– Уа, кімсің?
– Жұмабектің бажасымын.
Бажаның кесірі бажаға тиді. Түркістан облысы Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында түнеукүні болған оқиға қазір елдің аузында жүр. Қит еткені қыжыртып «Жұмабектің бажасымын» дейтін болған. Тіпті автокөлігінің терезесіне «Жұмабектің бажасымын» дегенді бадырайтып жазып алғандар да бар. Тіпті беташарға барған полицейден де асабаның «Жұмабектің бажасы емессің бе?» деп сұрағаны желіде хит боп жатыр.
Көлік қозғалысы бір бағытта ғана жүруге болатын көшеде қарсы жүйткіп, онысын әлеуметтік желіге жүктеген жүгенсіздердің ісі жүрегіңді айнытады. Айналма жолға дейін ағызып келгендердің алдын ораған патрульдік полицияның қызмет көлігіне тақап тоқтаған екеу не дейді деңіз. Құжаттарын сұраған полиция қызметкеріне дөрекі жауап береді. «Жұмабектің бажасымын, арт жақта келе жатыр, звондасай Жұмабекке. Құжат жоқ!» деп бұйыра сөйлеп одыраңдайды. Білдей бір полция майорының аяғын аспаннан келтірген үш минуттан аса бейнежазбада 083 нөмірлі машинамен, сірә, бас кейіпкер болуы керек, біреу келеді. Алыстан «Жандос, Жандос» деп жан даусы шыға айғайлай жетеді. Жол ережесін бұзған екеуді тоқтатқан полиция қызметкері «Өй, Жұмеке» дегенше болмай, Жұмекесі оны ысырып, бажасын ереже бұзып келе жатқан бағытқа тағы да қамшылап дем бере бағыттап жібереді. Бейнежазбаны одан ары қарай тыңдау мүмкін емес. Есірген екеуі кімнің анасын боқтаса да, ауыр сөзді айызы қана «атқылайды». Арасында «Шәуілдір наш, наш» дейтінін қайтерсің.
Түнемелдегі тірлігі үшін танымал болған бұл бажа Қанат Сейітханов есімді 1996 жылы туған Шымкент қаласының тұрғыны екен. Шәуілдірге қонаққа келіп, бір бағыттағы жол екенін білмей ереже бұзыпты-мыс. Жасаған ісіне өкінетінін айтып, көпшілік алдында кешірім сұрады.
Халықтың пейілі кең ғой, бұдан өткен сорақыны да көріп келеді. Мұндайларға ашуын төккенімен бауырын суытқан емес. Түркістан облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 596 және 613-баптары бойынша хаттамалар толтырылып, іс Отырар аудандық сотына жөнелтілгенін айтты. Ал автокөлік айып тұрағына қойылды.
Жұмабек Төлеген есімді бажа майор Отырар аудандық полиция бөлімінде бөлімше басқаратын, қарауындағы екі қызметкердің бастығы екені рас. Бажасынан келген бәледен кейін полиция майоры Жұмабек Төлегенге қатысты Түркістан облыстық полиция департаментінің қызметкерлері тексеру жүргізген. ҚР ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген «Полиция стандарттарын» бұзғаны үшін Отырар аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы білдей бір майор шеніндегі офицер қызметінен кетті.
Жұмабектің бажасы «жол жүру ережесін еріккеннен емес, Шәуілдірді күнде шарламаған соң көшедегі белгілерді білмегендіктен бұздым» деп отыр. Қасындағы смартфонына түсіруші «оператордың» аудан орталығын беске білетіні сөз ауанынан айқын аңғарылады. Сонда шымкенттік қонақ білмеген көшелерді шәуілдірлік серігі неге айтпаған? Демек бұл сылтау емес. Жол жүру ережесін қасақана бұзуға бажасының беделін пайдалану.
Оқиғаның шарықтау шегі жол полициясының қызметтік бейнебақылауындағы жазбасында болуы тиіс. Полиция қызметкерлері өз жұмысын атқару барысында бейнебақылау камерасын қосуға міндетті. Қалай десе де, біздің елде біреулердің күш құрылымдары қызметкерінің атын жамылу, ол аздай, өздері де қызметін асыра пайдалану бел алып тұр. Тек органдағылардың ғана емес, лауазымды тұлғалардың мансабын малдану модаға айналып кеткен.
Қайбір жылы Алматы облысы Талғар ауданының полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ автокөлікті тізгіндеген жүргізушіні қуып жүріп тоқтатқаны, ережені бұзғанымен қоймай, тәртіп сақшыларын сыпыра балағаттап, қорқытып-үркіткен жүргізушінің оспадарлығы да әлеуметтік желіні біраз желпіген. «Құлыбаевтың баласымын» деп тантып, тәртіп сақшыларын төрт сағат әурелеген ессіз жүргізушінің де көлік жүргізу куәлігі болмауы қоғамның ашуын туғызған еді.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың 2020 жылдың 24 сәуіріндегі №358 бұйрығымен бекітілген «Полицей стандартының» 2-тарауында полицейдің жеке және кәсіби қасиеттеріне орындаушылық, адалдық пен принципшілдік, батылдық пен табандылық т.б. кіретіні жазылған.
«Әйгілі» бажаны тоқтатқан полиция қызметкерінің табандылық танытып, принципшілдігін көрсетуге кедергі келтірген Жұмабектің «стандарты» қандай болуы керектігі министрдің осы бұйырығында былай жазылған: «Кәсіби білімін және практикалық жұмыс тәжірибесін қарамағындағы қызметкермен бөлісу». Міне, біздің майор басшымыз өзінің кәсіби біліктілігін жарым түнде осылай «бөлісіп» жүр.
«Полицейдің стандартқа сай болуы қоғамдық сенімнің қажетті шарты, қызметтік міндеттерді сапалы орындаудың маңызды факторы болып табылады» деп жазылған ішкі істер министрінің бұйрығында. Осындай оспадарлықтан соң полицейге қоғамның сенімі қалай артады?
Мұндай оқиғалар күн құрғатпай болатыны, бола беретіні де ақиқат. Тек жүгенсіздікті желіге жүктейтін блогер бажалардың болмауынан жария етілмей қалады. Тегіс жолда тек жүрмей ережені бұзып, онысын мақтанға балап, телефонмен «аға, көкесін» түгендеп, тігісін жатқызып кетіп жүргендер қаншама.
Шәуілдірдегі шу бажалар басқосуынан басталып, білдей бір ведомстваның шен таққан қызметкерлерінің ой-өресі қай дәрежеде екенін әйгілеп берді.
Қуаныш Рахмет