Кеше «Жыл таңдауы» ұлттық музыкалық номинациясының гала концерті өтті. Кешке отандық әншілерден бөлек түріктің әйгілі актері Юсуф Чим мен ресейлік «Винтаж» тобы келді. Аталған кештен керемет шоу күткен көпшілік кеш соңына қалмай, ұйымдастырудың төмен болғанын айтып, үйлеріне тарап кетті деп хабарлайды NUR.KZ.
«Біз отбасымызбен осы кеште керемет шоу болады деп сендік. Оның үстіне «Құлпынай иісі» телехикаясындағы актер «Бурак» болады деген соң, барша құрбыларым да келген. Өкінішке орай, Юсуфтың кеш жүргізушісі екенін сезілмейді. 12 мың адамдық залда LED экран қоймағаны қалай? Қай әншінің қандай ән айтып, қандай киіммен шыққанын көре алмай жатырмыз»,- деп ағынан жарылды Саяжан есімді көрермен.
Журналистер қауымының пресс-конференциясы да «шетелдік әншіні күтудеміз» деген ұйымдастырушылардың сылтауымен екі сағатқа кеш басталған еді.
Ұйымдастырушылар концерт кезінде де БАҚ өкілдерінің қай қатар, қандай орынға отыратынын білмей, тіпті алдыларына барған журналистке дұрыс жауап та бере алмады. Салдарынан біраз журналист сахна сыртында сабылып жүрді.
«Кештің 11 жүргізушісі аудиториямен тығыз байланыс орната алмады. Сценарий бойынша жүргізушілер ел алдына үш-төрт рет қана шығатынын білген екен, осынша жүргізушінің не қажеті бар еді? «Ұйымдастыру жағы нашар болды» десек өзімізге тиеді. БАҚ өкілдерін шара басталғанша ғана жарнама жасау үшін пайдаланып алды, енді Салтанат деген бойжеткен бізді танымай жүр. Юсуф Чимның менеджері бөлмесіне кіруге рұқсат берген, бірақ біздің тарап «болмайды» деп есіктен кіргізер емес. Бұл ұйымдастырушылардың жауапкершілігінің жоқтығы деп ойлаймын»,- деп өкпесін жеткізді сахна сыртында жүрген республикалық танымал басылымның тілшісі.
Айта кететіні, 70 өнерпаз қатарынан ән айтқан кеш түнгі сағат бірден аса аяқталды. Залда көбіне Ninety One тобының «иглздары» ғана қалды десе болады. Себебі, кеш қонақтарын күтіп шаршаған халық жұма жұмыс күні екенін айтып, үйлеріне тарап кетті.