дания мен Финляндияда бала туылғанда «Аналық пакет» беріледі. Оның ішінде балаға қажетті киім-кешек, дәрі-дәрмектің бәрі бар. Бізде «Дәрі-дәрмек қобдишасын» беруді бастап еді. Кейін ол да тоқтап қалды. Скандинавия елдерінде бұл аз қамтылған немесе ауқатты отбасылар деп бөлінбейді. Бәріне бірдей осындай көмек көрсетіледі. Ресейдің өзінде «Ана капиталы» деген бар. Ол – 450 мың рубль көлеміндегі ақша.
Польша, Латвия сияқты елдерде жөргек ақы жоғары төленеді. Мәселен, Польшада әрбір туған сәбиге 120 еуро төленеді. Латвияда бала санына байланысты 285 еуро төленеді. Одан бөлек, Латвияда ананың алатын әлеуметтік төлемі жалақысының 70 пайызын құрауы тиіс. Біз білетін Германияның өзінде ұрпақ мәселесі өзекті орында. Еуропадағы дамыған елдердің бәрінде әлеуметтік төлем жоғары қойылған. Төлем бала санына байланысты өсіп отырады. Францияда 3 бала туғанда – 274 еуро, 4 сәбиге – 428 еуро, бесінші балаға ай сайын 582 еуро төленеді. Ал Жапонияда 3 бала туғаннан бастап ай сайын 700 доллар төленеді.
Америкада мұндай төлем жоқ. Мүмкін, министр Мәдина Әбілқасымова АҚШ пен Қытайды, Үндістанды мысалға келтіріп отырған болуы керек? Американдық модель – либералдық модель. Яғни нарықтық басқа механизмдер қарастырылған. Ал Қытай мен Үндістанда халық саны көп. Сондықтан, әлеуметтік төлем болмайды. Біздің елде де әлеуметтік төлем саясаты жақсы жолға қойылған. Бірақ басқа елдерден озып кеттік деп айта алмаймыз.
Уағда Қаналиева,
көпбалалы ана:
83 теңгеге не алып беремін?
Көпбалалы ана ретінде еліміздегі ана мен баланы қорғау, демографиялық деңгейді арттыру мен ынталандыру үшін берілетін жәрдемақы көлемін айтып берейін. Мен – 5 баланың анасымын. Былтыр желтоқсанда дүниеге бесінші нәрестемді алып келдім. Оған дейін 4 баланың анасы ретінде ай сайын 10 мың теңге алып отырдым. Бұл жәрдемақы үлкен ұлым 18 жасқа толғанша төленетін ақша. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың соңғы мәлімдемесіне не күлерімді, не жыларымды білмедім. Оның сөзіне сенсек, ай сайынғы 16 мың теңге 4 балаға толық жетеді екен. Енді қарапайым арфиметикалық тәсілмен есептеп көрейікші, сонда әлгі 16 мың теңге әр балаға айына 2501 теңгеден, яғни күніне 83 теңгеден айналады деген сөз. Министр ханым, бұл ақшаға балаға не әперуге болады, айтыңызшы?!
Мен балаларыма сапасы жақсы киімдер сатып аламын. Ал олардың бағасы сапасына қарай қымбат. Бір баламның аяқ киімінің өзі 15 — 20 мың теңге тұрады. Күнделікті ішетін тамағы, мектепке барып-келуі, ай сайын баратын қосымша үйірмелері бар. Уақыт талабынан, заман көшінен, ағымнан қалмау үшін мереке-мейрам кездері оларды қыдыртасың. Ал қыдыру үшін де қалтаң қалың болуы шарт. Енді биылдан бастап бесінші балама 21000 теңге тағайындалады екен. Бұл тек 1 жасқа дейін берілетін ақша. Сонда мен ай сайын 32 мың теңге алып отырады екенмін.