Бүгін қала әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен жылу беру маусымына дайындық бойынша жиналыс өтті. Мекемелердің дайындығы пысықталып, бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Қаладағы 1987 көпқабатты тұрғын үйдің 91% дайындалған. Ал, 484 бюджеттік мекемелерден бүгінгі күнге дайындалғаны 480 нысан (99%), дайындық жұмыстары жалғасуда. Аталмыш мекемелер отын қорымен толық қамтамасыз етілген.
Қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 66 мың тонна, бүгінгі күнге дейін қалаға 100,8 мың тонна көмір тасымалданған, қоймаларда 35 мың тонна көмір қоры бар.
Инфрақұрылым жүйелерінің дайындығы 90 пайызды құрап отыр.
Шымкент қаласының 80 пайыздан астамына «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамы жылу береді. Жұмыс істеп тұрғанына 40 жылдан астам уақыт өткен бұл орталықты модернизациялау мақсатында 5 жылдық инвестициялық бағдарлама қабылданған. Соның ішінде биыл атқарылуы тиіс жұмыстарға 903 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін соның 289,6 миллион теңгесі немесе 32 пайызы игерілген.
Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйлерді біртіндеп әр шағынауданның өзінде орналасқан жылу қазандықтарына қосу жоспарланып отыр. Бұл қазандықтардың ерекшелігі мұнда энергия үнемдеуге бейімделген заманауи қондырғылар орнатылған. Әрі қаланың арғы шетінен тартылған құбырға қарағанда мұнда жылу жоғалту мөлшері аздау. Осының арқасында тұрғындарға жылыту құны арзанырақ түседі.
Бүгінде қалада осындай 15 жылу қазандығы бар. Соның 12-сі қазірдің өзінде қысқы маусымға дайындалған. Ал, қалған 3 қазандықта дайындық жұмыстары 15 қыркүйекке дейін толық аяқталады.
–Сонымен қатар қаладағы тозған жылу құбырларын жаңартуға да үлкен мән беріп отырмыз. Атап айтқанда, 2022 жылы 18 шақырым жылу жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін соның 9 шақырымы жөнделіп бітті. Қалған жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін аяқталады, – деді Боранбай Нығметұлы.
Айта кетейік, қаланың 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан бақылауға алынған, апта сайын тұрақты мониторинг жүргізіліп тұрады.
Қала әкімі күрделі жөндеу жұмыстары бойынша аяқталмаған жұмыстарды тездетіп бітіруді, құбырларды жаңартуда орын алған кемшіліктерді реттеуді, аудан әкімдеріне көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығын тексеріп қосымша баяндауды, маусымға дайындық жұмыстарын қыркүйектің соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Тоқтар Жақаш