«Менің тапсырмам бойынша 28-31 мамырда «Жусан» арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі табысты өтті. Сириядан отандастарымыздың кезекті тобы оралды. Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының жүйелі жұмыстарының және шетелдік серіктестермен тығыз ықпалдастықтың арқасында қақтығыс аймағынан 171 бала шығарылды. Қазақстанға оралған соң, олар оңалту шараларынан өтіп, барлық қажетті көмек алатын арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды. Елге оралған отандастар жаңа өмір бастауға, ал балалар бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алды»
Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Президенті
Jaz qazaq газеті бірнеше жылдан бері Сирияға жиһадқа кеткендер туралы жазып келеді. Газет бетінде жарық көрген кейіпкерлердің кейбірі «Жусан» операциясымен елге оралып жатыр. Бүгінгі жазбамызда жат жерге жұмақ іздеп кетіп, тозақ көріп қайтқандардың бірнешеуіне тоқталамыз. Олардың арасында Сирияға кетіп оралмаған «Ақжайық» футбол клубының бұрынғы ойыншысы Айбек Ғұбайдуллиннің жары мен бала-шағасы да бар.
Биыл 28-31 мамыр аралығында «Жусан – 3» операциясы арқылы Сириядан 67 әйел, 171 бала елге жеткізілді. Осыған дейін Jas qazaq газетінде «Жусан-1», «Жусан-2» туралы жан-жақты жазғанбыз. Ал соңғы сапар төңірегінде айтарымыз ерекше болмақ. Өйткені…
Ресми орындар «Жусан – 3-ке қатысты: «Бұл Сирия мен Ирак жеріндегі қақтығыс аймақтарынан шығарылған соңғы отандастарымыз. «Жусан» операциясының басты кезеңі межеге жетті» деп мәлімдеді.
Жыл басынан бері жүзеге асырылған «Жусан» операциясының үш кезеңінде елге 516 жерлесіміз қайтарылды. Соның 357-і бала, 159-ы ересек адам. Алайда «халифат» деп, «жиһад» деп жұмақ іздеп қашып кеткендердің саны мұнымен шектелмейтіні анық. ҰҚК-нің жыл басындағы мәліметі бойынша, бүгінде Сирия мен Иракта 900 отандасымыз жүр. Оның арасында 500 бала бар.
Отанына опасыздық жасаған азаматтарын кешіріп, қаракөз балаларды жат жерде телміртпей атамекеніне алдырған елдің билігіне қалай сүйсінбейсің?! Әсіресе өзіміз Jas qazaq газетінде мәселе етіп көтерген «Тірі ме екен, Лунара?», «Допқа ғашық Айбекті оққа айдаған салафизм», «Қаршадай қыз қайда кетті?» атты мақалалардың кейіпкерлерінің кейінгі тағдыры қатты ойға қалдырды. Елге оралғандар арасында олар бар ма? Бар болса, қол-аяғы бүтін бе? Аман-есен бе?» деген сұрақ бізді де қызықтырды. Енді соған жауапты бірге іздеп көрелік.
Маңғыстау облысындағы оңалту орталығына баруға қанша сұрансақ та, құзырлы орындар белгілі себептерге байланысты бейімдеуден өтіп жатқандарға жолығуға рұқсат бермеді. Алайда бүгінгі мақалада олардың аналары арқылы алған ақпараттарға сүйенгелі отырмыз. Сонымен…
Футболшының бала-шағасы келді
28 мамыр күні телефоным шырылдады. Оралдан екен. Ойын алаңын ұрыс даласына айырбастап, Сириядағы лаңкестер қатарына қосылған Фабио Покас, Неро Сарайва, Недхал Селми, Бұрақ Каран, Низар Трабелси, Янна Нсаку сияқты әлемдік деңгейдегі футболшылардың қатарын толықтырған жерлесіміз Айбек Ғұбайдуллиннің анасы Сара апай екен.
Апамыздың даусы бұрынғыдан әлдеқайда жарқын шықты. Сөйтсек, қан төгілген аумақтан оралғандардың арасында Айбектің қызы Сухайла мен ұлы Якуб (суретте), әйелі Диана бар боп шықты. Немерелеріне «Өлмеймін, сендер келгенше күтем!» деген әженің арманы орындалыпты.
Қуанышын жасыра алмаған ана: «Немерелерімнің аман-есен елге келгеніне өте қуаныштымын! Қашан көзіммен көріп, қолыммен ұстаймын?» деген арманыма жеттім. Сол қуанышымды сізбен бөліскім келді. Олар дәл қазіргі уақытта Маңғыстау облысындағы оңалту орталығында. Көргенше тағатым таусылып отырмын…», – деді.
Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылдың 12 қаңтарында «Ақжайық» футбол клубының бұрынғы ойыншысы Айбек Ғұбайдуллинге халықаралық іздеу жарияланған болатын. Сәләфилік жолды ұстанған ол 2014 жылы Ақтау – Ыстамбұл сапарымен Түркияға, одан әрі Сирияға жеткен. Сол сәттен бастап бейбіт тұрғындар мен Сирияның үкіметтік әскеріне қарсы қарулы соғыс ашқан лаңкестік топтың құрамында қолына қару алып, соғысқа қатысқан. Оның үстінен еліміздің Қылмыстық кодекісінің 257-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2014 жылдың 31 желтоқсанында Орал қалалық соты А.Ғұбайдуллинді тұтқындауға санкция берді. 2015 жылдың қаңтар айында халықаралық іздеу жарияланды.
Үзілмеген үміт
Сухайла биыл – 7 жаста. Якуб – алтыда. Келіні Диананың Айбектен соң тиген күйеуінен тағы 2 баласы бар. Төрт жылдан бері ұлын ойлап, қатты күйзеліске түскен ананың ендігі арманы – Айбектің көзіндей болған немерелерін бағып-қағып, азамат етіп өсіру.
Сара апа 2015 жылы 2 қазанда Айбекпен соңғы рет сөйлескен. «Мені уайымдама, өзіңді күт!» деген соңғы сөзі әлі құлағымда жаңғырып тұр…», – дейді кейуана. 2015 жылдың 6 қазан күні туған құдағиынан Айбектің қазаға ұшырағанын естіпті. Бірақ ресми орындардан ұлының қайтыс болғаны туралы хабар алмаған соң «балам әлі іздеуде» дейді. Үміт отын өшірмеген ана жүрегі «Жусан» операциясына байланып қалғандай. Көңілін күдікке жеңдірмеген әже «Бұл «Жусанның» соңғы сапары ма екен? Апыр-ай, Сирияда қалып қойғандар болса, олар енді елге қалай жетеді?», – деп қатты уайымдап отыр.
«Тірі ме екен, Лунара?!»
Біз өткен жылдан бері өз тарапымыздан интернет желісіне қазақ, орыс тілдерінде әлсін-әлсін сұрау салып отырсақ та, «Лунараны көрдім, білдім» деген бір хабар ала алмадық. Бұл сұрақтың жауабын Лунараның анасы Әсел Кәкімқызы да, құзырлы орындар да әзірге таба алмай отыр.
«Бір қуаныш, бір қайғы»
«Жусан – 2» операциясы орындалды» деп ресми ақпарат жарыққа шыққан соң Әсел Кәкімқызымен хабарластым. 7-9 мамыр аралығында «Жусан – 2» операциясымен жиені Хасан елге оралыпты. «Кіші жиенім келді, қызым мен үлкен жиенімнен хабар жоқ», – деді көңілі пәстеу ана. «Қуанып жатыр екенсіз ғой», – дегеніме, «Иә, бір қуаныш, бір қайғы…», – деді. Сосын сәл кідіріп: «Алла бұйыртса, қалғандары да табылар!», – деді қысқа қайырып. Жылап отыр екен. Қайғының қара батпан жүгін арқалаған ананы одан әрі мазаламадық.
2014 жылы Сирияға жиһадқа аттанған анасы Лунарамен бірге елден кеткен екі баланың кішісі Хасан Арыстанов бүгін күні Маңғыстау қаласындағы бейімдеу орталығында тұрып жатыр. 2017 жылы анасы мен ағасы Хамзадан көз жазып қалған бала талай қиындықты басынан кешкен. Хасан соңғы рет әжесімен 2017 жылдың 14 қыркүйегінде байланысқа шыққан. 2018 жылы Әсел Кәкімқызы оның тірі екенін біліпті. Сириядағы ресейлік бір отбасы бағып отыр екен. Былтырғы ораза айының соңында сөйлескен сөзінде Хасан: «Әже, жақсымын, су, тамақ бар», – депті. Бірақ артынша Хасан да, оны бағып отырған әйел де хабарсыз кетеді.
Одан кейінгі тағдырының қалай өрбігенін енді Әсел Кәкімқызы жиенінің өз аузынан еститін болады. Санаулы күндерде Хасан өзге де «ересек жиһадшылармен» бірге Маңғыстаудан Оралға жеткізіледі.
Әл Холдан Оралға дейін…
Биыл қаңтарда Әс Суса қаласында қоршауда болған Айдана қамақтан қашып шығып, Әл Хол лагеріне төрт баласымен бірге жеткен болатын. Арада бес ай өткенде олар «Жусан – 3» операциясымен елге жеткізілді. Бұл туралы біз анасы Айнадан естідік.
«Балаларым елге аман жетті», – дейді жүрегі жарыла қуанған ана. Айдана 2011 жылы күйеуі Асхат Қадыров екеуі 1 жастағы ұлы Исмайылды алып, Ауғанстанға өтіп кеткен. 2012 жылы бір рет хабарласқан. 2013 жылы мүлде хабарсыз кетіпті. 2014 жылы бір күні Айдана анасына хабарласып: «Былтыр Асхат Ауғанстанда бақилық болды. Сүйегін көрген жоқпын», – деп жазған. Сирияға жұмақ іздеп кетіп, тозаққа тап болған жүздеген қазақ әйелдерінің бірі – осы Айдана 31 маусымға дейін Маңғыстаудағы оңалту орталығында болады. Ары қарай отбасына оралады.
Оқушы қыз да оралды
2015 жылы Орал қаласындағы №37 мектептің 7 «А» сынып оқушысы Ділнәз Әділова анасымен бірге жоғалып кеткен еді.
Бұл оқиға оқушылардың күзгі демалысында болды. 4 қарашада күзгі демалысқа кетіп, 12 қараша күні сабаққа келмеген Ділнәздың анасымен сынып жетекші хабарласады. Алайда қыздың телефоны сөндірулі болды.
Сол жылы мектеп директоры Тамара Мұсақызы: «Атырауда вахталық әдіспен жұмыс істейтін қыздың әкесі 13 қараша күні мектепке келіп, қызы мен әйелінің жоғалып кеткенін айтып, етегі жасқа толып жылап, бізден көмек сұрады. Біз облыстық ішкі істер департаментіне хат жазып, оқушымыздың жоғалуына байланысты іздеу салуын сұрадық. Олардың анықтауы бойынша, Ділнәз анасымен бірге Қазақстан шекарасынан өтіп кеткен», – деген еді.
Кейін мектеп басшылығына хабарласқан жергілікті полиция Ділнәздың 5 қараша күні анасымен бірге Мәскеу арқылы Сирияға ұшып кеткенін, оны Қазақстанның арнайы қызметі анықтағанын жеткізген.
Кейбір ақпарат көздері (тексерілмеген) бойынша, Ділнәз Әділова «Жусан – 2» операциясымен елге жеткізіліпті. Бүгінде ол да Маңғыстау облысындағы оңалту орталығында. Алайда Ділнәздың анасы Бақытжамал Хасанғалиева туралы дерек жоқ. Мүмкін, сонау 2015 жылы «Б.Хасанғалиева Сирияға өзге біреудің құжатымен кетті» деген ақпарат дұрыс шығар. Олай болса, Ділназдың қасында анасы да болуы әбден мүмкін.
Біз осы мақаланы дайындау барысында №37 мектептің директоры Тамара Мұсақызына да хабарластық. Ол Ділнәздан ешқандай хабар жоқтығын айтты. Бірақ «Биыл Ділназдың 11-сыныпқа көшетін жылы. Егер елге келіп жатса, мектепке оқуға алуға, қолымыздан келгенше көмектесуге дайынбыз», – деді.
Тобықтай түйін:
«Жусан» операциясының үш кезеңімен Сириядан елге жеткізілгендердің арасында ата-анасынан айырылған балалар, ДАИШ- тың құрамында соғысып, содырлар қатарында болған отандастарымыз (олардың арасында жасөспірім балалар мен әйелдер де бар) бар. Олар өздерінің тұрғылықты қалаларына жеткізіліп, тергеуге алынған.
Жусан қазақ топырағында тамыр тартқан, қазақтың жанына жақын өсімдік. «Жусан» операциясымен Отанына оралған қаракөздеріміз енді елі мен жеріне жусандай жұғымды болса екен дегеннен басқа бізде бөтен тілек жоқ!
Ұлдай САРИЕВА,
Орал қаласы