jasqazaq.kz

Жүйрік ат ер қанаты

13 қараша 2017, 11:38

 «Біз қазақ деген мал баққан елміз, Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден кұт-береке қашпа­сын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз!» – деп Қазыбек би айтқандай, арғымақ атқа ер салып, үкілі найза қолға алған халқымыз осынау ұлан-ғайыр даланың иесі атанып отыр. Тарихтар бойы жерімізге сілекейі шұбырғандар көп болса да, сүлкінімізді түсіре алған жоқ. Жаугершілік жылдары арғымақ атты алғаш үйреткен бабаларымыз жолындағы жауын тапап өтіп, белдескенін бет қаратпады.         Бейбітшілік жылдары көкпар тартып, қыз қуып, ат бәйгесінде тұлпарларының ұшқырлығын сынап, белін босатқан жоқ. Сол дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып, ат спорты бүгінде бұқаралық спорт  түрі ретінде кең ауқымда жалпыласып келеді. Тіпті, ат спортын дамыту үшін Алматы облысында ат спорты федерациясы құрылып, талай игілікті істің басын қайырды. Тіпті, аймағымыздағы жомарт жанды азаматтарда өзі қаржы тауып, ат бәйгесін ұйымдастырып, жұрттың осы бір спорт түріне деген қызығуын бәсеңдетіп алмау үшін тырысып келеді. Иә, осындай қолдау мен демеудің нәтижесінде облысымызда осы бір жылда бірнеше рет ауқымды ат бәйгесі өтіп, тұрпарларымыздың тұяғын шаңдап, шабандоздарымыздың тақымын демдеп, ұлы істің ертеңгі күнге өз берекесімен жалғасуына мұрындық болды. Осы ретте соның бір қатарын сөз етпекпіз.

Талдықорған атшабарында Жеңіс күніне орай өткен бәйгенің де тартысты өткенін шабандоздар әлі күнге жырдай қылып айтып жүр.     Аталған доданың шымылдығын тай бәйгесі ашты. Сымдай тартылған жас тұлпарлардың келбеті адамды қызықтырады. Атшабарда ойнақтап, жұп-жұмыр  болған тайлар жанкүйердің көзін қызықтап, үстіндегі шабандоздың да мерейін асыруға асыққандай. Үш шақырымға бет алған тай бәйгеге 17 тай қатысты. Барлығы да бабы мен бағы келісіп, құстай ұшты. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын», – дегендей он жеті тайдың ішінен суырылып алға шыққан Жамбыл ауданы Ұлан Омаровтың «Баян» атты тайы бірінші болып мәре сызығын кесті. Құйысқан тістесіп, екінші болып өткен Қарасай ауданы «Азем» жылқы зауытының «Аққу» атты тайы болса, үздік үштікті Алматы қаласынан келген Сауран Ахметжановтың «Айсұлуы» жеңіп алды.

Мүнан кейін айналымда құнандар бәйгесі өтті. Ауыздықпен алысқан құнан жарысқа да он жеті шабандоз ойқастап шықты. Жалға жабысқан қаршадай балалар, құнандарымен қара жердің шаңын шығарды. Бірінен-бірі озып, мәреге қарай зулаған жүйіріктердің осалы жоқ. Қиқулап, ұрандап, қамшысын айналдырған шабандоз балаларды көрген жұртта ес қалмады. «Бас қамшыны балақай»?! деген дауыстар кең даланы жаңғыртып жібергендей. Желдей ескен жүйріктердің арасынан жеке дара мәре сызығын бірінші болып кескен Ұлан Омаровтың «Доран» атты құнаны. Тайы озған Ұланның құнаны да жеңімпаз атанып, қанжығасы майланды. Екінші орынға Қаратал ауданынан келген Жеңіс Смайловтың «Самғау» атты құнаны тұрақтаса, үшінші орынға «Азем» жылқы зауытының «Нордик» атты тұлпары қол жеткізді. Үстінен су төгілмес жорға жарыста Қарасай ауданынан келген Бахтияр Сабуровтың «Алашы» жеңімпаз болып танылды. Екінші орынға алматылық Кеңесбек Оспановтың «Олбыры» қол созса, үздік үштік Жамбыл ауданынан келген Хауған Келдібаевтың «Бораны» еншіледі. Топқа түскен топ бәйгеде тағы да Ұлан Омаровтың бағы жанды. Топтан суырылып алға шыққан «Шырай» атты тұлпары барлығын шаңға бөктіріп, бас бәйгені ешкімге ұстатпады. Екінші болып мәре сызығын қараталдық Жеңіс Смайловтың «Король» есімді сәйгүлігі қиды. Ал үшінші орын  қарасайлық Жомарт Сайболатовтың «Саддамына» тиесілі болды. Шашасына шаң жұқпаған аламан бәйге қызықты өтті. Ауыздықпен алысқан жануарлар, 21 шақырымды артқа тастады. Он бес аттың ішінен құстай ұшқан қарасайлық Жомарт Сайболатовтың «Сардан» есімді жүйрігі 1,5 млн. теңгені қанжығасына басты. Соңғы айналымға дейін бірінші келе жатып, шешуші сәтте алдына тұлпар жіберіп қойған алматылық Бекайдар Жапаровтың «Мерген» атты бәйгесі екінші орынды қанағат тұтты. Соңғы сәтте топтың ішінен бөлектеніп шыққан алматылық Сауран Ахметжановтың «Нұр-бақ» есімді тұлпары үшінші орынға қол жеткізді. Осылайша жеңіске жеткен атбегілер мен шабандоздар қомақты қаржымен марапатталып, қанжығалары майланды. Оның сыртында қазақтың ұлттық ойындыры қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ және көкпар ойындары ұйымдастырылып, жеңімпаздар бәйгесін алып жатты. Көкпарда Кербұлақ ауданы жеңіске жетсе, Сарқан ауданы күміспен күптелді.

         Көкбастау атшабарындағы «Алаш арғымағы» өңірлік бәйгесінің дақпырты да көпке дейін жұрттың құлағынан кетпей жүрді. Бұл орайда жарысқа ұйытқы болған Болат Назарбаев бастаған ел азаматтарының мырзалығы қалай мақтаса да жарасары анық. Расында, ұшқан құстың қанаты талып, тұлпардың тұяғы кетілетін Ұлы Даласы бар, рухани тарихы бай халықтың телегей-теңіз дәстүрі осындай жиындарда жарқырай көрінетіні бір ғанибет. Бұл жолғы бәйгені ұшқыр аттар бастады. 3200 метрлік қысқа қашықтыққа тізгін босатқан 11 сәйгүліктің жылдамдығы таңдай қақтырады. Бір айналымнан сәл ғана асатын жарыс жолын лезде шауып өткенде, Қарасай ауданынан Әлнұр Назарбаевтың төрт жасар «Алтайторысы» бәрінен озды. Екінші және үшінші болып алматылық Әділет Шынайдаровтың күреңі мен Жасұлан Сансызбайдың көк аты келді. Одан кейін бес шақырымға 18 тай құйрық тістескенде, мәрені Батыс Қазақстан облысынан Мақсат Бекқайыровтың «Шаттық» атты торы тайын тақымдаған Ердос Ниязов бірінші болып қиды. Екінші жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысынан Жеңіс Тоғызақбаевтың «Аманат» күреңімен Нұрсұлтан есімді шабандоз ұтты. Талғар ауданы «Үңгірлі» жылқы шаруашылығының жирені «Айсұлу» үшінші, шабандозы Аманжол Рамазан, қарасайлық Әлнұр Назарбаевтың «Ақтанауы» төртінші, шабандозы Баймұхан Ильшат, Алматы қаласынан Бауыржан Бағдатұлының «Алигархымен» шапқан шабандоз Нұржан Алшымбаев бесінші орындарды жеңіп алды.

Аш күзендей шиыршық атқан 29 құнанның 11 шақырымға қолтық жазуы да жанкүйердің жан-жақтан қиқу салуымен тамашаланды. Нәтижесінде Талғар ауданынан Мерхат Бұлғыновтың «Мұрагер» қаракөгінің жұлдызы жанды, шабандозы – Ақжол Жұматай. Өтесін Аслан мінген көк құнан екінші келіп, ақтөбелік «Нұрдәулет» жылқы шаруашылығының мерейін асырды. Үшінші болып Қордай ауданынан Талғат Сәкеновтың «Витязы», төртінші – тағы да қордайлық Алик Әбдісабыровтың «Гида» атты қара құнаны, бесінші орында Талдықорған қаласынан Қанат Абдрахмановтың «Ақсу» жирені келді. Бұлардың шабандоздары – Жолаушы Дінмұхамбет, Бауыржан Әбдісабыров, Қойшыбай Олжас.

Топ бәйгеде құйрық-жалы сүзілген 39 тұлпар 16 шақырымға көсілді. Атшабарды алтыншы рет айналғанда Алматы қаласынан Мәлік Рахымбаевтың «Қарақұсы» мәреден бірінші болып өтіп, шабандозы Оразбек Молдашев тізгіндеген қара бесті нағыз бабында екенін танытты. Тағы бір алматылық Әділет Нұрбековтың алты жасар «Фортунасы» Бақыттың тақымында екінші келді. Үшінші орынды қордайлық Сержан Тәпиевтің «Қазынасы», төртінші жүлдені Алматыдағы «Нұрай» жылқы шаруашылығының күрең аты, бесінші болып қордайлық Айдар Нұрмахамбетовтың «Жұлдыз» торысы ұтып алды. Осылайша топ бәйгеге тігілген екі автокөлік пен басқа да қымбат сыйлықтар алматылықтар мен қордайлықтарға бұйырды.

Аламанда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар саналған 38 қылқұйрық 25 шақырымға бауыр жаза көсілді. Тоғыз айналымға тұлпардың тұлпары ғана тынбай шапты десе болады. Ұзақ қашықтықта Алакөл ауданынан Ербатыр Баймұхамбетовтың «Тасқыны» бәрінен озып, бәйгенің бас жүлдесі жол талғамайтын Джип көлігін иесіне тақымдатты. Оның тақымы суланған шабандозы – Жұмаш Диас. Екінші болып Әлнұр Назарбаевтың күрең жүйрігі «Бұйражал» келді. Үшінші жүлдеге тігілген тағы бір автокөлікті алматылық «Нұрай» шаруашылығының «Верный» атты күреңі ұтты. Төртінші орынға қордайлық Есбол Шыңтасовтың «Самал» күреңі табан тіреді. «Оқжетпес» жирені арқылы алматылық Ернар Байбатыров бесінші жүлдеге қол жеткізді.

Талдықорған атшабарында «Жетісу жүйрігі» атты ұлттық ат спорты екінші мәрте ұйымдастырылып, аймақтағы атбегілердің мәртебесін тағы да бір мәрте өрлетті. Рүстем Досжанов басқаратын бәйге федерациясының ұйымдастыруымен бастау алған жоба биыл екінші жыл жалғасты. Болашақта дәстүрлі жарысқа айналмақ.    Дүбірлі додада тай, топ, аламанға қосылған сәйгүліктер үзеңгі қағыстырды.

Сонымен бірінші болып  жарыс жолына тайлар шықты. Дүбірге өңірден келген жиырма тай жарысты. Шашасына шаң жұқпаған тұпарлардың додасында желмен бірге жарысқан Қарасай ауданының «Ақтаңай» атты Әлнұр Назарбаевтың тайы бірінші келді. Мәре сызығын екінші болып Қордай ауылының «Ажар» атты тұлпары кессе, үшінші орынға Қайрат Тұрлыхановтың «Аққуы» тұрақтады. Бірінші орыннан көрінген тайдың шабандозы қанжығасына мотоцикльді байласа, қалған бес орынға қол жеткізген тай иелері ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал топ бәйгеге 35 тұлпар қосылды. Бағы мен бабы келіскен тұлпарлардың ішінде қара үзіп келген Талғар ауданының «Бой» атты жүйрігі иесіне «Лада гранта» автокөлігін сыйға тартты. Қалған бес орыннан көрінген жүйріктер ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Бәйгенің төресі саналатын аламан жарыс өте тартысты өтті. Дүбірлі додаға 34 сәйгүлік сайланып келіпті. Топқа түскен жүйріктер 41 шақырымға үзеңгі қағыстырды. Алғашында топтасып отырған тұлпарлар уақыт озған сайын бөлектене бастады. Үш бөлікке бөлініп, айналымның шаңын аспанға шығарған шабандоздар, қатары жарыстың соңына қарай сирей бастады. Бабы келіспеген жылқылар жарысты ерте аяқтаса, бабы шапқандар айналымның соңына қарай қарқын ала бастады. Осылайша соңғы айналымға дейін ортаңғы топтың ішінде отырған Қордай ауылынан келген Есбол Шынтасовтың «Самал» атты тұлпары алдыда едәуір жерге озып кеткен тұлпарды басып озып, мәреден бірінші болып көрінді. Жеңіске жеткен сәйгүлік қанжығасына «Нива» автокөлігін байлады. Ал екінші болып Дегерес ауылының «Ерқайыры» келді. Бұл тұлпарды да ерекше атап өткен жөн. Дода басталысымен он бес айналым бойы оқ бойы озық отырып, соңғы сәтте алдына жалғыз тұлпарды шығарып алды. Мәре сызығын кескен қалған бес тұлпар ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Осылайша облыстық «Бәйге» федерациясы биылғы жылдың маусымын осындай табыспен аяқтады.

Түйін:

Қазақ баласына ақ жол тілегенде: «қанатың талмасын» деп бетін сипайды. Әрине, қанатың дегені астыңдағы тұлпарың шаршамасын дегені болар. Бүгінгі аспанда ұшақ ұшып, жерде жеңіл көлік жүйіткіген кезде де осы сөздің құны түскен жоқ. Қайта көңілді желпіндіріп, жігерді ұштап келе жатыр. Бұл біздің қанымызға сіңген атқа деген құрмет пен ат спортына деген сүйіспеншілігіміздің айғағы. Қанға сіңген осы қасиет бүгін, ертең бойымыздан алыстай қоймайды. Демек, ат спортына деген қызығушылық та жыл өткен сайын артпаса, кемімейді деген сөз. Биылғы тартысты ат бәйгелері туралы осылай айтып, түйіндегіміз келді. Алдағы жылы осындай тартысты бәсекелер көбірек боларына сенім мол. Ендеше, сол додада жолығып, шабандоздарымызға жанкүйер болайық, ағайын!

 

Қажет Андас, Алматы облысы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

23 маусым, 16:02
Түркістан: «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығы – маңызды жоба
23 маусым, 15:37
Түркістан: Мәдени және әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды
23 маусым, 14:42
Түркістан: Агроөнеркәсіп саласындағы өзекті мәселелер пысықталды
23 маусым, 14:16
Алмас Әбдірахманұлы: Масылдыққа жол бермей, адамдарды еңбекке ынталандыру маңызды
23 маусым, 14:02
Ұлттық тәрбие – баланың жанына дерт түсірмейтін ең басты қорған (Видео)
23 маусым, 13:48
Эльмира Төретаева: Жапон тұтынушылары  жантақ балымызды күтіп отыр
23 маусым, 12:59
Түркістан: Елді мекендерді газдандыру бойынша 64 жоба жүзеге асып жатыр
21 маусым, 13:05
Ілияс Қазиев: Алматы тұрғындарына сапалы ауыз су жеткізу – басты міндет
20 маусым, 13:08
Түркістан: Бос орындар жәрмеңкесі мен форум өтті