«Алып сатардың дәурені жүріп тұр. Жеңіл өнеркәсіпті дамытамыз десек, тері, жүнді шетелге сатуға тыйым салу керек». Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Любовь Худова газетіміз арқылы осындай ұсыныс жасады. Сұхбаттасу барысында өзге де өзекті мәселені қозғадық.
Жас қазақ: Любовь Николаевна, Cіз басқаратын қауымдастыққа 100-ден астам компания мүше. Олар немен айналысады? Себебі шіріп жатқан жүн, тері сияқты шикізатты көргенде елімізде мүлдем жеңіл өнеркәсіп дамымаған деп ойлайсың.
Любовь Худова: (күлді) Шіріп жатқан жүн болмаса, теріні қабылдайтын кәсіпорын баршылық. Бұл мәселе туралы айтпас бұрын, қауымдастықтың жұмысына тоқталайын. 1999 жылы құрылған болатын. Бүгінде былғары, трикотаж, тоқыма, аяқ киім тігетін өндіріс орындарын қосқанда 110 компания мүше. Біз өзекті мәселені бірлесіп шешуге тырысамыз.
Жас қазақ: Өндіріс орнының көп болғанына қуаныштымын. Олар әртүрлі мемлекеттік бағдарламаға қатысып жүрген шығар. Жаратқан ақшасының есебі де дайын болу керек.
Любовь Худова: Әрине!
Жас қазақ: Бірақ компанияның саны бар да, немен айналысып жүргені белгісіз болып тұр. Ал шикізаттың өңделмей, далада шіріп жатқаны ащы болса да шындық. Мүмкіндік бола тұра отандық өнімге зәруміз.
Любовь Худова: Қазіргі таңда елімізде тоқыма өндірісі ішкі жалпы өнімнің 0,5 пайызын ғана құрайды. Бұл әрине өте аз. Кеңес одағы кезінде Қазақстанда бұл көрсеткіш15,8 пайыз болған. Ел бюджетінің 25 пайызы жеңіл өнеркәсіптен түсіп отырған. Кейіннен көптеген өндіріс орны жабылды. Алматыдағы АХБК. Бұл жерде 9 мыңнан астам адам қызмет етті. Мақта иіретін цех,Гагарин атындағы және «1 май»тігін фирмасы өз жұмысын тоқтатты.Мен Алматыдағы жағдайды ғана тізбектеп отырмын. Республика бойынша қаншасы жабылды. Жеңіл өкеркәсіптің көрсеткіші төмендеп кетті. Тіпті «жоқ» деп айтсақ болады. Соңғы жылдары өндіріс орнын ашып, жағдайды қалпына келтіруге барымызды салып жатырмыз. Алайда әлсіреген саланы қайта жандандыруға біраз жыл керек. Мәселен 2014 жылға қарағанда, 2015 жылы жағдай біршама жақсарған. Дегенмен ішкі нарықта тепе-теңдік сақталмайды. «Барахолка» сияқты базарларға тонналап шетелден тауар әкелінуде. Декларациядан өтпеген, сертификат алмаған. Шетелденкелген тауар үшін инвойс керек. Ол да толтырылмайды. Барлық елге есігіміз айқара ашық. Бір жағымызда Қытай мен Түркия, екінші жағымызда Қырғызстан бар. Жуырда ғана айыр қалпақты ағайын Еуразиялық экономикалық одаққа қосылды. Көршілес жатқан бұл елде халық саны 5,5 млн болса, соның 30 пайызы жеңіл өнеркәсіппен айналысады. Ол үшін бар жағдай қарастырылды. Кәсіпорын кез-келген салық төлемінен босаталыған.Себебі жеңіл өнеркәсіп халықты жұмыспен қамтамасыз ететін бірден-бір сала. Қырғызстан үкіметі осыны түсініп, кәсіпкерлерге еркіндік беріп отыр. Өндіріс орнында 200-ден астам жұмыс істесе де, жеңілдік қарастырылған. Біздегідей қосымша құнға салық, әлеуметтік салық деген жоқ.
Жас қазақ: Соңғы жылдары жеңіл өнеркәсіпті салықтан босату туралы мәселені жиі көтеріп жүрсіз. Қандай да бір нәтиже бар ма?
Любовь Худова: Ешқандай нәтиже жоқ. Бастапқыда «Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру үшін дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр»,-деп ұсынысымызды қабылдамады. Одан бері қанша уақыт өтті. Ал салықтан босатылған қырғыз кәсіпкерлері біздің нарықты жаулап жатыр.
Жас қазақ: Сіз бір сұхбатыңызда ішкі нарықта Қытай, Түркия, Үндістан елдерімен бәсекелесе аламыз депсіз. Қандай өніміміз бар бәсекеге түсе алатын? Біз осы қазіргі таңда Қырғызстан мен Өзбекстаннан қалып қойдық
Любовь Худова: Ия, солай. Мен сізге Қырғызстанның салық бойынша жасалған бір ғана жеңілдігін айттым. Оларда еркін экономикалық аймақ құрылған. Бұл да қосымша жеңілдік. Сондай-ақ үкіметтің шығарған қаулысына сәйкес, сырттан әкелінген матаға салық төлемейді. Шикізат арзан болса, сәйкесінше тауар да қымбатқа түспейді. Қазір сом қымбаттаса да, бізде шығарылған өнімге қарағанда ол жақта арзан. Мен «ішкі нарықта бәсеке түсе аламыз», — деп айтқаным рас. Ол шындыққа айналуы үшін біріншіден кедендік кодексе сай жұмыс істеуміз керек. Бәсекеге сай болу үшін өндіріс орындары тұраламау керек. Бізде тапсырыс болғанда ғана қондырғылар іске қосылады. Ақысыз уақытша демалыста жүрген қызметкерлер жұмысқа шақырылады. Оның өзінде барлығы емес. Бүгінгі жағдай осындай. Өндіріс орындары толығымен жұмыс істегенде ғана, ішкі нарықта бәсекеге сай боламыз.
Жас қазақ: Мәселеге тереңінен үңілейікші. Матаны сырттан алмай, өзімізде жасайық. Оған не кедергі? Жаңа өзіңіз айтқан Алматыдағы АХБК. Кезінде тек өзімізге емес, өзгелерге де мата жіберіп отырдық.
Любовь Худова: Біз соңғы бес жыл бойы «жүнді өзіміз өңдеуіміз керек» деп ұсыныс айтып жатырмыз. Бүгінде жүннің бар-жоғы 14 пайызы, терінің 30 пайызы ғана өңделеді. Қалғаны не шіріп жатыр, не болар болмас ақшаға сатылуда. Ауыл шарушығылы министрлігінің дерегі бойынша, терінің 60 пайызы қайда кетіп жатқаны белгісіз. Бұл өте үлкен шығын. Мәселен Белоруссия мен Ресей былғары шикізатының нарығын қорғау үшін, өңделмеген теріні шетелге экспорттауға тыйым салған. Үндістан мен Пәкістан да осы әдісті бұрыннан қолданып келеді. Есесіне дайын өнімді қымбат бағада саудалауда. Бүгінде еліміздегі былғары жасайтын кәсіпорынның 80 пайызының 20-30 пайызы ғана толық көлемде жұмыс істеп тұр. Қыруар қаржыға қайта жаңғыртудан өткен былғары зауыттары тоқтап тұр. Себебі шикізат жоқ.
Жас қазақ: Қалай шикізат жоқ?
Любовь Худова: Шикізат бар. Бірақ кейбір компаниялардың көмегімен тері Қытайға жіберілуде. Біздің мал шаруашылығымен айналысып жүргендер «ИП» ашып, бас қатырғысы келмейді. Қолма-қол ақшамен келгенге терісін өткізе береді. Ол отандық зауытқа ма, әлде өзге елге кете ме шаруасы жоқ. Бұрын алыс жатқан ауыл-аймақты аралап, тері, жүн жинап келетін. Оны қадағалайтын арнайы мекеме болды. Қазір ол жоқ. Соны қайта қолға алу керектігін айтып, ұсыныс жасадым. Алыпсатарлардың дәурені жүріп тұр. Одан мемлекетке де, шаруаға да пайда жоқ. Теріні 500 теңгеден сатып алып, өндіріс орнына 3000 мың теңгеден өткізіп жатыр. Бағасы шамамен 10 есеге өсіп отыр. Бұл кәсіпті заңдастыру керек екенін де айттық. Мен сізге тағы бір мысал келтірейін. 2015 жылы 2,6 млн тері өндірілді. Бірақ соның 0,112 млн данасы экспортқа жіберілген. 1,9 млн терінің қайда кеткенін ешкім білмейді. Сол себептен өңделмеген теріні өзге елге сатуға тыйым салу керек. Сонда тұралап тұрған зауыт іске қосылады. Дайын өнімге дейін жеткізбесек те, алғашқы өңдеу жұмысын өзімізде жүргізу керек. Ресей мен Белоруссия келесі кезеңге өтті. Олар өңделген шикізатты да сатуға болмайды деп отыр. Себебі дайын өнім, алғысы келеді. Егер де былғары өзімізден болса, аяқ киім тігетін фабрика импорттық тауарға тәуелді болмайды.
Енді жүн мәселесіне қатысты айтайын. Жүн кластерін құру туралы ұсынысты айтқанымызғабес жыл болды. Сіз жаңа «не себептен жүнді өзіміз өңдемейміз?» деп сұрадыңыз. Жүн өңдейтін өндіріс орнын ашу үшін 30 млн еуро керек. Бар өндіріс орнын кезінде жауып тастадық. Ал мұндай ірі жобаны жүзеге асыру тек мемлекеттің қолынан келеді. Еліміздегі жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпорындардың 90 пайызы шағын және орта кәсіпке жатады. 17 ірі, 30 орта, 870 шағын кәсіпорын бар. Сол ірі кәсіпорыннын өзі мемлекетке қарасты емес. Шағын кәсіпорынның ірі жобаны жүзеге асыруға барлық тұрғыдан мүмкіндігі жоқ. Үкімет «бұл бизнестің жұмысы, өздерің ұйымдастырып жүзеге асырыңдар», — деп отыр. «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы» заң бар. «Сол бойынша жұмыс істейік», — деп айттық. Себебі жеке 10 компанияның басын қоссақ та, нәтиже оңды болмайды. Сол заң аясында мемлекет өндіріс орнын ашуға кететін шығынның тек жартысын көтерсін. Ертең жұмысы жүргенде мемлекеттен үлесін сатып алады. Мega ойын-сауық орталығына ақша бөлеміз де, жеңіл өнеркәсіп «тиімсіз»деп қарағымыз келмейді. Сол орталықтарда отандық өнімге басымдық берілсе мейлі ғой. Мәселен,Жапония мен Корея дүкендерде отандық өнімнің үлесі 80 пайыз. Сауда орталығы керек, алайда отандық өндірушілердің онда кіруі бір қиямет. Барлық елде алдымен өз өніміне басымдық береді. Бізде ғана сауда орнын ашып, шетелдік тауарға төрден орын беріледі.
Жас қазақ: Қазір арнайы киімдер ғана тігіледі. Glasman,«Алтын адам» сияқты отандық брендтер бар. Олар да матаны шетелден ала ма?
Любовь Худова: Біздегі барлық тігін фабрикасы импорттық шикізатпен жұмыс істейді. Бізде түйме, жіпке дейін жоқ. Бәрін сырттан аламыз. Арнайы киімге ғана түйме бар. Бір қауантарлығы, сол арнайы киімді тігіп жатырмыз. Мұнай компаниялары, басқа да өндіріс орындары жетерлік. Соған жеткілікті түрде тігіп отырсақ, ол да жаман емес. Бұл нарықты ешкімге бермеуіміз керек.
Жас қазақ: Жеңіл өнеркәсіпті қолдау мақсатында сан түрлі мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Қандай нәтиже беріп жатыр?
Любовь Худова: Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын қабылдағанда жеңіл өнеркәсіпке басымдылық беруді сұрадық. Арнайы кешенді бағдарлама қабылданды. Содан бері шамамен 3-4 жыл өтті. Бұл уақыт аралығында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Корея тоқыма өндірісінің державасына айналуы үшін 50 жыл кетті. Олар бастапқыда елдің даму жолын бірден айқындап, жеңіл өнеркәсіптен бастады. Кейіннен машина құрылысы, IT технологияны да жоғары деңгейге көтерді. Корея бүгінде ең жоғары сападағы мата шығарады. Қытай да даму жолын жеңіл өнеркәсіптен бастаған.
Жас қазақ: Ал біз ше?
Любовь Худова: Біз 3-4 жылда бәрін жасап тастағымыз келеді. Қағаз жүзінде есеп береміз де, бұл саланы ұмытып кетеміз. Қазір салалық бағдарлама жоқ. Қайда барамыз? Не істейміз? Бұл сауалдың жауабын ешкім білмейді.Кешенді жоспар бар. Бірақ салалық бағдарлама жоқ. Есептеп нақты қандай нәтижеге қол жеткізетініміз айтылмаған. Осы уақыт аралығында мынанша зауыт, фабрика іске қосылады деген нақты мәселе қарастырылмаған. Бізде бәрын бөліп қарайды. Мәселен малды алайық. Оның сүті мен еті болса, терісі мен жүні де бар. Осы жерде ауыл шаруашылығы министрлігі мен инвестиция және даму министрлігінің жұмысы бірікпейді.. Ортақ келісім жоқ. Осы аптаның аяғына таман жиналыс өтеді. Сол кезде біраз мәселе қарастырылады. Теріні шетелге сатпау мәселесі де шешілу керек.
Сұхбаттасқан Елдос Өмірзақұлы