jasqazaq.kz

«Жылы ұя»: сеніммен өмір сүру

31 тамыз 2022, 14:45

Бәріне ортақ журналистика

Jas qazaq газеті мен Chevron компаниясының бірлескен жобасы

Жобаның мақсаты – ерекше жандарды журналистика жанрларын меңгеріп, сауатты жазуға бейімдеу. Қазір журналистикаға құмар жандар компьютерлік сауаттылық, мерзімді баспасөз және тележурналистика бойынша дәрістен, тәжірибесін шыңдап, шағын хабар, ақпарат, мақала жазуға, сұхбат алуға төселіп келеді. Қатысушымыз Гүлхая Жуашбаеваның кезекті жазбасын оқырман назарына ұсынамыз.

Арнайы қажеттілікті талап ететін жандарға көмек көрсету – еліміздің мемлекеттік саясатындағы басым бағыттарының бірі. Мүгедек жандарға қолдау көрсетуге, түйткілдерін шешуге бізде ұдайы көңіл бөлінеді.

Менің туғаннан көзім көрмейді. Соған қарамастан, өз мүмкіндігімді шексіз деп санаймын. Бүгінде мүгедек, ерекше күтімді қажет ететін адамдар үшін мүмкіндігі шектеулі жандар деген түсінік қалыптасқан. Өз басым бұл пікірге қарсымын. Өйткені әр адам өзінше бір әлем. Сіз де, мен де, басқалар да өз болмысымызбен, сана-сезімімізбен бөлекше адамдармыз. Сондықтан «арнайы қажеттілікті талап ететін жан» деген ұғымды ұсынамын.

Қазір әр өңірде «Қазақ соқырлар қоғамы» деген қоғамдық ұйым бар. Осы ұйымның басты мақсаты – 1-ші және 2-ші топтағы арнайы қажеттілікті талап ететін зағип жандардың құқықтарын қорғау, оларды әлеуметтік жағынан қамтамасыз етіп, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде еңбекке араластыру. Алғашында елімізде Халық ағарту және әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссариаттары көзі көрмейтін жандармен жұмыс жүргізіп келді. Осы жүйеде Бүкілресейлік соқырлар қоғамының өлкелік бөлімі жұмыс істеді. 1997 жылы 11 ақпанда Азаматтық заңнамаға сәйкес, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық ұйым болып қайта тіркеуден өтті.

Екі жылдан бері әлемді жайлаған пандемия салдарынан көптеген өндірістер мен өзге де жұмыс орындарының жұмысы тұралап қалғаны белгілі. Бірақ соған қарамастан, бұл қиындықтарды ел болып еңсеріп келеміз. Мәселен, жағымды жаңалықтардың бірі Қазақ соқырлар қоғамының «Жылы ұя» мүгедектерді оңалту орталығының ашылуы. Мұратбаев пен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында жаңа ғимарат бой көтеріп отыр. Өзінің ғимараты бар оңалту орталығын құру туралы шешім Қазақ соқырлар қоғамының съезінде қазіргі Орталық кеңесінің төрағасы Алмат Сәбитжанұлының Наурызбаев бастамасымен қабылданды. Жаңа нысанды салу үшін қоғамның өз қаражаты есебінен 354 808 986 теңге бөлінген.

Қазақстан соқырлар қоры бірлестігінің «Жылы ұя» оңалту орталығының алдына қойып отырған негізгі міндеттері Жарғысына орай мынадай:

— мүгедектерге арналған әлеуметтік-мәдени, оңалту, мәдени демалыс, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық бағдарламалардың кешенді жүйесін даярлау;
— арнайы қажеттілікті талап ететін жандардың интелектуалдық, мәдени-рухани білім алуы үшін қосымша біліктіліктерін арттыруын қамтамасыз ету;
— мүгедектердің, мемлекет пен қоғамның білікті мамандарға деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету;
— қызметкерлерді кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ еліміздің аумағында мүгедектер үшін коммерциялық емес сипаттағы және әлеуметтік бағыттағы басқа функцияларды жүзеге асыру;
— мүгедектерді өнер, мәдениет, спорт әдістерін қолдана отырып, олардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін кешенді оңалтудың әдістерін құру және жетілдіру үшін шығармашылық топтар мен спорттық секциялар құру.
«Жылы ұя» штатында 11 адам бар. Оның тоғызы — мүмкіндігі шектеулі жан. Жұмыспен қамту орталығы арқылы да мамандар орталықтың қызметіне тартылады.
Орталықтың құрылымы: басшылық; нүктелі-бедерлі қаріпті баспа бөлімі (Брайль баспа бөлімі);
кеңестік, әдістемелік және оңалту жұмыстары бөлімі;
бос уақыт, спорттық және әуесқой көркемөнерпаздар бөлімі;
техникалық көмек;

«Aлтын нүкте» журналының редакциясы.

Брайль баспа бөлімі

Орталықтың негізгі бағыттарының бірі — құжаттарды рельефті-нүктелі қаріппен шығару. 1961 жылы Брайль жүйесі қазақ алфавитінің әріптерімен толықтырылды. Қазақ брайль жүйесінің құрылуы — Қазақ соқырлар қоғамының белгілі мүшелері Сәкен Өтегенов пен Оқан Қасымовтың жемісті жұмысының нәтижесі. Қазақтың брайль жүйесінің көмегімен зағиптар қазақ тіліндегі кітаптарды оқи бастады. Елімізде қазақ соқырлар қоғамының қазақ және орыс тілдерінде кітап шығару үшін арнайы баспаханасы ашылды. Осы Брайль баспа бөлімі көркем, оқу-әдістемелік кешендер (оқулық, жұмыс дәптері, әдістемелік құрал және т.б.), ғылыми-әдістемелік әдебиеттер және тағы басқа құжаттар қазақ-орыс, өзге де тілдерде брайль қарпінде шығарылады. Аталған бөлімнің жұмысы зағип және нашар көретін азаматтарға, мемлекеттік ұйымдарға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ көру қабілеті нашар адамдарға арналған арнайы кітапханалар тапсырыстарын орындауға бағытталған.

Қазіргі кезде республиканың арнайы кітапханаларына рельефтік-нүкте түріндегі 40-қа жуық қазақ және орыс тілдеріндегі кітаптар ұсынылып отыр. Бөлім 2019 жылы жұмысын бастап, 2019-2020 жылдары барысында 3000-ға жуық дана кітап шығарды. Сондай-ақ қырғыз елінің қоғамдық қоры тапсырысымен де оларға қажетті кітаптар шығарылды.

«Алтын нүкте» журналы

1964 жылдан бастап Қазақстанда Қазақ соқырлар қоғамы Орталық кеңесінің баспа орталығы болып табылатын «Еңбек таңы» — «Заря труда» журналы жарық көре бастады. Журнал алдыңғы қатарлы тәжірибені насихаттауға, саяси идеялық және адамгершілік тәрбиесі бойынша жұмысты жақсартуға, ҚСҚ мүшелері арасындағы оңалту, жұмыспен қамту, мәдени жұмыс мәселелеріне, олардың еңбек және тұрмыстық жағдайларына баса көңіл бөлді. Бұл басылым зағип ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттап тұрды. Белгілі себептермен аталған журнал жұмысын тоқтатқан болатын.

Алайда 2018 жылы Қазақ соқырлар қоғамының орталық басқармасы өзінің жеке басылымын қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Бастапқыда ол Қазақ Соқырлар қоғамы Орталық кеңесінің хабаршысы түрінде жұмыс атқарса, 2019 жылдан бастап ҚСҚ Орталық Кеңесінің шешімімен «Алтын нүкте» журналы деп өзгертіліп, жаңа қарқынмен ай сайын шығатын басылымға айналды.

Кеңес, әдістемелік және оңалту жұмыстары бөлімі

Бұл бөлім әр түрлі бағыттар бойынша оқытып, оңалту сипатындағы жұмыстарды жүргізеді.
Зағиптарға арналған арнайы технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын, компьютерлік сауаттылықты үйретеді.

Өзіне-өзі қызмет көрсетуді, қала бойынша қатынауды, жалпы әлеуетке бейімдейді.
Мүгедектер мәселелері бойынша түрлі ұйымдарға кеңес беру, әдістемелік нұсқаулар, стандарттар әзірлеу және т.б. бағыттарды қамтиды.

Осы бөлімде психологтар, тифлопедагог-реабилитолог маман жұмыс істейді.
Бұл оңалту орталығы қаншама арнайы қажеттілікті талап ететін жандар үшін жағымды жаңалық еді. Өйткені зағип және көздері нашар көретін азаматтар брайль жүйесімен оқу мен жазуды меңгере алады. Ал осы «Жылы ұя» оңалту ғимаратында тек кәсіби шыңдалған, білімді мамандар қызмет атқарады. Қызметкерлер арасында зағиптығына қарамастан, Чехия мемлекетінің Брно қаласының жоғарғы оқу орнын үздік тәмамдаған, Островский атындағы зағип және нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының түлегі Әлібек Тоқабаев та еңбек жолын аталмыш оңалту орталығынан бастады. Кәсіби шыңдалған маманның міндеті Брайль жүйесі арқылы азаматтарды арнайы компьютерлік сауаттылыққа үйрету.

Бүгінде инклюзивті білім беру жоғарғы оқу орындарында қарқынды дамып келеді. Жыл сайын арнайы қажеттілікті талап ететін білім алушы жандардың саны артуда. Жоғарыда атап өткенімдей, Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мақсаттарының бірі — еліміздің барлық жоғары оқу орындарында арнайы білім беруді қажет ететін студенттер үшін инклюзивті жағдай жасау. Соған сәйкес, толыққанды инклюзивті қоғам құру, жігерлі орта қалыптастыру ерекше күтімді қажет ететін жандардың мәселелерін көрсетуде осындай орталықтың маңызы зор. Әрбір отбасында дүниеге келген арнайы қажеттілікті талап ететін жан біртұтас еліміздің мүшесі болып кедергісіз келешекте сеніммен өмір сүруге құқылы.

Әбу Насыр әл Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегендей, тәрбиені отбасынан, білімді ұстаздан алу өскелең ұрпақтың ризығы.

Гүлhая Жуашбаева,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылыми кітапханасының инклюзивті ақпараттық
ресурстар орталығының координаторы

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті