jasqazaq.kz

Жылыжайдың жанайқайы

28 қантар 2023, 12:08

Осы күнде оңтүстіктің жылыжай өсірумен шұғылданатын шаруаларға биылғы қыс оңайға соқпай тұр. Қаңтардың қарлы бораны мен қақаған аязында көмір тапшылығынан жылыжайлары жылудан ажырап, өсірген өнімдерін үсік шалды. Ол аздай «жығылғанға жұдырық болып» қалың жауған қар талай жанның қолдан тұрғызған жылыжайы қасат қарға шыдас бермей қирап қалды.

Тіршілігін диқаншылықтан тауып тұрмысын түтетіп отырған шаруалардың жайын сұрап «Агро тур» шаруа қожалығының іс басқарушысы Данияр Қалтаевтан сұхбат алдық. Бұл шаруашылық Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Зортөбе ауылында орналасқан.

Jas qazaq: Көмір тапшылығы қашаннан басталды?

Данияр: Көмір тапшылығы болатыны былтырғы жылдың жаз айынан бастап ескерілді. Оны бізге көмір жеткізушілер ескертті. Олар көмір қорын жинай алмағанын, оған вагондардың жетіспеушілігі себеп деді.

Біз бұл мәселені былтырғы жылдан бастап облыс әкіміне де, тиісті мекемелерге де ескерттік, жанайқайымызды әлеуметтік желі арқылы да жеткіздік. Ештеңе өзгерген жоқ. Күзге салым көмірдің жеткізілуі тым сирексіп, қысқа қарай тоқтады. Одан кейін күннің күрт суытуы, оңтүстік өңірге жауған қалың қардың да тигізген зардабы орасан болды.

Jas qazaq: Көмір тапшылығынан жылудың жоқтығы жылыжайда өсіріп отырған өнімдеріңізді үсік ұрды ғой?

Данияр: Қалың қардың салмағын көтере алмай қолдан жасалған жылыжайлардың көпшілігі құлап қирап қалды. Бір-екі күн болды көмір қоры жеткілікті мөлшерде келіп жатыр. Бірақ біздің өсіріп отырған өнімдеріміздің басым бөлігі қардың астында қалып, аяз ұрып кетті. Диқанның еңбегі еш болды деген осы шығар. Біз шаруашылыққа тиесілі 4 гектар жерге жылыжай егуді жоспарлаған едік.

2 гектарын амалдап суықта от жағып сақтап қалдық. Ал қалған 2 гектарға көмірдің жоқтығы, отынның тапшылығынан еш қайран істей алмадық. Басқа шаруалардың басында да осы кеп. Олардың да жылыжайлары қалың қардан қирап құлап қалды. Ауылдағы ағайынның көпшілігі жылыжайын тапқан материалымен өзінің шама-шарқынша тұрғызған. Енді оның бәрін қайта қалпына келтіруге де аз қаражат кетпейді. Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы мен егіншілік. Көпшілігі өзінің ауласына 3-4 сотық жерге жылыжай жасап, сонымен күнелтіп отыр. Бар тапқан-таянғанын соған салып, қауғаланып жасап іске қосқанда осындай болып отыр.

Диқаншылықты кәсіп етушілер осындай келеңсіздікке тап бола берсе, ауылдан көшпей қайтеді? Жастар ауылда жоқтың қасы, қалаға ағылып жатыр. Бұл үлкен мәселе. Оңтайлы шешпесе, ауылдарымыз да қаңырап қалуы мүмкін. Әсіресе шекаралық аймақтарға бей-жай қарауға болмайды.

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

06 мамыр, 13:50
Алматыда Tabiğat Labs-тың жаңа маусымы басталды
05 мамыр, 16:31
Телефон алаяқтарының арбауына түскен 25 жастағы жігіттің оқиғасы: “Бәрі бір қоңыраудан басталды…”
04 мамыр, 21:28
Ғибратты ғұмырдың жетпіс жетінші көктемі
02 мамыр, 15:32
“Эстрада 100 пайыз қазақыланды”. Қыдырәлі Болманов эстрададағы құпиясымен бөлісті (Видео)
30 сәуiр, 13:50
Алмасбек Нұғыман: Парламенттің қуатты болуы – халықтың қолдауынан
28 сәуiр, 14:24
Сары атлас көйлек
24 сәуiр, 14:22
Талғат Байеділов: Халық үніне әрдайым құлақ асамыз
24 сәуiр, 11:46
Сүтпен шай – дәстүр ме, әлде денсаулыққа қауіп пе?
16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң